Салах пен Фирмино «Барселонаға» қарсы жауапты матчқа қатыса алмайды (видео)

Бұл туралы бас бапкер Юрген Клопп баспасөз мәслихатында мәлімдеген

Салах пен Фирмино «Барселонаға» қарсы жауапты матчқа қатыса алмайды (видео)

«Ливерпуль» клубының шабуылшылары Роберто Фирмино мен Мұхамед Салах Чемпиондар лигасының жартылай финалы аясында «Барселонаға» қарсы өткізетін жауапты матчқа қатыса алмайды.

Бұл туралы бас бапкер Юрген Клопп баспасөз мәслихатында мәлімдеген.

«Оның миы шайқалған. Сондықтан дәрігерлер оның ойнауына рұқсат бермеді. Мо қазір өзін жақсы сезінеді, алайда медициналық тексеріс тұрғысынан қалыпқа келіп үлгеру уақыты жеткіліксіз болмақ. Ол уайымдап отыр. Бірақ бұл жағдайға қатысты біз ештеңе істей алмаймыз» депті Клопп.

Неміс маманының айтуынша, Салах АПЛ-дағы «Вулверхэмптонға» қарсы апта соңында болатын кездесуге дейін қалпына келіп үлгермек. 

Салах ағылшын премьер-лигасының 37 турында «Ньюкасл Юнайтед» командасына қарсы ойында қарсыластар қақпашысы Мартин Дубравкамен қақтығысып жарақат алған. Аталған матчта Клопп шәкірттері 3:2 есебімен жеңіске жеткен еді. 

«Мен оны қолыммен ұрған жоқпын. Бастапқыда Салахты мен жарақаттадым ба, әлде басқа ма біле алмадым. Дегенмен оның жанына барып кешірім сұрадым. Оған қандай да бір жарақат салу туралы ойым болған емес. Ол үшін алаңдаймын, бірақ мен бар болғаны допқа секірдім. Алғаш алаңға дәрігер шығып Салахқа сөйлеген кезде ол жауап бермеді. Есінен танып қалды. Сол кезде қатты уайымдап кетті. Алайда біраз уақыттан соң өз-өзіне келіп жауап қатты. Жағдайының жақсарғаны үшін қуаныштымын» депті ойыннан кейін Дубравка.
Ал Фирмино болса АПЛ 36 туры қарсаңындағы жаттығу кезінде жарақат алған. Соған байланысты «Барселонаға» қарсы алғашқы матчқа да алаңға шықпаған. Енді сейсенбі күні болатын кездесуде де командасына көмектесе алмайды.

Еске салсақ, «Ливерпуль» мен «Барселона» арасындағы екінші ойын 7 мамыр күні «Энфилд» стадионында болады. Алғашқы матч 3:0 есебімен каталониялық клубтың пайдасына шешілген еді.