«Астана» – чемпион

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 170

Футболдан Қазақстан чем­пио­наты аяқталуға жақын. Же­ңім­паз белгілі. Елордалық «Ас­та­на» осы­мен алтыншы мәрте ел чемпио­ны атанды.

«Астана» – чемпион

Биыл «Қайрат» чемпиондыққа бір табан жақын тұрды. «Астананың» чем­пио­наттағы «әттеген-айларына» қа­ра­мас­тан мүмкіндікті пайдалана алмады. Үздік үштікке кірем деген сенім де «Тобылға» жәрдем бермеді. Биыл да бір таспаны алтыншы рет «айнал­дыр­дық».

Жексенбі күні «Тобыл» мен «Аста­на» арасында маңызды ойын өтті. Таразы басында чемпиондық пен үшінші орын­ның тағдыры тұрды. «Қай­раттың» жан­күйерлері өз ала­ңында «Тобыл» мүм­кіндікті жібер­мес десті. Алайда қоста­най­­лық клуб «Астананың» адуы­нына төтеп бере алмады. 37-минутта Юрий Ло­ги­ви­нен­ко жеңіс голын соқты. Осы­лайша, елордалық клуб өз тарихын­да қата­ры­нан алтыншы рет чемпион атанды.

«Қайрат» жанкүйерлері әр жылды үмітпен қарсы алады. «Аста­на­ның» чем­пионаттағы жеті жеңілісі алматы­лық­тарға дем бергендей еді. Алайда Шпи­лев­скийдің командасы қарсы­лас­тың жеңілісіне «мас» болды ма, чемпион­дық­қа нық қадам жасай алма­ды. 15 жыл­дан бері чемпион бол­­­­мағаннан атаққа үрке қарады ма екен, кім білсін?

Сырт алаңдағы ойын кім-кімге болмасын оңай емес. Павлодардың «Ер­тісі» Алматының ауа райына әбден дайындалыпты. Оңтүстік аста­на­ның жылы лебі «Ертіске» әсер ет­­кен жоқ. 38-минутта Сұлтан Сағы­наев, 62-ми­нут­та Жереми Манзорро «Қайратты» сілкіп алды. Ояна ма деп едік, болмады. Тұғырда тұрған чем­пион­дық лебі де құлшындыра қой­мады. Алатаудан келген клуб «Сен шабуыл­дамасаң, саған соғады» деген футбол тәмсілін ұмытты. Нәтиже­сін­де, 10 минуттың ішінде 3 гол жіберді. Сонымен ҚПЛ кубогы көзден бұлбұл ұшты. «Қайрат» әдеттегідей кү­міс медальді қанағат тұтты.

Турнирлік кестеде мерейлі 3-орын­ға «Тобыл» мен «Орбадасы» та­­ласып жүр. «Ордабасы» сырт алаң­да «Атырауды» 3-1 есебімен жеңіп, 3-орынға көтерілді. Қазір шым­кент­тік клубта – 62, «Тобылда» – 60 ұпай. «Тобыл» қайтсе 3-орын ала алады? Ол үшін келесі кезеңде «Ордабасы» «Тараздан» жеңілуі керек. Сонда «Тобыл» «Ақтөбені» жеңіп, 63 ұпай­мен 3-орынға көтеріледі. Егер «Орда­басы» «Таразбен» тең ойнаса, қос­танайлық клубтың жағдайы қиын. Не де болса, үшінші орынға деген талас қыза түседі.

Мұнда «Атыраудың» жағдайы қиын. Олар 11-орында тұр. «Атырау» «Таразға» оқты көзін қадап отыр. Келесі кезеңде «Тараз» «Ордабасы­мен», «Қайрат» «Аты­раумен» кезде­се­ді. 10-турдың тағ­ды­ры 10 қарашада шешіледі.

ҚПЛ-дың соңғы туры 10 қараша күні өтеді. Бұл күні «Астана» мен «Ер­тіс», «Жетісу» мен «Шахтер», «Қай­рат» пен «Атырау», «Қайсар» мен «Оқ­жет­пес», «Ордабасы» мен «Та­раз», «Тобыл» мен «Ақтөбе» кез­де­седі.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ