Жеткіншектер жекпе-жегі

Газет мақаласы Айқын газеті №77

Кикбокстан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Еуропаның екі дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы, әлем кубогының иегері, даңқты спортшы Елмұрат Қайыпжановтың жүлдесіне арналған облыстық ашық турнир жалауын желбіретті.

Жеткіншектер жекпе-жегі

Үш күнге ұласқан дүбірлі додаға елі­міздің әр аймағынан талантты бокс­шылар жиналып, Алматы облысындағы Шелек ауылында дүбірлі доданың көрігін қыздырды. Төрт күнге жалғасқан сайыстың финалдық жекпе-жектері де тартысты өтті.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсі­мінде Алматы облыстық денешы­нық­тыру және спорт басқармасының бас­шысы, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев Елмұрат Қайыпжановқа құттықтаухатын тап­сырды. Олимпиада чемпионы, даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров, бокстан Қытайдың он дүркін чемпионы, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, кәсіпқой бокста 25 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Қанат Ислам, у-шу саньдадан, тай боксынан әлем чемпионы Диас Жамашев арнайы келіп, балғын боксшылардың ше­берліктеріне тәнті болды.

– Сендердің отты көздеріңе қарап, келешекте араларыңнан әлем, Олим­пиада чемпиондары шығады деп сенемін. Біз әркез алдыңғы буын ағаларды арқа тұтып жүреміз. Елмұрат Қайыпжанов қазақ спортына орасан үлес қосып келе жатқан азамат. Ардақты ағамыз тоқсаныншы жылдары кик­бокстың енді-енді қанатын жайып келе жатқан тұсында осы спорт түрінен әлем кубогын иеленді. Еуропа, Азия құр­лығында өз салмағының серкесі атанып, чемпиондық белбеуді иеленді. Мұндай азаматтар жас спортшыларға үлкен үлгі болады, – деді Қанат Ислам.

Турнирге 2005-2006 жылы туған ұлдар мен қыздар қатысып, 182 боксшы 17 салмақ дәрежесінде жүлделерді бө­ліске салды. Турнирдің чемпиондары мен жүлдегерлеріне медаль, дипломға қоса бағалы сыйлықтар да тарту етілді. Турнирдің үздік боксшысы атағы 63 келі салмақта турнир жеңімпазы атанған сөгетілік Бегейбек Рамзеске бұйырды. Жеңіске деген жігері үшін Алакөл ау­данынан келген Біржан Әубәкіров те (42 келі) марапатталды. Осымен екінші мәрте ұйымдастырылған ашық турнирге қатысқан боксшылардың арасында келешегінен көп үміт күттіретін талант­ты боксшылардың өсіп келе жатқаны байқалды. Өз кезегінде Елмұрат Қайып­жанов бапкерлерге, жанкүйерлерге, ұйымдастыру комитетіне, демеушілік танытқан қазақ спортының жанашыр азаматтарына зор алғысын білдірді.