Қазақстандық телеарна Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегін тікелей эфирде таратпақ

Трансляция Қазақстан уақыты бойынша 18 тамыз күні таңертең басталмақ

Қазақстандық телеарна Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегін тікелей эфирде таратпақ

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы 17 тамыз күні өзінің кезекті жекпе-жегін өткізеді. 26 жастағы боксшымыз Лос-Анджелестегі Banc of California Stadium аренасында 32 жастағы канадалық Стюарт МакЛелланға қарсы шықпақ.

Кездесуді QazSport телеарнасы тікелей эфирде таратады. Трансляция Қазақстан уақыты бойынша 18 тамыз күні таңертең басталмақ. Бокс кешінің басты жекпе-жегі екінші жеңіл салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы мексикалық Эмануэль Наваррете мен америкалық Франсиско Де Вака арасында өтпек.

Канадалық бокс сарапшысы Лорент Поулин осы кездесуге орай өз пікірін білдірген.

«Стюарт МакЛеллан – тәжірибелі боксшы. Ол 12 жасынан бері жұдырықтасып келе жатыр және өзін техникасы мен ақылы мықты спортшы ретінде таныта білді. Оның нокаутқа түсірерлік жойқын соққысы жоқ. Екеуінің арасында қызықты тартыс өтпек. Физикалық тұрғыдан алғанда қазақстандық мықтырақ әрі жылдам. Бірақ Стюарт та бай тәжірибе бар екенін ұмытпау керек. Екеуінің мүмкіндігі тең деп ойлаймын» дейді сарапшы.

Еске салсақ, Жәнібек өзінің соңғы кездесуін 12 сәуір күні мексикалық Кристиан Оливасқа қарсы өткізіп, төрешілер шешімі бойынша жеңіске жеткен. Осылайша, ол WBC Continental Americas және екінші деңгейлі WBO Global белдіктерін иеленген болатын.