Назарыңды бұр Златко Далич! «Астана» шабуылшысы 34 минутта 4 гол соғып тәнті етті (видео)

Томасов осы маусымда соққан голдарының санын 19-ға жеткізіп отыр

Назарыңды бұр Златко Далич! «Астана» шабуылшысы 34 минутта 4 гол соғып тәнті етті (видео)

Елордалық «Астана» шабуылшысы Марин Томасов Қазақстан премьер-лигасының 31 турындағы «Ақтөбеге» қарсы өткен матчта покер жасап көзге түсті. Осылайша, хорват футболшысы ҚПЛ бомбардирлерінің көшін бастады. 

«Астана-Аренада» өткен кездесу 5:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Бесінші голды Серікжан Мужиков соқты. 

Томасов осы маусымда соққан голдарының санын 19-ға жеткізіп отыр. Сондай-ақ бұл биылғы маусымда ҚПЛ-да жасалған алғашқы покер. Осы жетістігі арқылы Томасов «Қайрат» шабуылшысы Адеринсола Эсеоладан бір голға артық соғып, алға шықты. 

Бүгінгі матчтан соң «Астана» 63 ұпай жинап, турнир кестесінің екінші сатысына шықты. Әзірге елордалық ұжым «Қайраттан» екі ұпай қалып келе жатыр. ҚПЛ-мен қош айтысқан «Ақтөбе» болса турнир кестесінің ең соңын түйіндейді. 

Осыған дейін Томасов отандық телеарнаға сұхбат беріп, сол жерде әйгілі «Барселонада» ойнау арманы екенін, сонымен қатар Хорватия ұлттық құрамасының намысын қорғағысы келетінін айтқан. Футболшының айтуынша, дәл қазір Марин ұлттық құрама жейдесін киюге әбден лайық шағында.