Емханаға ХҚКО арқылы тіркелу оңай

Бұдан былай емханаға Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркелуге болады.

Емханаға ХҚКО арқылы тіркелу оңай
Фото: Интернеттен алынды

Жаңа әдіс емханалар өкілеттігін асыра пайдалануға жол бермейді. Себебі, бұған дейін емханда «сырттай» тіркелу фактілері жиі кездесетін. Бұрын заңбұзушылық болған-болмағанын анықтау үшін адамдардың қолтаңбасын салыстырып, құжаттарды тексеру көп уақыт алатын. Қазір тіркелу қызметі автоматтандырылған. Енді оны тексеру қиын емес. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Забира Оразалиеваның айтуынша, азаматтарды емханаға тіркеудің ашық, объективті жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

– Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекке тұрудың қажеті жоқ. Онда өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған бұрыштар бар. Арнайы мамандар электронды цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, емханаға тіркелуге көмектеседі. Егер цифрлық қолтаңбаңыз болса ешқайда бармай-ақ, egov.kz электронды үкімет порталы арқылы да тіркелуге болады, – деді Забира Оразалиева.

Қор басшылығы тіркеу процесін емхана қызметкерлерінің араласуынсыз ұйымдастыру мақсатында осындай қадамға барып отыр. Өйткені, емхананың тіркеу бөлімі тіркелу үшін мекенжай анықтамасын, тіпті, анализ тапсыруды талап еткені жайлы арыз-шағым көп көрінеді. Шын мәнінде, тіркелу үшін жеке куәлік пен бас дәрігердің атына жазылған өтініштен басқа құжат қажет емес.

– Тіркелудің өзіндік тәртібі бар. Үйге дәрігер шақыру, «төртінші» санат бойынша жедел жәрдем шақыру үшін аумақтық принцип сақталуы қажет. Мысалы, егер сіз тұратын ауданда үш емхана болса, соның кез келгенін таңдай аласыз. Бірақ біз үйге жақын маңда орналасқан емхананы таңдауға кеңес береміз. Бұл қажет болған кезде учаскелік дәрігердің үйге тез жетуіне, тиісінше көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Әдетте, өз учаскесіндегі емделушілердің денсаулық жағдайын учаскелік терапевт жақсы біледі, – дейді Забира Оразалиева.