GGG-де – жаңа бапкер

Абель Санчес пен Головкин бірге 10 жыл бойы бірге жұмыс істеген

GGG-де – жаңа бапкер

Орта салмақтағы әлемнің бұрынғы чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин өзін алдағы жекпе-жектерге дайындайтын жаңа бапкерін анықтады.

Бұл туралы vesti.kz жазады. BoxingScene журналисі Кевин Айолдың хабарлауынша, Головкин өзінің ресми шешімін 4 мамыр күні жариялайды.


Дәл сол күні мексикалық Сауль «Канело» Альварес пен америкалық Дэниэл Джейкобстың жекпе-жегі өтпек. Аталған екі боксшы да Головкиннің бұрынғы қарсыластары.

Еске салсақ, GGG 24 сәуір күні өзін он жыл бойы жаттықтырған мексикалық бапкер Абель Санчеспен қош айтысатынын мәлімдеген.

Әйгілі америкалық боксшы Флойд Мейвезердің бапкері әрі ағасы Джефф Мейвезер қазақстандық боксшының осы шешіміне қатысты өз пікірін білдірген. Оның айтуынша бұл жерде мәселе ақшаға байланысты емес. Головкин өз жеңілісінің себебін Санчестен іздейді.

«Альвареспен реванш кездесуден Санчеспен салмақты әңгіме болғаны анық. Головкин бұл ақиқатты қабылдай алмады. Әрі қарай Санчеспен жұмыс істегісі келмеді. Мен оны (Санчесті) өмірінің қиын күндерін қалай өткерген сәтінен бері білемін. Оның қазіргі деңгейіне жеткені үшін қуаныштымын» дейді ол.