Головкин мен Альварес 2020-да кездеседі

Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы шаршы алаңдағы кезекті жекпе-жек 2020 жылы өтеді. Бұл туралы DAZN жүргізушісі Крис Манникспен болған сұхбат барысында мексикалық боксшының промоутері Оскар Де Ла Хойя хабарлады.

Головкин мен Альварес 2020-да кездеседі
дереккөзден

Осыдан бір жыл бұрын Альварес матч-реваншта қазылар алқасының шешімімен қазақстандық боксшыны жеңіп, бар титулдарын алған еді. Алғаш рет Альварес пен Головкин 2017 жылы жұдырықтасты. Онда жеңіс ешкімге бұйырмады. Екінші рет шаршы алаңда кездескенде Голвокин өз мансабында алғаш рет жеңіліске ұшырады.

Де Ла Хойя сұхбатта адамдар Головкин мен Альварес арасындағы тартысты бәсекені көруге құштар екенін алға тартты.

Бұған дейін қос боксшының үшінші жекпе-жегі осы жылдың қыркүйегіне жоспарланған еді. Кейіннен Альварес бұдан бас тартты.

Канело шаршы алаңға 2 қарашада оралады. Ол Лас-Вегаста WBO бойынша әлем чемпионы жартылай ауыр салмақтағы Сергей Ковалевпен жұдырықтасады.

Головкин IBF титулы үшін 5 қазан Нью-Йоркте украиналық орта салмақтағы Сергей Деревянченкомен шаршы алаңға шығады.