Әл-ауқаты халықтың жақсарар күн жақын ба?

Елімізде табысы аз, көпбалалы, әлеуметтік ахуалы төмен және басқа да санаттағы азаматтарды қолдау үшін бағдарламалар түзіліп, ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Баспана мәселесі де бүгінгі күні «күйіп» тұр.

Әл-ауқаты халықтың жақсарар күн жақын ба?
Фото: Informburo-дан алынды

Осы түйткілді оралымды шешу жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл мақсатта халықтың аз қамтылған тобы үшін жалдамалы баспана құрылысының көлемі екі есе арттырылатын болады. Яғни, жылына 20 мың пәтерге дейін және жұмыс істейтін жастарға әзірше үш есе, жылына 3 мың пәтерге дейін салынады» деген болатын. Және де Қ.Тоқаев аз қамтылған отбасылардың балаларын әлеуметтік қолдау шаралары жүйелендірілетіндігі туралы: «Ыстық тамақпен, тегін жол жүру мүмкіншілігімен, мектепке қажетті құралдармен қамтамасыз етіліп, қоғам мен демеушілерді кеңінен тарту арқылы «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы жан-жақты жүзеге асырылады», – деді.

Бүгінде тапсырмалар беріліп өңірлерде тиянақты жұмыстар атқарылып жатыр. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында 5 мыңнан аса отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Сонымен бірге, көмекке мұқтаж жандарға жұмысқа орналасу, көпбалалы отбасылардың балаларын балабақшаға орналастыру, мектепте тегін тамақтандыру сияқты шаралары да қолға алынған. Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина «Елордаинфо» тілшісіне айта келе, кейбір әйелдердің негізсіз талап қойып, әкімдік қызметкерлерін заңсыз жолмен жеке бастарының мәселелерін шешуге итермелейтіндер бар екендігін жеткізді. Ол: «Нақты айтқанда 14-15 әйел азамат бар. Олар 15-20 млн теңге несиесін жауып беруін талап етеді. «Заңсыз жолмен баспана алып беріңдер» дейді. Өзіңіз білесіз, қалада 47099 адам баспана кезегінде тұр. Әкімдікке келіп айқайлағанның бәріне пәтер беріле берсе, әділет қайда қалады? Біз құқықтық мемлекет емеспіз бе?! Заң бәріне ортақ», – деді.

Әрине бұндай жолмен ешқандай мәселе шешілмесе керек.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов де әлеуметтік мәселемен қала тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға басқарма басшылары, аудан әкімдері мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» өкілдері қатысып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, 5 баланың анасы Жанарға «Мектепке жол» акциясы бойынша балаларын оқу орнына жинауға көмек көрсетілетін болады. Жұмысқа орналасқаннан кейін және алты айлық жалақысының бір бөлігі зейнетақы қорына аударылғаннан кейін ол «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтініш бере алады.

Сондай-ақ, қала тұрғыны, 8 баланың анасы Бақтыгүл қабылдаудан кейін баласының балабақшаға орналастыру туралы сұрағы он шешім тапқан. Оның «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтініш беруіне толықтай мүмкіндігі бар.

Өз кезегінде Нұргүл жеке мәселесі туралы айтып берді. Нұргүл тұрғын үйге кезекке тұра алмайды, себебі оның атында апатты деп танылған үй бар. Әкімдіктің тапсырмасы бойынша жауапты тұлғалар барлық мәліметті анықтап, әйелдің бағдарламаға қалай қатыса алатынын анықтап береді.

Қала әкімі көпбалалы, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен, аз қамтылған отбасылармен жүйелі түрде кездесулер өткізіп тұрады. Бір ай көлемінде өткізілген азаматтарды қабылдау кезінде қала әкімі 200-ден астам адаммен кездессе, 700-ден астам сұрақ бақылауға алынған.

Халықты толғандырған әлеуметтік мәселелердің орындалуы туралы «Айқын» газеті бетінде алдағы уақытта да жазып, талқылауға ұсынып отыратын боламыз.