Гепатитке шалдыққандар саны 60 есе азайды

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, гепатиттің азаюына дерттің алдын алу шарасы септігін тигізген.

Гепатитке шалдыққандар саны 60 есе азайды
Фото: Интернеттен алынды

ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Есмағамбетованың айтуынша, жүйелі ем науқастар санын азайтады.

— Вирусты гепатит — қоғамдық денсаулық сақтаудағы өзекті мәселенің бірі. Қазақстанда В вирустық гепатитіне қарсы жоспарлы иммундаудың арқасында соңғы 20 жылда жіті В вирустық гепатитіне шалдыққандардың саны 59,8 есеге төмендегені байқалады, — деді Айжан Есмағамбетова.

Бірақ ол вирустық гепатиттің созылмалы түрлерінің көбейгеніне алаңдаулы. Қазақстанда жыл сайын алғаш рет анықталған созылмалы вирустық гепатитпен ауыратындардың 6 мыңнан астам дерегі тіркеледі. Оның ішінде, созылмалы вирустық В гепатиттің үлесі — 48%, созылмалы вирустық С гепатиті — 52%. Вирусты гепатиттердің созылмалы түрлерімен шамамен 87 пайызы 30-дан 60 жас аралығындағылар шалдығады.