Табиғат тоқыраса, ол – бір түрме

Газет мақаласы "Айқын" газеті №103

Қазақ халқының ежел­ден-ақ табиғатпен тынысы бір болған. Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыздан бастап, халықтық мерекелердің көбі қоршаған ортамен байланысты болып келеді. Табиғаттағы құбылыс­тарды жіті бақылап, оларды тіршілігінің ұстыны еткен көшпелі ата-бабамыз Жер ананы аялауды ұрпаққа аманаттап қалдырды.

Табиғат тоқыраса, ол – бір түрме

Алайда қазақтың басынан бостан заман ауып, бодандық кезең туғанда бұл аманаттың орындалуына тоспа қойылды. Мына бір ғана мәлімет көп жайт­тан хабар береді: 1937 жылы қа­былданған Қазақ КСР-інің тұң­ғыш Конституциясында қор­шаған ортаның қорғау туралы бір де бір бап болмаған. Кеңес тұ­сындағы кейінгі конституцияда бұл үрдіс жалғасты.

Мұның мәні мен астары да мәлім еді. Қазақ жерінде ауыр өнер­кәсіптің ірі зауыт-кәсіпо­рын­дарын орналастыру, кен орын­дарын игеру кезінде бүкіло­дақтық ведомстволар республи­каның экологиялық тазалығын сақтауға еш қамқорлық таныт­пады. Керісінше, қоршаған ор­та­ға зияны көп, тоза бастаған тех­нологиялар кеңінен пайдала­ныл­ды. Қалаларда экологияны қор­ғаудың, өнеркәсіптік улы қалдық­тарды жоюдың және қайта өң­деу­дің кешенді шаралары қарас­тырылмады.

Бірақ бұл табиғатпен біте қай­насқан ұлтымызға келген нәу­бет­тің басы ғана екен. Американы әскери салада артта қалдыруды мақсат еткен Сталиннің қолдауы­мен, 1946 жылдың 14 қарашасында КСРО Министрлер кабинетінің қаулысы негізінде әлемдегі ең алып сынақ алаңы – Семей ядро­лық полигоны құрылды. Полигон әрекет еткен жылдары 343 жерас­ты, сондай-ақ 200 жерүсті және әуе­дегі жарылыстар жүзеге асы­рылған.

40 жыл бойы жүргізілген ядро­лық қару-жарақ сынақтары адам­дарға алапат қасірет әкелді, қор­шаған ортаға орны толмас зар­дабын тигізді. Халық арасында сыр­қат пен өлім-жітім­нің күрт өсуіне соқтырды. Тек Семей өңі­рі ғана емес, поли­гонмен жапсар­лас жатқан Пав­лодар, Шығыс Қазақстан және Қа­рағанды облыстары экология­лық апат аймағы деп танылды. Ға­лым­дардың айтуынша, ядро­лық жарылыстар салдарлары кейінгі ұрпақтарда да көрініс табуы ықтимал.

Бұдан кейін 1954 жылы бастау алған Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны да экономикалық, әлеуметтік-демографиялық кесапаттары сыр­тында табиғатқа зор соққы бо­лып тиді. Көрсеткіш қуалау ке­сірінен алқаптар түгіл, тіпті қо­рым­дар, тарихи-мәдени құн­ды­лығы бар аумақтар, тау етегіне де­йін түрен салынып, аяусыз жыртылды.

Бастапқыдағы жоспар үш есе аз болғанына қарамастан, 1954-1961 жылдары 40 миллионнан астам гектар жердің топырағы асты-үстіне түсіріліп, аударып тас­талды. Экологиялық теңге­рім­ді бұзу ауыр залалға әкелді. Қазақ жері құнарынан айырылып, шөл басу үдерісі үдеді. 1960 жылға қарай тек республикамыздың солтүстігінің өзінде 9 миллион гек­­тардың топырағы жел эрозиясына ұшырап, құнарын жоғалтты. Бұл бүкіл Францияның ауыл шаруа­шылығы аумағына тең. Жерді терең жырту ақыр соңында түгін тартсаң майы шығатын жерлердің құрылымын нашарлатты.

Тың көтеру жылдарында бір­де-бір қорық жаңадан ашылмады. Керісінше, қолданыстағыла­ры­ның біразы жабылды, ал олардың аймағына түрен салынды. 60-жылдары Ұлы дала үстінде ұйытқыған құмды дауылдар да апаттық сипат алды.

Топырақтану ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының дере­гінше, жерді ұтымсыз өңдеу және өнеркәсіптік ластау нәтижесінде, Қазақстан аумағының 66 пайызы шөлейттенуге душар болды.

Кеңес Одағының орталық министрліктері ҚазКСР-інің қор­шаған ортаны қорғауға деген мұқтаждықтары мен мүдделерін елемеу тұрмақ, қасақана аяқасты етті, республика басшылығына бұл бағытта кешенді жұмыс жүргі­зуге көпе-көрнеу кедергі жасады.

Каспий жақтағы Азғыр поли­гонының, қаптаған әскери сынақ алаңдарының, аспанды тескен «Байқоңыр» ғарыш айлағының да экологиялық зияны зор болды.

Арал проблемасын бүкіл әлем біледі. Судың ысырап етілуі, те­ңізді толтырар дариялардың тиім­сіз пайдаланылуы, суару жүйе­леріне арналған бөгендер құры­лы­сында стратегиялық шешім­дердің ойластырылмай қабыл­дануы, директивті жоспарлау ақыры теңіз табанының 27 мың шаршы шақырымға жалаңаш­тануына, судың 65 пайызға азаюы­на әкелді. Құрғаған Арал шаң мен тұзы аралас дауылдар туатын ошаққа айналды. Бұл ге­па­тит, туберкулез секілді індет­терді ушықтырды, ал өңірдегі қатерлі ісік ауруларының саны одақтық көрсеткіштен 15 есеге асып түсті.

Қазақстан егемендікке қол жеткізіп, дербес даму жолына түскеннен кейін ғана бұл түйткілді мәселелердің түйінін тарқату мүмкін болды.

Жақында, 21 маусымда елор­да­да өткен «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғы­лыми-практикалық конфе­рен­цияда Елбасы Н.Назарбаев тә­уелсіздік жылдары Қазақстан қоршаған ортаны қорғау үшін теңдессіз шаралар қабылдағанын еске салды. Тұңғыш Президенттің ең алғашқы шешімдерінің бірі – Семей ядролық полигонын жа­буға қатысты болды. Елімізді орасан зор экологиялық апатқа ұшыратқан осы ядролық сынақ полигонын жабу үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Мұны Елбасы Кеңес Одағының әскери-өнеркәсіптік кешенінің үзілді-кесілді қарсылығына қарамастан, бұл істі ілгерілетті.

Мемлекетіміз Арал теңізінің солтүстік бөлігін құтқару үшін нақты шаралар қабылдады. Арал­ды құтқару халықаралық қоры­ның белсенді атсалысуымен орта­лықазиялық осы теңіз бассейнін дамытуға бағытталған үш бағдар­лама жүзеге асырылды. Соның арқасында Аралдың төңірегіндегі халықтың тұрмысы жақсарды. Жергілікті тұрғындар осы өңірден көшіп кетпей, тұрақтап қала бас­тады. Мұнда балық шаруа­шы­лы­ғы қалпына келтірілді. Бүгінде Еуропа одағына жыл сайын экс­портқа шығарылатын балық кө­лемі 8 мың тоннадан асады.

Әрине, шешімін күткен проб­ле­малар аз емес. Профессор Г.Жәң­гірованың мәліметінше, әлемдік экологиялық рейтингке сәйкес, Қазақстан «экологиялық апат аймағына» жатқызылған. Мұндай елдерде қоршаған орта­ның жай-күйінің нашарлауы өзі­нің шырқау шегіне жетті деп есеп­теледі және ары қарай ушық­са, жергілікті халықтың физи­ка­лық және генетикалық денсау­лы­ғына, жануарлар мен өсімдік әлемінің түрлік құрамына тікелей қауіп төнеді.

«Республикамыздағы өңір­лердің біразында экологиялық ахуал қолайсыз ғана емес, тіпті апаттық сипатта. Қоршаған орта­ны ластайтын және табиғи жү­йелердің деградациясын туды­ратын негізгі себептер қатарында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, автокөлік және басқа да антро­погенді факторлар бар», – дейді ғалым.

Заманауи ұлттық экологиялық саясатта дүниежүзіндегі климат­тың өзгеруі секілді әлемдік қауіп-қатерлердің ықпалы да ескерілуге тиісті. Өйткені өзге ғаламшар болса бір сәрі, біздің планетада жүріп жатқан табиғи зұлматтар Қазақстан аумағына да әсер етеді. Мамандардың байламынша, жаһандық жылыну – қазірдің өзінде мұзтаулардың еруі, мұхит суы деңгейінің көтерілуі, жерлер­дің шөлейттенуі мен шөлге айна­луы үдерісінің жеделдеуі, қуаң­шылықтың ұзаққа созылуы се­кілді салмақты табиғи апаттарға түрт­кі болуда. Бұл жағдайда келе­шекте Қазақстанның оңтүсті­гіндегі көптеген елдімекендер қуатты су тасқындары астында қалуы, ал еліміздің орталығы, солтүстігі және батысы ұзақ қуаң­шылыққа килігуі ғажап емес. Оқиғаның осылай өрбуінің ықти­мал сценарийлері еліміздің ұлт­тық қауіпсіздігі мен экологиясы арасында тығыз байланыс барын паш етеді.

Сол себептен бұл сала мемле­кеттік деңгейдегі басымдық ретінде белгіленіп отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірі­су рәсіміндегі сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәсе­леге зор мән берді.

– Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі – көпшіліктің көке­йіндегі мәселе. Сондықтан елі­мізге бірыңғай экологиялық сая­сат қажет. Қоршаған ортаны қор­ғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қа­былдау керек, – деп тапсырды Мемлекет басшысы Үкіметке.

Адам үшін дені-қарнының саулығы басты байлық саналса, әр мемлекет үшін де табиғат – басты қазына болып есептеледі. Себебі, экологиясы әбден ластанған, ит байласа тұрғысыз жерде қуатты мемлекет құрылмайды.