Жаңылжан Оспанқажықызы, Жәнібек Әлімханұлының нағашы әжесі: Жәнібектің шаршы алаңға қалай шыққанын көзінен танимын

Газет мақаласы "Айқын" газеті №120

Әуесқой бокста әлем чемпионы атанған, қазір бағын кәсіпқой бокста сынап жүрген Жәнібек Әлімханұлы – келешегінен көп үміт күттіретін, мұқым ел тілеулес болып отырған батырлары­мыздың бірі һәм бірегейі. Қазір орта салмақта өнер көрсететін Жәнібек WBO Global Middleweight Title және WBC Continental Americas Middleweight Title белдіктерінің иегері. Кәсіпқой рингте 6 кездесу өткізіп барлығында жеңіске жеткен, екеуін нокаутпен аяқтаған. Қазір әлемге әйгілі промоутер Боб Аруммен, менеджер Эгис Климаспен жұмыс істейді. Келесі кездесуін 17 тамыз күні 32 жастағы канадалық боксшы Стюарт МакЛелланға қарсы өткізбек. Осы орайда Жәнібектің адамгершілігі мол салауатты тұлға, болашағы жарқын боксшы ретінде қалыптасып, өсуіне үлес қосқан нағашы әжесімен сұхбат жасаған едік.  

Жаңылжан Оспанқажықызы, Жәнібек Әлімханұлының нағашы әжесі: Жәнібектің шаршы алаңға қалай шыққанын көзінен танимын

– Әңгімені Жәнібектің бала кезінен бастасақ. Спортқа қалай үйірсек болды. Оның ішінде неге боксқа қызықты?

– Осы ауылға Бауыржан (кәсіпкер Оспанов) бапкер алып келгенде Жәнібек алты жастағы бала еді. Ол кез 90-жылдардың орта шені, қиыншылық уақыт болатын. Әке-шешесі жұмыс істейміз деп қалаға кеткен. Қазақта ата мен әжеге немересі ерекше жақын, ыстық болады ғой. Біз де Жәнібекті 2-3 жасынан бастап бауырымызға басқанбыз. Бапкері Мұрат Сиқымбаев деген кісі бізге көрші тұратын. Бір күні Жәнібек үйге жылап келді. Балалардың бәрін боксқа алып жатыр, ал мені әке-шешеңнің қолхаты жоқ деп алмай қойды деп. Атасы барып айтты. Алмады. Ақыры бапкердің үйіне барып айттық. Айналайын 6 жаста ғой, іздеріңде еріп жүре берсін деп. Негізі баланың ар жағында Алла берген үлкен талабы мен таланты жоқ болса, жұрт сүйрегенмен ештеңе шықпайды. Жәнібекте үлкен ынта, ықылас бар еді. Спорт десе жан-тәнімен беріліп, жанып тұратын. Ақыры сол 6 жасында балаларға еріп боксқа қатыса бастады. Осы жерден 3 шақырым жердегі Майқан деген ауылға дейін жүгіріп барып келетін. Сөйтіп жүріп боксқа бауыр басып кетті. Қазір шаңырағымның иесі болып отырған Ермек деген ұлым бір жерден екі қолғап тауып әкеліп берді. Сол қолғаппен-ақ бокстасып жүріп, осы дәрежеге жетті. Бауыржанның өзі түрлі жарыстар ұйымдастыратын. Қабанбай ауылында өтетін сондай жарыстарға барып, үнемі жеңімпаз болып оралып жүрді. Нағашы атасы да спортқа өте жақын болып, Жәнібекті өзі баулып, жеткізіп, тәрбиеледі. Баланың ынтасын байқап, шамамыз келгенше көмек бердік.

– Кейін үлкен жарыстарға араласа бастаған кезде үнемі аяқ алысын аңдап, бақылап отырдыңыз ба?

– Міндетті түрде қараймын. Сиырым сауыл­май қалса да, тамағым жасалмай қалса да Жәнібек қатысып жатқан доданы жібермей, көріп отырамын. Бәрін көруім, білуім керек. Сосын соған байланысты өзімнің сұрақтарымды да қоямын. Мен оны кішкентайынан тәрбиелеп, баққан соң жарысқа қалай аттанады, бокс кезін­дегі көңіл күйі қалай бәрін білемін. Олимпиада ойындарына қатысқан кезде «Ойпырым-ай, мынаның жанары солғын тартып тұр ғой, көзінде от жоқ қой» деп бірден айттым. Ұлым да солай деді. Таңертең шешесіне барсам қан қысымы көтеріліп қатты ауырып жатыр екен. Уайымдаған ғой. Ештеңе етпейді деп басу айттым. Бағын­дыратын әлі талай белесі бар. Жеңілсе жер көтереді. Ер-азамат қой дедім. Сөйте тұра өзімнің ішім қан жылап тұрды.

– Жәнібектің үлкен спортқа қадам басуына, биік шыңдарға жетуіне Бауыржан Оспанов ағамыздың әсері көп секілді?

– Бауыржанға көп рақмет айтамын. Жалпы, Алакөл ауданы Жыланды ауылының аналары атынан да алғыс жолдаймын. Егер Бауыржан бізге бапкерлер алып келмесе, осыншама да­рынды спортшы ұл-қыздар шықпас па еді, үлкен спортқа жолдама алмас па еді деп ойланамын. Ол қаншама таланттардың бағын ашуға септігін тигізді. Мысалы, біреу демеп тұрмаса жалғыз өзім Жәнібекті жеткізе алар ма едім. Шамам келмес еді. Өзім үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген, со­лардан қазір 16 немере, 6 шөбере сүйіп отырған бақытты әжемін.