"Канело"-Джейкобс: Мексикалық боксшы кезекті жеңісін олжалады

Бокс кеші Қазақстанда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 08:00-де басталды

"Канело"-Джейкобс: Мексикалық боксшы кезекті жеңісін олжалады

Орта салмақта WBC және WBA (Super) титулының иегері мексикалық Сауль «Канело» Альварес пен IBF  титулының иесі америкалық Дэниэл Джейкобс жекпе-жекке шығып, кім мықтыны анықтады.

Олардың кездесуі – Лас-Вегастағы T-Mobile аренада болатын бокс кешінің басты жекпе-жегі болған.

Дегенмен аталған бокс кешін бірде бір қазақстандық телеарналар тікелей эфирде көрсеткен жоқ. АҚШ, Австрия, Германия, Жапония, Канада, Италия, Испания, Бразилия елдерінде бокс кеші DAZN стримингтік сервисі арқылы тараса, Латын Америкасы елдерінде – Space, Мексикада – Azteka TV, Ұлыбританияда – Sky Sports трансляция құқығын иеленген. 

Бокс кеші Қазақстанда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 08:00-де басталды.

Негізгі жекпе-жекке дейін андеркартта бірнеше кездесулер өтті. Ал басты жекпе-жекте мексикалық Сауль Альварестің басымдылығы айқын көрінді. Бірінші раундтан ақ қарсыласын әр бұрышқа тықсырып, соққы жасаумен болды. 

Джейкобс та қарап қалған жоқ. Реті келгенде "Канелоға" жойқын соққыларын бағыттап үлгерді. Алайда кездесу бойы бірінші нөмірмен (шабуылдаушы) өнер көрсеткен Альварес әр сәт қарсыласының осал тұсын таба білді. Соңғы 12 раундта мексикалықтың қуатты соққысынан кейін Джейкобс жерге тізерлей құлап кетті. Алайда жедел орнынан көтерілді. 

Төрешілер шешімі бойынша ұпай санымен Сауль "Канело" Альварес жеңіске жетті. 

Осылайша, Альварес Джейкобстың IBF белдігін де иеленіп отыр. Бұған дейін ол Геннадий Головкинге тиесілі чемпиондық белдіктерді алған еді. Енді орта салмақта абсолютті чемпион атану үшін Альвареске WBO титулы ғана жетіспей тұр.