«Қайрат» қатарынан төртінші рет жеңілді (видео)

Алматылық клуб «Астана-Аренада» Атырауға жол берді

«Қайрат» қатарынан төртінші рет жеңілді (видео)

Алматылық «Қайрат» клубы Қазақстан премьер-лигасының оныншы туры аясында «Астана-Аренада» «Атырау» клубымен кездесіп, 1:2 есебімен жеңіліс тапты.

Алғашқы болып есепті шартты түрдегі алаң иелері ашты. 

34 минутта алматылық клуб қорғаушысы Раде Дугалич тәртіп бұзғаннан кейін «Атырау» футболшысы Ивица Жунич пенальтиді сәтті орындады. 
Алайда екі минут өткен соң-ақ «Қайрат» есепті теңестірді. Адеринсола Эсеоланың алыстан бағыттаған соққысы қақпа торында тулады. 
Бірақ бұдан әрі қарай «Қайрат» тиімді шабуылдар ұйымдастыра алмады. 69 минутта «Атырау» ойыншысы Ризван Аблитаров гол соғып, командасына жеңіс сыйлады.

Еске салсақ, алматылық клубты былтыр қараша айынан бері 30 жастағы белорусиялық маман Александр Шпилевский жаттықтырады. Ол отандық чемпионаттағы ең жас бапкер. Бапкер мен клуб арасында үш жылдық еңбек келісімшарты жасалған. Клуб қостанайлық «Тобылдан» қатарынан екі рет жеңілгеннен кейін (ел чемпионатында және кубокта) клуб басшысы Қайрат Боранбаев «Шпилевскийдің отставкаға кетпейтінін, үш жыл бойы клубты жаттықтыратынын» мәлімдеген еді.