Головкин Елеусіновтың андеркарттан не үшін шығарылғанын түсіндірді

"Оның менеджері де өзін кәсіби тұрғыда ұстаған жоқ"

Головкин Елеусіновтың андеркарттан не үшін шығарылғанын түсіндірді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин өзінің 8 маусым күнгі бокс кешіндегі андеркарттан Данияр Елеусіновтың түсіп қалуына байланысты пікір білдірді.

Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлайды.

Еске салсақ, бір күн бұрын ғана Данияр Елеусіновтың менеджері Зия Әлиев қазақстандық боксшының Головкин – Роллс бокс кешінің андеркартынан шығып қалғанын хабарлаған еді. Оның айтуынша бұған Головкин мүдделі болған.

«Былтыр Данияр маған қатысты өзінің позициясын білдірген еді. Бұл – менің пікірім соған байланысты өзгеріп кетті деген сөз емес. Мен оған кәсіпқой рингте тек табыс тілеймін. Ол өзі «біздің жолымыз әр бөлек» деп айтты. Бұл оның сөзі.

Оның менеджері де өзін кәсіби тұрғыда ұстаған жоқ. Бірақ бұл туралы осы мәселемен бетпе-бет келген Том айтсын. Бұл ретте Matchroom Boxing промоутерлік компаниясына қарсы ештеңе айтпаймын. Олардың боксшылары біздің андеркартта жұдырықтасады.

Мәселен, Елеусіновты алмастырған өзбек боксшысы. Біріншіден, бұрын айтқанымдай жас боксшылардың табысқа жетуіне көмектескім келеді. Әрине, бірінші кезекте қазақстандық боксшылар назарда болады. Көрермен үшін де, промоушен де қызықты боксшылар болса онда оларға андеркарттан орын дайын.

Екіншіден, мұны ұлтараздық мәселеге айналдырып, көтеріп жатқандарға айтарым бар. Мұны журналистердің қоздырып жатқаны да дұрыс емес.

Егер кәсіпқой бокста Азиядан көп боксшылар шығып жатса өз басым қатты қуанамын. Оның ішінде әрине, өз отандастарымның бой көрсеткенін қолдаймын. Айтпақшы, 8 маусымда андеркартта Ахмедовтан бөлек тағы екі қазақстандық өнер көрсетеді.

Мен біреудің алдында бірдеңені дәлелдеуге тиісті емеспін. Менің «патриоттық сезімімді» тексерудің қажеті шамалы. Көп адамдарға қарағанда мен сөзбен емес, өзімді іспен дәлелдеп жүрген адаммын» деді Головкин.

Еске сала кетсек, Головкин – Ролсс жекпе-жегі 8 маусым күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді.