32 аурухана 25 жылда қарызды қайтара ала ма?

Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде аурухана құрылысында Түркияның тәжірибесін пайдалануды көздеп отыр.

32 аурухана 25 жылда қарызды қайтара ала ма?
Фото: Интернеттен алынды

Үкімет отырысында  Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа әдіс нәтижелі болатынын айтты.

– Биыл сәуірде төрағалығыммен Ұлттық экономика және Қаржы министрлігінің өкілдерімен бірлесіп, Түркияда сәтті іске асырылып жатқан мемлекеттік-жекешелік әріптестік моделін зерделедік. Түркияның 2010-2023 жылдарға арналған МЖӘ-сі госпитальдық бағдарламасы жалпы қуаты 44 мыңнан астам төсек-орындық 32 ірі көпбейінді аурухана салуды қамтиды. Бағдарлама халықаралық қаржы институттарының қаржылық және консультативтік қолдауымен іске асырылады, – деді министр.

Министрдің айтуынша, нысандарды салу жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін, салынған қаражатты мемлекет 25 жыл ішінде қолжетімділік үшін ақы төлеу арқылы қайтарады.

– Тараптардың тәуекелдерін бөлуге мүмкіндік беретіндіктен, бұл схема әлемдегі барынша кеңінен тараған. Осыған байланысты, бірінші кезеңде қанатқақты жобалар ретінде Қарағанды, Алматы, Петропавл және Нұр-Сұлтан қалаларында 5 ірі көпбейінді медициналық кластерді іске асыру ұсынылады. Бұл нысандар әлеуметтік маңызды және басым бағыт болып саналады, – деді Елжан Біртанов.

Министр Түркия тәжірибесін пайдалануда инфрақұрылымдық модель бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігіне де тоқталды.