«Канело» Алматыға келе ме?

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 167

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам ақыры өзі­нің менеджері Эгис Кли­мас­­пен жұмыс істеуді тоқтат­ты. The Ring нұсқасы бойын­ша 2017 жылдың ең үздік ме­­нед­жері болған маман Қа­­нат­ты біраз жерге апарар еді дейміз өкініп.

«Канело» Алматыға келе ме?

Осы жылдың 5 шілдесінде Алматыда доминикандық Хулио Де Хесусты жеңгеннен кейін Климаспен келісімшартты үзу туралы шешім қабылданған. Тараптардың неліктен мұндай шешімге келгені түсініксіз. Айта кетейік, сол жекпе-жекте Қанат орта салмақта екінші деңгейлі WBO International белдігін иелен­ген еді. Олардың бірге қызмет етуі 2018 жылдың ақпан айында басталған. Климастың жетекші­лі­гі­мен Қанат 2018 жылы 23 мау­сымда Лос-Анджелесте жекпе-жек өткізуі керек еді. Алайда боксшы аяғынан жарақат алып, ұзақ уақытқа үлкен спорт­тан жырақтап қалды. Осы жылдың ақпан айында берген сұхбатында менеджер Қанаттың неліктен хабарласпай жүргенін түсінбейті­нін айтқан болатын.

«Қанат Ислам туралы дәл қа­зір ештеңе айта алмаймын. Ол кел­ген кезде біз жақсы араласып кеттік. Боксшы межелі күндегі кез­десуге дайындалып жатты. Алай­да жарақат алып қалып, опе­рация жасалуы керек болды. Біз бұл тұрғыда оған толықтай көмек бердік. Содан соң ол Қазақ­станға қайтып кетті. Біз анда-санда хат жа­зысып, жағдай сұрасып тұр­а­мыз. Әзірге онымен сөйлескен жоқ­пын: рингке қайта орала ма, Аме­рикаға келе ме, жоқ па біл­мей­мін. Ол өзінің 25 жаста емес екенін түсінуі керек. Бұл тақы­рып­ты Қанат та көтерген жоқ, мен де әлі сұрай қоймадым. Егер келемін десе, менің есігім қашан да ашық. Өйткені ол жақсы бокс­шы» деген еді сол кезде әйгілі менед­жер.

Қазір Ислам баяғы бапкері Нельсон Лопеспен қайта жұмыс істей бастаған. Лопес бұл жолы менеджер ретінде Исламның ко­ман­дасында жұмысқа кірісіпті. Қанаттың Алматыда өткізген соң­ғы жекпе-жегінен кейін оның спорт­тық әлеуетіне деген күмән­нің туындауы – заңдылық. Себебі боксшы соңғы үш раундты әрең өткізді. Бұл тек спорт сарапшысы ғана көре алатын жағдай емес. Қарапайым көрерменге де белгілі. Бокс­шының өзі жекпе-жек ал­дын­дағы сұхбатында «Мен АҚШ жанкүйерлеріне қызық емеспін. Ол жақта бокстасу үшін қаржың көп болуы керек. Мен қазақстан­дық жанкүйерлерге қызықпын» дейді. Сөйте тұра «Канеломен» кез­дескісі келетінін айтады. Ло­пес те солай деп сөйлейді.

«Біз қазір әлемдік рейтингте 8-орында тұрмыз. Бірінші орынға жетуіміз керек. Егер біз чемпион­дық белдікті иеленгіміз келсе, онда «Канелоны» ұту керек. Қандай титул үшін жұдырық­та­са­тынымыз маңызды емес. Біз оны («Канело») Қазақстанға әкел­гіміз келеді. Біз және біздің ко­манда мұнда тек ақша үшін еңбек етіп жатқан жоқ. Чемпион­дық – менің ғана емес, Қанаттың да баяғыдан бергі арманы» дейді менеджер.

Сіздіңше қайдам, біздіңше бұл утопия сияқты. Дәл қазір дәу­рені жүріп тұрған Сауль Альва­рестің Алматыдағы «Балуан Шо­лақ» спорт сарайында жұды­рық­тасып жатқанын елестетудің өзі қиын. Головкиннің өзімен әрең келіскен, Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасына керіліп-созылып әзер келген мексикалық боксшыны армандаудың ауылы алыс болса керек. Біреулер айт­қан­дай, біздікі мысықтілеулік емес, шындықтың бетіне мейлін­ше тіке қарауға тырысу.

Қанаттың ендігі келешегі қан­дай болуы мүмкін? Бірінші орта салмақтағы мықтылармен жұды­рық түйістіре ала ма? Бұған спорт­та жүрген мамандардан артық ешкім жауап айта алмас. Ал кезін­де жеңіл салмақта әлем чем­пио­ны атанған Марат Мәзімбаев мы­­на­дай пікір айтады.

– Бокста карьерасын әдемі аяқ­­тай алудың өзі маңызды. Се­бе­бі жас өз дегенін алады. Боксшы өзі ойлағандай күші мен жетістігін қа­тар жарыстырып, спорттан кетуі – өте сирек кездесетін құбы­лыс. Осы жекпе-жек Қанат үшін ес­кер­ту болған сияқты. Сондық­тан ол қазір мүмкіндіктерін шына­йы ба­ғалауы қажет. Қанат бұл кез­де­суге толыққанды дайын күй­де кел­меген сияқты. Осыған дейін оны әлсіз қарсыластармен бокс­та­сады деп кінәлайтын. Сол үшін осы жолы мықты боксшыны ша­қы­ру­ды жөн санаған сияқты. Алай­да жеңіс сенімді болмай қал­ды. Негізі чемпиондық кезде­су он екі раунд болуы керек еді, бірақ он раундқа ғана созылды. Егер қар­сы­­ластың командасы WBO-ға арыз жазар болса, онда кез­десу нәти­жесі жо­йы­луы мүм­кін. Әрі төре­шілер де түгелдей қазақ аза­мат­­тары болды. Нәтиже жойы­лар болса, онда супервайзер мен матч­мей­кер­лер де жазалана­ды, – деді Мәзім­баев.

Қазір бұдан асырып, көзқарас біл­дірудің өзі қиын. Біздікі – Нель­сон Лопестің Алматыға «Ка­не­­лоны» алып келуін күту ғана.