Нұр-Сұлтанда тұмауға қарсы екпе салу басталды

1 қазаннан бастап елордада тұмауға қарсы иммунизациялау науқаны басталды,– деп хабарлайды қала әкімдігі.

Нұр-Сұлтанда тұмауға қарсы екпе салу басталды

Вакцинациямен 7210 медициналық қызметкер, 33789 бала (6 жастан асқан, диспансерлік тіркеуде тұрған және жиі ауыратын), жабық мекемелердегі 370 бала (балалар үйі, түзету мектеп-интернаты, жетімдер үйі, балалар қалашығы), медициналық-әлеуметтік мекемеден 270 адам (қарттар үй), екінші немес үшінші кезеңдегі жүктілігі бар 6000 әйел, созылмалы аурумен тіркеуде тұрған 52 361 адам қамтылады.

«Тәуекел тобына жататын азаматтар тіркелген жеріндегі емханада немесе жылжымалы бригадалар арқылы тегін егіледі. Әкімдік Ресейде шығарылған «Гриппол плюс» вакцинасының 100 мың данасын сатып алды. Вакцинаны ақылы түрде салдырғысы келетін тұрғындар қалалық емханалар мен жеке медициналық ұйымдарға жүгіне алады. Олардың тізімі Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің Facebook желісіндегі парақшасында көрсетілген»,– деп хабарлады әкімдіктен.

«Вирус жыл сайын мутацияға ұшырайтындықтан, бір рет ауырып өмірінің соңына дейін иммунитетке ие болуға болмайды. Өткен жылы тұмауға қарсы алынған иммунитет биылғы жылдың вирусынан қорғай алмайды. Сондықтан вакцинаны жыл сайын алып отырған жөн. Иммунитет 14 күннің ішінде қалыптасып, барлық маусым ішінде сақталады (12 ай). Вакцинаны қазан және қараша айларында алу ұсынылады», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов.