Қызым, қасыңдағы адамдар қандай?

Газет мақаласы Aikyn 115

Таңдау құқығы бар дүниенің бәрі жақсы. Қолайың мен ыңғайыңа қарап, талғауға рұқсат. Соның ішінде, билет аларда жынысына қарай орын алуға мүмкіндік туса, тіпті құба-құп. Мейлі пойыз не автобус болсын, мінерде көршіңнің ер не әйел екенін алдын ала білген дұрыс. Мұндай ұсыныс бірлі-екілі көтеріліп, жазылып жүр. Қазіргі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі былтыр мұндай бастаманы көтерген еді. Әйтсе де, сол ұсыныс аяқсыз қалды. Зорлық-зомбылықты азайту үшін ғана емес, жолаушының қолайы үшін қызметтің осы түрі қосылса неткен ғажап болар еді?! Әрі ата-ана баласы үшін «қызым, қасыңдағы адамдар қандай?» деп уайымдаудың да қажеті болмайды.

Қызым, қасыңдағы адамдар қандай?

Өткен жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне жол түсті. Дубай­дың метросы жер үстінде жүреді дегенді білетінбіз. Сөйтсек, ерек­шелігі көп екен. Ең басында «пре­миум» вагон бар. Бағасы сәл қымбат, іші жайлы, орын саны аз. Одан кейінгі вагондарда тек әйелдер мен балалар отырады. Әлбетте, мұсылман мемлекетінде ер мен әйелдің бір жерде отыр­май­тыны түсінікті. Қызғылт түс­пен белгіленген вагонға кіріп кет­кен ер адамға айыппұл са­лы­нады. Өте ыңғайлы екен деп там­сандық. Осы тақырыпқа кі­рі­серде тағы қандай мемлекетте жынысына қарай орын алуға болатынын іздеп көрдік. Ондай ел көп екен.

Жапонияда зорлық болмауы үшін жынысына қарай бөлек вагондарға орналастыру үрдісі бұрыннан қалыптасқан. Ол жақ­та қырындағаннан ләззат алатын ерлерді – «тикан», әйелдерді «тидзё» дейді екен. Әйелдер ваго­нына адам аяғы көп жүретін, қар­балас кезде ерлерге кіруге тыйым салынған. Бірақ басқа кездерде де ер адамдар ол жаққа бас сұғуға аса құштар емес деседі. Тек әйелдер отыратын вагон, әлбетте, қолайлы. Қыз балаға құрмет көрсететін жапондар олар­ға жайлы болу үшін жағдай­ды барынша жасап қойыпты. Бұл жерде қауіпсіздік мәселесінің де бірінші кезекке қойылып тұрға­ны хақ. Адам лық толы болса, қимыл-қозғалыс қиындайды. Сон­дай сәтті пайдаланып, қыз­құмарлар небір амалдар жасауы мүмкін. Соның алдын алуға бұл – жақсы әдіс. Халық саны көп елдерде қоғамдық көлікте көмек­ке шақыру да қиын. Өйткені шу­дан ештеңе естілмейді. Дерек­терге қарасақ, Жапонияда жыл сайын мыңдаған ер адам арам дәмесі үшін түрмеге тоғытылады екен. Осыны ескерген билік өкіл­дері бөлек вагондарға орналас­тыру туралы шешім қабылдапты.

Әйелдердің зорлану фактісі Үндістанда да көп. Демек, әйел­дер вагоны болуы тиіс. Сөйтсек, шамамен, әр пойызда арнайы вагон бар екен. Мұнда да ерлер кіруге аса ұмтылмайды деседі. Тіпті бір туристің айтқан мына сөзі жүзімізге күлкі үйірді: «Ерлер мен әйелдер вагонын бөлетін жерде арнайы тұрып көрдім. Зерт­теп көргім келді. Әйелдер вагоны қажет екен. Бұл тек қауіп­сіздік үшін ғана емес. Жалпы мұндай бастаманы қолдаймын. Ерлер жаққа бағытталған оң құлағыма дөңгелек дыбысы мен аракідік өзара әңгімелер естіліп тұрды. Ал сол жақ құлағыма қиын болды. У-шу өте көп. Құлағым­ның барабаны жарылып кетпесе игі деп тұрдым. Тоқтамай сөйлей береді екен. Тап шыным. Орта кластағы үнді әйелдері көбіне ұяң әрі жуас болмайды. Бір-бірімен айқайласудан да тайынбайды. Балалардың шулағаны – бөлек әңгіме» деген екен.

Вагон ішінде сексуалды алым­сақтыққа ұшырайтын әйел­дері көп елдің келесі бірі – Бра­зилия. Риода да әйелдерге ар­налған қызғылт вагон бар деседі. Адам көп кезде ғана шектеу қойылады. Тіпті ер адам аяғының ұшы тимесін деп қаруланған күзетшілер тұрады екен. Кейде күштеп кіруге беттейтіндер бол­ғасын осындай шара қолданы­лады. Ал өзіме жауап бере аламын дейтін әйелдер әдеттегі вагон­дарға отыра алады. Қайбір жыл­дары журналист қызды зорлауға амал қылған факті белгілі болды. Тілші әлеуметтік желідегі парақ­шасына шалбарының ылғал­данған суретін де жариялаған болатын. Оңтүстік және Сол­түстік Америкада да бөлек ва­гондар тәжірибесі қолданылады. Өйткені адам көп жүретін кезде абайсызда қолы тиіп кетсе де, «зорлауға әрекеттенді» деп ша­ғымданатын әйелдер бар екен.

 

Садық ШЕРІМБЕК,
IT маманы:

 

Біздің қоғамға қажет бастама

– Анаммен сапарда жүрге­німізге – үш ай. Осы уақыт ішін­де 7-8 мемлекетте болдық. Бір­неше елде RedBus деген қосым­шаның көмегіне жүгіндік. Бұл – билет сатып алуға арналған қа­ла­аралық сервис. Ерекшелігі сол – орынды әйел не ер адам алғаны көрініп тұрады. Яғни билет алар кезде сіз жынысыңызды белгі­лейсіз. Жал­пы заң жақсы жұмыс істейтін ел­дерде мұндай практи­каның қажет болмауы да мүмкін. Бірақ біздің қоғамда, біздің мен­талитет шеңберінен қарағанда мұндай бастаманың жүзеге асы­рылғанын қолдаймын. Бұл жерде мәселе әйелдің ер адамдармен бір купеге түсіп қалуы ғана маңызды емес. Айталық, өзімнің де әйел­дердің ортасында отырып қалған кезде­рім болған. Әрине, бұл ма­ған да белгілі бір деңгейде дис­ком­форт туындатуы мүмкін. Бірақ ең бас­тысы, сол жерде менің отырға­нымнан басқалар өзін ыңғайсыз сезінбесе деймін. Мұндай сервисті енгізудің тех­никалық қиындығы жоқ. Әрі кетсе, бір базаның ғана мәселесі. Сондықтан мұны енгізу біз үшін әлдеқайда пайдалы болар еді деп есептеймін.

 

Бекзат МАҚСҰТ,
сарапшы:

 

Халықтың ыңғайына иілетін кез келді

– Қайбір жылы Діни бас­қарманың бір қызметкері ҚТЖ-дан вагон ішінде әйелдер мен еркектерді бөлек орналастыру мәселесін көтеріп еді. Содан қазанның қақпағы жабулы күйінде қалып, ұмытылып та кетті. Жалпы, бұл бастаманы кім кө­терсе де, мейлі ол діндар, ли­берал, атеист болса да, тұтыну­шының құқығы есепке алынып, ескерілуі қажет еді. Тіпті қазіргі технологиялық мүмкіндіктермен мейлі ол сайт болсын, мейлі мо­байл қосымша болсын әйел мен еркекке қолайлы орын жа­сау қиынға соқпайды деп ойлаймын.

Қоғам болған соң, тұрғылық­ты жеріміз не жолға қарамастан әртүрлі келеңсіз жайттар алып жататыны белгілі. Қанша рет Астана мен Түркістанның ара­сында автобуспен келе жатып, арт­қы жағы ішіп, мас болып басқа жолаушылардың мазасын алғанына да куә болдық. Жұ­мыстан босамай, бала-шағаны ауылға жіберер кезде купеден билет алуға тура келгенде екіле­ніп, плацкартқа талай рет билет алдық. Себебі купеде қандай адамдардың отыратыны белгісіз. Бір әйелмен үш еркек тура келіп қалса, қауіпсіздікті бір шетке қойғанның өзінде әйел үшін ол қолайсыздық тудырады. Бауыр­лас Түркияны көп араламасам да шаруалармен қаладан-қалаға ба­руға тура келетін кездер бо­лады. Мұндағы ең жетілген дү­ниелердің бірі – автобустар. Көліктердің 70-80 пайызы жаңа деп айтуға болады. Сайттан не арнайы қосымшалар арқылы кіріп, билетті ыңғайыңызға қа­рай таңдай аласыз. Қасыңыздағы көршіңіздің жынысын көре аласыз. Сайттардың алгоритмі де жынысыңызға қарай орындықты таңдауға бағыттап жібереді.

Бір қызық жайт – автобус фирмаларын таңдағанда халық оның басшылығына да мән береді. Мысал үшін, «Камил коч» деген фирмаға шартты түрде айтқанда либерал-демократтар, діншіл емес, батысшыл секу­лярис­тер көбірек билет алады. Түркияда бұл сыныпқа «сосиети» деп жатады. Соның өзінде билет таңдауда әйел мен еркек иеленген орындықтар көрініп тұрады. «Памуккале» деген тағы бір фир­ма бар. Оған діншіл-діндар қабат көбірек билет алады деп естідім. Әрине бұл салыстырулар – қатып қалған қағида емес. Әркім кез келген фирманы таңдай алады. Өзім бірқатарының қызметін пайдаланып көрдім. Бағалары біздікімен салыстырғанда қым­бат, бірақ сол бағаға сәйкес қыз­мет көрсетуге тырысады. Негізі айтпағым, осындай қызмет түр­лерін бізде де тұтынушыдан жа­сырмай, ашық етіп жетілдірсе екен. Халықтың ыңғайына мем­лекеттік не жеке бизнес секто­рының иілетін кезі келді.

     

ТАҚЫРЫПТЫҢ ТОҚЕТЕРІ: 

Қазақстан секілді жер көлемі үлкен, Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан ел үшін жол мәселесі ауыртпалыққа толы. Өйткені демде жететін ұшаққа билет алуға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Пойызбен оңтүстіктен шыққан адам батысқа үш тәулікте барады. Осындай ұзақ жол барысында зорлыққа ұшырайтындар да аз емес. Үмітін үкілеп қызын сапарға аттандырған ата-ананың баласы үшін уайымдауы – заңдылық. Міне, сондай кезде жынысына қарай орын таңдаудың қандай маңызды екенін білуге болады. Бәлкім, соңғы кездері жиі орын алып жатқан жағымсыз жағдайлар ескеріліп, бұл ұсыныс күшіне ене жатар. Біздің үміт – осындай.