Қанат Ислам Головкиннің шайқасынан кейін Деревянченкомен жұдырықтасқысы келеді

Қазақстандық боксшы Қанат Ислам (26-0, 21 КО) Геннадий Головкиннің (40-1-1, 35 КО) Сергей Деревянченкомен (13-2, 10 КО) болған қолғап түйістіруіне қатысты пікір білдірді.

Қанат Ислам Головкиннің шайқасынан кейін Деревянченкомен жұдырықтасқысы келеді

Екі бос титул үшін болған шайқас өткен аптада Нью-Йоркте өтті. Деревянченко алғашқы раундта-ақ нокдаунда болса да, 12 раундқа дейін төзімділік танытты. Соңында қазылар алқасы бірауыздан жеңіске Головкин лайық деп шешті.

«Мен Головкинге Деревянченкомен оңай болмайды деп айттым ғой. Мен оны «Астана-Арланстағы» қолғап түйістірулерінен білемін. Ол өте мығым, соққыға шыдай алатынын білдім. Алайда Головкин сауатты қимылдай алатынын көрсетіп, ұпай бойынша жеңіске жетті. Бұл керемет шайқас болды. Бәріне ұнады деп ойлаймын. Маған да Деревянченкомен шаршы алаңда кездесу қызық болар еді. Мүмкін олай да болып қалар», деді боксшы Қанат Ислам.

Ал 26 қазанда Ислам орта салмақта WBO International-дың екінші дәрежелі титулы үшін намбиялық Уолтер Каутондоквамен қолғап түйістіреді.