Головкиннің бокс кешінен тыс қалған Елеусінов 43 рет жеңіске жеткен мексикалықпен кездеседі

"Даниярдың жұдырықтасқанын Головкин қаламай тұр"

Головкиннің бокс кешінен тыс қалған Елеусінов 43 рет жеңіске жеткен мексикалықпен кездеседі

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов 8 маусымда болатын Головкин – Роллс бокс кешінің андеркартынан шығарылғаннан кейін, жаңа қарсылас тауып үлгерді.

Бұл туралы боксшының Зия Әлиев хабарлады. Оның айтуынша, Данияр 25 мамыр күні Оксон-Хиллде мексикалық Мигель Замудиомен жұдырықтаспақ.

«Бізде қарсылас таңдап үлгеретіндей уақыт жоқ. Сондықтан кім бос сонымен келісімге келдік. Оны жеңіп, әрі қарай қадам басу керек. Жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланып отыр» дейді Әлиев.

27 жастағы Мигель Замудио Алонсо кәсіпқой рингте 56 кездесу өткізіп, 43 рет жеңіске жеткен. 12 мәрте жеңіліп, бір рет тең түскен. Ал 27 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтапты. Бұған дейін Мигель Замудио Алонсо өзбекстандық Шахрам Гиясовпен кездесіп, жеңіліп қалған еді. Ал Гиясов пен Елеусіновтың Рио олимпиадасының финалында кездескені белгілі.

Еске салсақ, бастапқыда Елеусінов 8 маусым күні қазақстандық Геннадий Головкин мен канадалық Стив Роллс кездесетін бокс кешінде жұдырықтасуы тиіс болған. Кейінірек, Елеусіновтың аталған андеркарттан шығарылып тасталғаны белгілі болды. Ол жерде Данияр мексикалық Фернандо Каркамомен жұдырықтасуы тиіс болған.

«Әуелгіде келіскен едік. Алайда олар кейін қарсылық танытты. Өз себептері бар. Әйтпесе барлық құжаттарды әзірлеп қойғанбыз. Андеркартта жұдырықтасқанын Головкин қаламай тұр. Сосын кездесу күнін 25 мамырға ауыстыруға тура келді» деген еді Зия Әлиев.