Ғажайып камбэк – ғажайып деректер (видео)

«Ливерпуль» үшінші жыл қатарынан еурокубоктық турнирлердің финалына шығып отыр

Ғажайып камбэк – ғажайып деректер (видео)

Чемпиондар лигасы жартылай финалының екінші жауапты матчында «Ливерпуль» өз алаңында «Барселонаны» 4:0 есебімен жеңіп, финалға шықты. Бірінші кездесуде «қызылдар» 3:0 есебімен жеңілген еді.

«Ливерпуль» ЧЛ тарихындағы бірінші кездесуде ойсырай жеңілгеннен кейін екінші матчта қарсыласын жеңіп, келесі кезеңге жолдама алған төртінші клуб. Бұған дейін мұндай жетістікке «Депортиво», «Барселона» және «Рома» жеткен. 2004 жылы «Депортиво» италиялық «Миланды» 4:0 есебімен жеңген (бірінші матч – 1:4). 2017 жылы «Барселона» франциялық «ПСЖ»-ны 6:1 қылып ұтты (бірінші матч – 0:4). Ал 2018 жылы «Рома» «Барселонаны» 3:0 есебімен жеңді (бірінші матч – 1:4).

7 минутта Дивок Ориги есеп ашса, 54 және 56 минутта Джорджиньо Вейналдум дубль жасады. Ал 79 минутта Ориги екінші голын соғып, матч нүктесін қойды. Бұл ретте алаң иелері сапындағы Салах пен Фирминоның ойынға қатыса алмағанын да айта кету керек.
  • Юрген Клопп келгелі «Ливерпуль» үшінші жыл қатарынан еурокубоктық турнирлердің финалына шығып отыр. 2016/17 жылғы маусымда Еуропа лигасының финалында «Севильядан» жеңілсе, былтыр Чемпиондар лигасының финалында «Реалға» жол берді.

  • 2013 жылдан бері алғаш рет ЧЛ финалы испандық командалардың қатысуынсыз өтпек. 2015 жылы турнирді «Барселона» жеңіп алса, одан кейін үш жыл қатарынан «Реал» чемпиондықты ешкімге бермеді.

  • Каталониялық клуб екінші жыл қатарынан бірінші кездесуді үш гол артықшылығымен жеңе тұра жарыстан шығып қалып отыр. Былтыр олар өз алаңында «Романы» 4:1 есебімен ұтып, жауапты кездесуде қақпаларына жауапсыз үш гол жіберген еді. 

  • «Ливерпуль» жартылай қорғаушысы Вейналдум ЧЛ жартылай финалында алаңға алмасып шығып, екі гол соққан алғашқы футболшы атанды.
Юрген Клопп: Мен матч алдында жігіттерге: «Жеңіп кету мүмкін емес, бірақ бізде мүмкіндік бар. Менің өмірімде талай матч болды, бірақ осыған ұқсастары есімде жоқ. Саған қарсы топ-команда ойнаған кезде доп жібере алмайсың, тек соғу керек. Тек жеңіп өту – бұл қиын, оның үстіне құрғақ есеппен... Ойыншылардың мұны қалай істегенін білмеймін...

Садио Мане: Не айтарымды білмеймін. Бұл өте ауыр. Бір тек қана сендік.

Трент Александер Арнольд: Бұрыштама добы ойламаған жерден жасалды. Мүмкіндігіңді байқап қалатын сәттер болады. Ориги – топ-ойыншы. Ал мұндай сәтте ұзақ уақыт есте сақталады.

Вейналдум: Әу бастан-ақ 4:0-мен жеңе алатынымызға сендік. Өзгелер сене қойды деп айта алмаймын.
Жауапты матчты Мұхамед Салах трибунадан тамашалады. Ол үстіне «Ешқашан берілме» деген жазуы бар жейде киіп алған.

Ертең «Тоттенхэм» мен «Аякс» финалға берілер екінші жолдаманы сарапқа салады. Бірінші ойында голландиялық клуб сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.