Донор болу – алғыссыз ерлік

Газет мақаласы "Айқын" газеті №92

Жер жүзінің әрбір үшінші тұрғыны қанға мұқтаж. Орта есеппен әр күн сайын 300 адамға қан құйылады. Адам ғұмырына ауадай қажет қанға зәру жандарға, өмір мен өлім арасында жатқан науқастарға екінші өмір сыйлау – сауапты іс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен 2005 жылдан бері 14 маусым Донор күні ретінде аталып өтеді. Бұл атаулы күн адамның қан тобын алғаш болып анықтаған физиология, медицина саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, австриялық иммунолог Карл Ландштейнердің құрметіне белгіленген.

Донор болу – алғыссыз ерлік

Әлем халқы бұл күні демалмай­ды, мереке тойламайды. Себебі, бұл ізгіліктің баршаға, жақсылық­тың мұқтажға бұйырар күні. Бойындағы тамшы қанын зәру жандарға «сыйлайтын» құрметті жандар бар. Олар – донорлар.

Ересек адамда 5,5 литрге жуық қан болады. Негізінде, донордан 450 милилитр қан алынады. Қан тапсырудың адам ағзасына тигі­зер пайдасы ұшан-теңіз. Қан тап­сырылған сайын адам бойын­дағы қан тазарып, жаңарады. Бұл өз кезегінде көптеген аурулардың алдын алады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұрақты түрде қан тапсыратын донорлар­дың өмірі шамамен 5 жылға ұза­рады екен. Ал бір рет қан тапсыр­ған донор орта есеппен үш адам­ның өмірін құтқарады. Бұл қо­ғамға ғана емес, қан тапсырушы адам үшін де пайдалы. Донорлар СПИД, сифилис, қандағы ге­могло­бин мөлшерін, қан тобы мен резус-факторын анықтау сын­ды талдау түрлерін тегін жа­сата алады. Қан тапсырған күні студенттер мен оқушылар сабақ­тан, жұмысшылар жұ­мы­сынан босатылады. Заң жүзінде еңбек­ақы­сы сақталатын екі күндік дема­лыс беріледі.

Донор болу үшін айтарлықтай көп талап та қойылмайды. Ең алдымен, жасыңыз 18-ге толуы керек. Орта есеппен қанның құрамдас бөліктері тромбоциттер мен плазма тапсыру арасы 14 күннен кем болмауы қажет. Ал толық қан доноры болған кезде 60 күнде бір рет тапсырып тұру керек.

Қан тапсырмас бұрын донор, алдымен, медициналық тексеру­ден өтеді. Дәрігерлердің айтуын­ша, қан тапсыратын адам майлы тағамдар мен ет-сүт өнімдерінен бас тарту қажет. Керісінше, тәтті шай, шырын, газдалған сусын ішкен абзал.

Республикалық трансфузио­логия ғылыми-өндірістік ор­талығының дәрігері Зәуреш Әлменовадан Донор күнінің ерекшелігі жайлы сұрадық.

Биыл Донор күніне орай 14 маусым күні Ханшатыр ойын-сауық орталығында акция өтеді. Мақсаты – донор қанының қауіп­сіздігі жайлы мағлұмат беру.

– Жыл сайын Денсаулық сақтау ұйымы Донор күнінің жаңа ұра­нын белгілейді. Биылғы ұран «Баршамызға қауіпсіз қан!» деп атал­ды. Ел арасында қан құю арқы­лы вирус жұқтырып аламын деген қорқыныш бар. Сондықтан осы ұран таңдалып отыр. Мұндай қорқынышқа негіз жоқ. Себебі, донордан қан алынғаннан кейін ол бірнеше мәрте тексеруден өте­ді. Қан құрамындағы қауіпті вирус­тар жойылып, қан құрамы сүзгіден өтеді. 2018 жылы елімізде 200 мыңнан астам адам донор болып, қан тапсырды. Соның 18 мыңы – үш реттен көп донор болғандар.

Биыл Донор күніне орай 14 маусым күні Ханшатыр ойын-сауық орталығында акция өтеді. Мақсаты – донор қанының қауіп­сіздігі жайлы мағлұмат беру. Жыл сайын белсенді донорларға «Ден­саулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» деген төсбелгі табыс­талады. Шара барысында өмірінде 40-тан көп қан немесе 70 рет плаз­ма тапсырған донорлар Пармбек Сарыбасов, Галина Акситина, Ирина Иванова осы төсбелгімен марапатталады, – дейді ол.


Осы күні жастар арасында 20-дан артық донор болған 6 аза­матқа Қан орталығының естелік сый­лық­­тары мен грамоталары бері­леді. Сондай-ақ донорларға жағ­дай жасап, түсіністік танытып жүрген мекеме басшыларына да алғысхаттар табысталады. Зәуреш Әлменованың айтуынша, Қан орталығында көшпелі топ жұмыс істейді екен. Яғни, орталық ма­ман­дары қаладағы мекемелермен алдын-ала келісім жасап, сол мекемеде донор күнін өткізеді.

Қазіргі таңда қан тапсыру абы­ройлы іске айналды. Қоғамы­мыз­да саналы ғұмырын адам жаны­ның арашасы болуға арнаған адам­дар аз емес. Соның бірі – елі­міздің құрметті доноры Александр Скаковский. Ол қан тапсырудың көптігі жөнінен австралиялық до­нор Джеймс Харрисоннан кейін әлемде 2-орында тұр. Джеймс Харрисон өмірінде 1 173 рет қан тапсырып, 2 млн адамның өмірін сақтап қалған.

Александр Скаковский қазір 73-ке келді. Қан тапсырып келе жатқанына 48 жыл болған. Жарты ғасыр ішінде 1 100 рет қан тап­сырыпты.

– Жастайымнан ішімдік пен шылымға әуес болмадым. Алғаш рет қан тапсыру арқылы жас ана мен баланы өлімнен арашалап қалдым. Бұл 1971 жылдың 12 шіл­десі болатын. Содан бері қан тапсырып тұруды өзімнің пары­зым деп есептеймін. Болашақта да ерікті плазмалық және им­мундық донор болып қала бе­ремін. Осынша көп мөлшерде қан тапсырғаныма қарамастан, өзімді жас әрі жақсы сезінемін, – дейді ол.

Бүгінде елімізде Александр Скаковский секілді қан тапсыруға ерікті азаматтардың қатары артып келеді. Соның бірі – Нұртас Сапаров. Оның қаны талай адамды ажалдан арашалап қалды. Алайда 5 жылға созылған «ерлігі» үшін ешкімнен ешқандай алғыс күтпейді.

– Бала кезден «қолыңнан кел­генше жақсылық жаса» деген сөз­ді құлаққа құйып өскенмін. 25 жасымнан бастап жылына 4-5 рет қан тапсырамын. Қан тап­сыруда айтарлықтай талаптар қойылмайды. Донор болу арқылы сіз біреудің өмірін құтқарып қа­луыңыз бек мүмкін. Сауапты іс­тен құр қалмай, алғысқа бөле­нуге не жетсін! – дейді Нұртас Сапаров.

Шетелдік сарапшылар мәлім­деуінше, Қазақстандағы қан тапсыру қызметі ТМД елдері ара­сында қан дайындау, оны өңдеу бойынша үздік бестікке кіреді. Нақ­ты айтсақ, еліміз донор сала­сы бойынша көш ілгері. Мил­лион­даған жан ғұмырында өзі ешқашан жүзін көрмей, өтеуіне ешқандай сый дәметпей, ерікті түрде қан тапсырған адамдардың алдында қарыздар.



Көктем ҚАРҚЫН