Балалар арасында майтабан ауруы көбейген

«Жәрдем» медициналық пойызының дәрігерлері Түркістан облысының тұрғындары арасында бірқатар созылмалы ауруларды анықтады. «Жәрдем» пойызы ең шалғай стансаларды аралауды Түркістан облысы аймағында жалғастырды.

Балалар арасында майтабан ауруы көбейген

«Жәрдемнің» дәрігерлері Түркістан облысының 10 бекетінде 4430 тұрғынын тексерді. Оның ішінде, 779 бала дәрігер тексеруінен өтті. Жалпы, 19 393 дәрігерлік қабылдау өтіп, 28 шағын хирургиялық операция жасалған.

­- Түркістан облысының тұрғындары арасында жиі кездескен аурулардың қатарында: тірек-қимыл және жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары, асқазан-ішек жолдарының созылмалы аурулары, аяқ қантамырлары мен тыныс алу жүйесінің аурулары бар. Балалардың арасында бассүйек ішіндегі гипертензия, халязион (яғни, қабақтың қабынуы), коньюктивит, тіс жегісі, іріңді пульпит, майтабан аурулары жиі кездеседі, ­- деді Түркістан облысы бойынша бригаданың бас дәрігері Кенжеболат Бакиров.

Дәрігерлер тұрғындарға аурудың алдын алу және дұрыс тамақтану жайында кеңес беріп отырды.


Шалғай елдімекеннің тұрғындары медициналық пойыздың арқасында сапалы медициналық кеңес алып, емделгеніне дән риза.

- Біз отбасымызбен осы медициналық пойыз мамандарына тексеруден өтуге келдім. УДЗ мен ЭКГ-дан өттік. Терапевт, ЛОР, окулистің тексеруінен өттім. Дәрігерлердің арқасында өзіме байқалмайтын аурудың басталып келе жатқанын білдім, ­- деді Сайрам ауданының тұрғыны Жанат Бейсенбекова.

«Жәрдем» медициналық пойызы Қазақстанның барлық шалғай аймағын аралап шығады. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан Samruk-Kazyna Trust Әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен жүзеге асып жатыр.