Елена Рыбакина турнирді жеңіспен бастады

Бәсеке 1 сағат 7 минутқа созылды.

Елена Рыбакина турнирді жеңіспен бастады

Қазақстанның бірінші, әлемнің 30-ракеткасы Елена Рыбакина Хобарт (Аустралия) WTA турнирін жеңіспен бастады.

Е.Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 69-орында тұрған словениялық Тамара Зиданшекпен кездесті. Бірінші партияда қазақстандық теннисші бірден брейкпен бастап, өз геймдерін де бермей, 3:0 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк – 5:1. Сетке бергенде де өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:1. Екінші сетте есеп 3:2 болғанда, Т.Зиданшек брейк жасай алды – 4:2. Дегенмен Е.Рыбакина дереу қарымта қайырып, таразы басын теңестіре білді – 4:4. Содан кейін тағы бір брейктен соң матч нүктесін қойды – 6:4.

Е.Рыбакина жүлде қоры 275 мың АҚШ долларына бағаланған доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 60-ракеткасы, франциялық Ализе Корнемен шеберлік байқасады.