Бар чемпионат АПЛ-дай болсайшы

Газет мақаласы Айқын газеті №73

Ағылшын чемпионатын көрсең, айызың қанады. Нағыз шайқас, нағыз бәсекелестік осында дерсің. Расында солай. Әр матч Чемпиондар лигасының финалы іспетті.

Бар чемпионат АПЛ-дай болсайшы

Биыл қызық болғанда Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының финалына төрт бірдей ағылшын клубы шығып, айран-асыр қылды ғой. Еуропаның ең үздік турнирінің кубогын «Тоттенхэм» мен «Ливерпуль» сарапқа салса, Еуропа лигасының кубогына «Арсенал» мен «Челси» таласады. Бұлардың турнир бойы жүріп өткен жолын былай қойғанда, тек қана жартылай финалда қандай ғажайып камбэктер жасағаны әмбеге аян. «Ливерпуль» каталониялық «Барселонадан» қарымта ойында айласын асырып кетеді деп кім ойлаған. «Тоттенхэмнің» соңғы үш секундта «Аякстан» жеңісті жұлып алғанын қалай ұғынсақ болады? Мұның бәрі сөз жоқ, төрешінің соңғы ысқырығы естілгенше жан аямай айқасудың арқасы болса керек. Басқа-басқа ағыл­шын клубтары осы­ған дағдыланған. Олар үшін мерзімі­нен бұрын жеңіліп қою, қарсыластың ыңғайына жығыла салу, намысын құлату – әсте жат қылықтар санатында. Бірақ біз мақтап отырған төрт клубтың ешбірі биыл чемпионатта топ жара алмады. Ол бір жағынан түсінікті де, аптасына үш-төрт матч өткізіп, екі майданда қатар ұрыс салу физикалық тұрғыдан мүмкін де емес. Сондықтан екінің бірін таңдауға тура келеді. Не ойын жағдайы өзі-ақ соған әкеп мәжбүрлейді. Биыл да чемпиондық «Манчестер Ситиге» бұйырды. АПЛ-дың 38 турында «Брайтон» өз алаңында «Ситиге» 4:1 есебімен есе жіберді. Ал қатар өтіп жатқан матчта «Ливерпуль» сапында Садио Мане дубль жасап «Вулверхэмптонның» аптығын басқан еді. Бірақ Клопп шәкірттері үшін бұл жеңістің өзі көмектесе алған жоқ.

Осылайша, қатарынан екінші жыл чемпион атанды Пеп Гвардиолла шәкірттері. Әр ойынды мұқият өткеріп, ұпайдан шашау шығармауға тырысқан Пеп те мықты екен. Мойындайсың. Нағыз тактик деп жатады білетін жұрт. Ол рас та шығар. Соның өзінде екінші орындағы «Ливерпульден» небәрі бір ұпайға ғана озды: 98. Ал «қызылдарда» 97 ұпай. Осыдан-ақ АПЛ-да кімнің чемпион атанарын ешкімнің де болжауға батылы бармағанын аңғаруға болатындай. Жалпы, Еуропа чемпионаттарында қай команда 90 ұпайдан жоғары жинаса, оған чемпиондық атақ бұйырды деген сөз. Оған ешкім күмәнданып та жатпайды. Бірақ кейде жағдайдың аяқасты өзгеріп сала беретіні бар. «Ливер­пуль» биыл сондай жағдайды бастан кешті. Әйтпесе, 97 ұпаймен басқа кез келген ТОП-чемпионатта бас бәйгені сөзсіз алуға болушы еді. Дәл осындай жағдай 2009-2010 жылғы маусымда «Реалдың» да басынан өткен. Сол кезде корольдік клуб 96 ұпаймен чемпион атана алмаған. Былтыр А сериясында «Наполи» 91 ұпай жинағанына қарамастан екінші сатыдан жоғары көтеріле алмаған.

«Ливерпульді» құттықтап, оларға алғыс айтуымыз керек. Олар біздің деңгейімізді биіктетуге итермеледі. 98 ұпай жинап, чемпиондықты қорғап қалу – керемет жағдай. Біз барлық матчта жеңімпаз атануға тырысып, ұпай жоғалтпадық. Бұл менің карьерамдағы ең қиын маусым болды», – депті Пеп матчтан кейін. Жалпы, бұл испан маманының өз кәсіби мансабындағы сегізінші чемпиондық титулы. Ақыры келтірген соң, Клопптың да пікірін келтірейік.

«Деңгейі мен қаржылық күш-қуаты жоғары бұл «Манчестер Ситиді» басып озу өте ауыр. АПЛ-ды жеңу үшін біз барынша тырыстық. Келесі жылы да тура осылай 97 ұпай жинаймыз деп айта алмаймын. Бірақ біз тың қуатпен қайта келеміз. Келер маусымнан үлкен үміт күтемін. Адамдар «Ливерпуль» 30 жылдан бері чемпион атана алмай жүр деп өкпе айтуы мүмкін. Ал шындап келгенде біз көп клубтан көш ілгеріміз. Мұны бағалау керек. «Ливерпуль», бұл – аяқталмаған тарих», – дейді неміс маманы. Әрине, АПЛ-дағы екінші орынға қарап «қызылдар» үшін маусым сәтсіз болды деп айту асылық болар еді. Шындап келгенде мұның өзі – ғажайып жетістік. Оның үстіне алда әлі Чемпиондар лигасының финалы бар. «Ливерпуль» Клоптың басшылығымен аталған турнирдің финалына осымен екінші рет қатарынан шығып отыр. Сондай-ақ команданың мықты ойыншылары биыл да өз қарқынын сақтап қалды. Көрсетті. Тәнті қылды. Маусым басында клуб қатарына қосылған бразилиялық қақпашы Алиссон 21 кездесуде қақпасын аман сақтап, маусым қорытындысы бойынша «Алтын қолғап» сыйлығын иеленді. Биылдыққа 22 гол соғып, бомбардирлер көшін бастаған Мұхаммед Салах, Садио Мане және Пьер-Эмерик Обамеянг («Арсенал») «Алтын бутсы» сыйлығын өзара бөліспек.