«Тоттенхэмді» финалға алып шыққан қаһарман кім?

Кристиан Эриксен матч қаһарманына Англияда ескерткіш соғылуы керек деп есептейді

«Тоттенхэмді» финалға алып шыққан қаһарман кім?

«Бұл туралы бірдеңе айту қиын-ақ. Мен Чемпиондар Лигасында ойнауды бала кезімнен армандадым. Ойнап қана қоймай, оны жеңіп алғым келеді. Енді міне, финалда ойнауға мүмкіндік туып тұр. Осылайша, отбасымды, достарымды, көршілерімді қуантқым келеді. Қазір не сезініп тұрғанымды сипаттап беру өте қиын. Бірінші таймда 0:2 есебімен жеңіліп жатқан кезде ойынды өз пайдамызға қарай бұратынымызға сендім.

Құдайдан жалынып сұрадым. Ол менің үш гол соғуыма мүмкіндік берді. Мен бақыттымын. Клубтастарыммен мақтанамын. Біз күрестік, барымызды салдық. Нағыз шайқас жасадық. Футбол – менің өмірім» деді «Аякс» - «Тоттенхэм» арасындағы екінші матчтан кейін 26 жастағы Лукас Моура. Жанарынан аққан жасты тежей алмаған қалпында осылай деді.

Чемпиондар лигасы жартылай финалының бірінші кездесуінде «Аякс» сырт алаңда «Тоттенхэмді» 1:0 есебімен жеңген. Жауапты матчта да 2:0 есебімен жеңіп жатты. Алайда Лукас Моура жауапсыз үш гол соқты. Үшіншісі негізгі уақытқа қосылған қосымша уақыт түгесілер тұста Онана қақпасына кірді. Сөйтті де, бүкіл «Аякс» пен команданы қолдап келген барша жанкүйерді сұлатып түсірді. Енді, 1 маусым күні Мадридте «Тоттенхэм» мен «Ливерпуль» чемпионды анықтайды.

«Тоттенхэмнің» жартылай қорғаушысы Кристиан Эриксен матч қаһарманына Англияда ескерткіш соғылуы керек деп есептейді.

«Бұл ғажайып ойын болды. Біз жеңіліп жатқан едік, алайда күресе белдік және жолымыз болды. Сөз жоқ, «Аякс» бізге қарағанда жеңіл, жылдам ойнады. Алайда біз бірінші голды соққан соң күш алып, рухтанып кеттік. Мәселе тактикада емес. Бұл – күрес. Жүрекпен сезіну және Моураның ғажайып ойыны. Осыдан соң оған Англияда ескерткіш салынса да артық емес» дейді футболшы.
Лукас 1992 жылы Бразилияның Сан-Паулу қаласында мемлекеттік қызметкер Жорже мен шаштараз Фатиманың отбасында дүниеге келген. Лукас 5 жасқа толғанда Сан-Паулу штатының аңызына айналған, бірақ аты Еуропада танымал емес – Марселиньо Кариокидің академиясында доп тебе бастайды. Содан ба оны кішкентай кезінде бәрі «Марселиньо» деп атаған. Бала Моура бойы кішкентай болғанына қарамастан шабуылда шебер ойнайтын, гол соққыш болыпты.

Тез арада дараланған футболшы «Санта Мария» мен «Жувентуста» жарқылдай ойнап, бірден «Коринтианс» сапына алынады. Жаттығуға бару үшін 10 жастағы Моура бір автобус пен екі трамвайды ауыстырып мінуге тура келген. Оның ата-анасы клубтан бала үшін арнайы баспана қарастыруды сұраған кезде академия оны тәрбиеленушілер қатарынан шығарып тастайды. Әке-шешесі болса әбден жол жүріп шаршаған ұлдарының қайта салмақ жинауы үшін арнайы маман да жалдаған.

Көп ұзамай «Коринтианстың» басты бәсекелесі «Сан-Паулу» Лукасты өздеріне алады. Футболмен кәсіби түрде айналысу үшін 13 жастағы Моура ата-анасының үйінен кетіп қалады.
«Мен клубтың базасында өмір сүрдім. Үйден кеткен соң аса жайлы өмірге тап болдым деп айта алмаймын. Көше толған қылмыскерлер мен есірткі сатушылар еді. Бірақ мен өз жолымнан айнымауға тырысып, бар ойымды футболға ғана бөлдім. Әркез Жаратушыға және берген тәрбиесі үшін ата-анама алғыс айтамын".

Кәмелетке толар шағында «Сан-Паулудың» негізгі құрамына ілінеді. Ал 20 жасында клубпен бірге Оңтүстік америка кубогын жеңіп алды. Сол жолы финалда гол соғып әрі нәтижелі пас береді. 2013 жылы Моура «ПСЖ»-ға ауысып, еуропалық чемпионаттың дәмін татты. Клубқа сәтті сіңісіп те кетті. Төрт маусымда 46 гол соқты. Унай Эмери бас бапкер болып келгеннен кейін Моураның басына қара бұлт үйірілді. Испан бапкері Моураны клуб ішіндегі ақпаратты сыртқа тасыды деп айыптаған.

Дәл сол кезде әлемдік ақпарат құралдары Кавани мен Неймардың төбелесі, Хатем бен-Арфа мен Эмеридің келіспеушілігі жайлы жарыса жазып кеткен. Алайда клуб ойыншылары оның трансферге шығарылуына мүлде құптамаған.
«Тоттенхэмге» ауысқаннан кейін де Моура үшін негізгі құрамға ешкім де кепілдік бермеген. Себебі, клубта Харри Кейн, Сон Хин Мын секілді мықты шабуылшылар бар еді. Алайда Кейннің жарақаты қосалқы құрамдағы Моураның жасыл алаңға жиі шығуына мүмкіндік берді. Ол биыл ағылшын чемпионатында 31 матчқа қатысып, 10 гол соққан.