Қазақстанда нан бағасы қымбаттай ма?

Егін жинау науқаны аяқталып қалды.Астықтың өнімділігі орташа есеппен гектарына 4-5 центнер. Аптап ыстық салдарынан бірқатар егіс алқаптары күйіп кеткен.

Қазақстанда нан бағасы қымбаттай ма?

Диқандардың айтуынша, егістік жерлердің топырағы құнарсызданған. Үкімет жиын-терім аяқталған соң астық пен дәнді-дақылдардың нақты есебін жариялайды. Бұл туралы 20 қыркүйекте Алматыда өткен ҚР Парламенті Сенатының көшпелі отырысында мәлім болды.

– Биыл өте қиын болды. Егін егу және тыңайту жұмыстарын дер кезінде бастадық. Бірақ егін жоспардағыдай шықпады. Жылдағыдан 3 есе көп өнім аламыз деп ойладық. Дегенмен, былтырғымен салыстырғанда астық көлемі 15 пайызға аз шықты. Күннің ыстығы қатты әсер етті. Қазір Солтүстік өңірлерде жаңбыр жауып, жиын-терімге кедергі келтіріп жатыр. Астықты судай жинап жатырмыз, әрине бұл да сапаға әсер етеді. Дегенмен, қанша өнім алғанымызды қамбаға құйғанда нақты айтамыз, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.

Жоспар бойынша биыл 20 млн тонна астық жиналу керек болатын. Егілген барлық дақылдардың көлемі 22,2 млн гектарды құрады. Оның ішінде бидай 6 млн гектар аумаққа себілді. Әзірге жиналған өнім көлемі – 9,2 млн тонна. Бидайдың шықпауы нан бағасына әсер етуі мүмкін. Бірақ әзірге қанша теңгеге қымбаттайтыны белгісіз.

– Нан бағасы көтерілмеуі үшін «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» тоннасы 62 мың теңгеден астық сатып алу науқанын жариялады. Дегенмен, бұл бағаны көтеру қарастырылып жатыр. Ал нан бағасына келсек, әзірге 75-78 теңге шамасында болып қала береді. Қазір нанның құны қаншаға көтерілетінін дөп басып айту қиын. Өйткені оның бағасы әр өңірде әртүрлі. Шаруалар бидайды өз бағасымен сатқанымен, наубайханашылар құнын қымбаттатып жіберуі мүмкін. Біз әрине бағаны қазіргі күйінде ұстап қалуға тырысамыз. Бұған жергілікті әкімшілік және Сауда министрлігі де жауапты болуы керек, – деді А.Сапаров.

Десе де, вице-министр қазақстандықтардың нан мен ұн өнімдерінен тарықпайтынын айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілердің айтуынша, биыл 7 млн тонна өнім экспортталмақ. Қазақстандық бидайға, 50-дей шет мемлекеттен тұрақты сұраныс бар.

Негізінен қазақстандық бидай мен ұнды Орталық Азия елдері көп сатып алады. Жалпы егін жинау науқанына биыл 395 мың тонна арзан жанар-жағармай бөлінген. Министрлік өкілінің айтуынша, егер жиын-терім кезінде күн жаңбырлы болса, дәнді-дақылды кептіргенге қосымша жанар-жағармай бөлінеді.