Лука Йович

Газет мақаласы Айқын газеті №84

Югославиялық басқа ойыншыларға қарағанда, Лука Йовичтің жолы болды. Ол – бейбіт әлемнің өкілі. Серб-босния арасындағы қақтығысты көрген жоқ, туған жері Батарға қауып төнген емес. Йович Боснияда дүниеге келді. Серб отбасында тәрбиеленді. Футбол – генінде. «Црвена Звездада» тәлім алған балаға қазір әлем көз тігіп отыр. ЕЛ-дің жартылай финалында «Челсиге» гол соққан Луканың қауқары белгілі.

Лука Йович

Volkswagen Passat

Лука Йович 7 жасынан Лозница елдімекенінде футбол ойнады. Оған әр ойын үшін 50 евро төледі. Кішкентай бала ақшасын әкесіне бергеніне мәз болатын. Милан ұлының доп тепкенін құптағанымен, ақшасын ұсынғанда қымсынатын. Дегенмен Луканың мұнан да үлкен биікті бағындыратынына сенетін.

Келе-келе Йовичті алыс-жақындағы футбол мамандары іздейтінді шығарады. Бірде «Црвена Звезданың» скауты Луканың ойын мәнерін көруге арнайы келеді. Ойын барысында оның қай аяғы соққы жасауға икемді екенін анықтай алмайды. Лука екі аяғымен де соққы бағыттай алатынын айтқанымен, скаут сене қоймайды. Пенальтиді оңмен де, солмен де тебуді бұйырады. Йович мүмкіндікті мүлт жібермейді.

Оған серб шабуылшысы Саво Милошевич ұнайтын. Әрі Саво әкесінің туысқаны еді. Өзі «Партизанмен» біраз жетістікке жеткен. Саво қонаққа келгенінде Милан Лукаға «Партизан» қызығып отырғанын, қаласа айына 200 евро төлейтінін жеткізеді. «Црвена Звезда» мен «Партизан» – кіші класико жасайтын команда. Лука болса бұрыннан «Црвена Звезданың» жанкүйері. Елдегі екі үлкен клубтан ұсыныс түсіп, біраз абдырап қалады. Сонда Милошевич шешімді Луканың қабылдайтынын, өзі қалаған клубта ойнауға құқылы екенін айтады. Нәтижесінде, Йович «Црвена Звезданың» жұлдызы болуды мақсат етеді.

Батардан Белградқа машинамен 3 сағатта жетесің. Милан ескілеу Volkswagen Passat-ымен Луканы 6 жыл бойы жаттығуға апарады. Кейде бару-қайтуға уақыт жоғалтпас үшін, машинада ұйықтауға тура келеді. Бұл жайында Милан Mozzart Sport-қа берген сұхбатында айтады. Лукаға сенбі-жексенбі қатарынан алаңға шығуға тура келеді. Батарға барып-келіп әуре болмай-ақ, машинаны оңтүстік трибуна жаққа қойып, әкелі-балалы ұйқыға кетеді. Сол түні оларды үсік шалуға аз қалады. Күзетшілер оятып, Луканың жағдайы басшылыққа жетеді. Қатарынан ойын болған күндері Йовичтерге стадион маңындағы пәтерде қалуға рұқсат береді. Әкесінің Passat-ы бұзылған күндері Белградқа Душко Тошичтің әкесі жеткізіп салады.

Ұлының Белградта доп тебуіне жағдай жасау үшін әкесі несие алып, дүкен ашады. Йовичтердің көкөніс фермасы болатын, дүкенде сатылатын заттардың дені бақша өнімдері еді. Лука да отбасының карьерасы үшін жанталасып жүргенін көріп, «Црвена Звездада» барын салатын. Көп ұзамай жастар құрамасында жұлдызы жанады. Белградтағы клубта жүріп атағы аспандай түседі.

Таңдау

Германия, Англия, Италия клубтары Лукаға ұсыныс жасайды. Арсен Венгердің өзі Йовичке арнайы қоңырау шалған деседі. «Штутгарт» пен «Боррусия» скауты Йовичті Германияда карьера жасауға үгіттейді. Олар Фреди Бобич пен Мики Стевич еді. Сонда Бобич Лукамен кейін де жолы түйісетінін білген тәрізді. «Германияға қоныс аудармаймын» дегенді сан мәрте естісе де, Бобич айтқанынан қайтпайды.

2006 жылы Лука Германияға кетуге бел байлайды. Неміс азаматтығын алып, өзін бундеслигада сынап көргісі келеді. Германияға қоныс аударатын мүмкіндік туады. Бірақ бәріне емес. Әжесі мен атасы Батарда қалуға мәжбүр екен. Лука ұсыныстан бірден бас тартады. Атасы мен әжесін қатты жақсы көретін. Жанынан тастағысы келмейтін. «Црвена Звездада» мәңгі жүрмейтінін түсінетін. Сондықтан да «басқа клубқа ауыса қалсам, жанұямды өзіммен бірге алып кетемін» деген жоспары бар-ды. Оның үстіне әжесі мен қарындасы лейкемиямен ауыратын. Жақындарын жалғыз тастап кеткісі келмегендіктен, «Црвена Звездада» қалуды жөн көреді. Йовичтер емге ақша жинау үшін ферманы сатады. Ақша жағынан Саво Милошевич те жәрдем береді. Әжесі емделуден бас тартады. Жинаған бар ақшаны немересіне жұмсауды өтінеді. Луканың қарындасы жазылады, бірақ әжесі дүние салады. Іштегі қайғыны жеңу үшін зейінін футболға аударады. Жаттығу алаңына ерте барып, кеш қайтып жүреді. Мұнысы нәтиже береді.

16 жасында «Црвена Звезданың» негізгі құрамында бой көрсетеді. Дебюттік матчында жанкүйер сүйіктісіне айналады. Лука алаңға шыққанда таблода 1:3 есебі тұрады. Ойын соңына дейін «Войводинамен» есепті теңестіреді. Клубтың спорт директоры Звездан Терзич Йовичті «сербтік Радамель Фалькао» деп атайды. Шынымен де, Йовичтің ойын жүйесі Фалькаоға ұсқайтын. Өзі де «Месси мен Роналду кімге ұнамасын? Маған Ибрагимович те ұнайды. Бірақ менің кумирім – Радамель Фалькао» деген еді.

2014/15 жылғы маусымда «Црвена Звезданың» жағдайы қиындайды. Лигада да, кубокта да қарсыластарына жол береді. Лалатович кетіп, Божович бапкер болады. Лалатовичтің кезінде жиі алаңға шығатын Лука, Божович тұсында қосалқы құрамда қалады. Клубтың қаржылық жағдайы да мәз емес еді. Йович келісімінсіз-ақ ойыншыны «Бенфикаға» сатып жібереді. Лука Белградтан Лиссабонға көшеді.

Йович «Бенфикадағы» алғашқы маусымда алаңда барлығы 40 минут өткізеді. Сондағысы қосалқы құрамдағы 3 ойын. 18 жастағы ойыншы өзін жинақтай алмайды. Селқос жаттығу жасап, үйін сағынып жүреді. Оның үстіне «Бенфикада» өзімен қатарластары кіл мықтылар. Митроглу әр ойын сайын гол соғатын. Ол болмаса, Хименес алаңға атой салуға дайын еді. Жонас та мүмкіндігін қалт жібермеуге тырысатын. Йович болса, аталғандардан уақыт артылса алаңға шығып, қауқар танытатын. Бірде Митроглудың бабы келмейді, Хименес жарақат алады, кезек Йовичке келеді. Жаттығуда бәрі Йовичке жұмыс істейді. Лука болса оңынан да, солынан да соққы бағыттап бапкердің сеніміне кіреді. Осыған желпінді ме екен, матч болатын күннің алдында түні бойы түнгі клубта жүреді. Ісі бапкер құлағына жетіп, ойынға қатыспайды. «Бенфикалықтар» Йовичтен құтылудың жолын іздеп, «Айнтрахтқа» сатып жібереді. Лиссабондық клуб Йовичтің «адам болмайтынына» сенімді еді.

Мүмкіндік

Йовичтің Германияда жаңа тынысы ашылады. Бобич дегеніне жетеді. Биылғы маусымда бун­де­с­ли­­гада 17 гол соғады. Еуропа Лига­сында бұрынғы «Бенфикасын» 1/4-те Лиссабонға қайтарып, өзі Лондонда жартылай финалға қатысады. «Челси» қақпасына гол соғып, талантын Сарри бағалайды. Осы аптада «Айнтрахт» «Бенфи­каға» келісілген 7 миллион евросын төледі. «Бенфиканың» сан соғып қалғаны анық. Өйткені «Айнтрах­т­қа» Йович үшін «Реал» 60 мил­лион евро төлеуге дайын. «Бава­рия» мен «Барселона» да ойын­шыны қатарына қосқысы келеді.

Лука қазір – 21 жаста. Батардағы үйіне құрылыс жұмыстарын жүргізді. Белградтан ата-анасына үй сатып алды. Енді Испанияға көшуге дайындалып жатыр. Оның Англияда ойнағысы жоқ. Италия мен Испаниядан ұсыныс қабылдауға дайын. «Реалға» келсе, аттасы күтіп алары анық. Модрич дем беріп, Кросс жартылай қорғаныстан көмекке келер. Марсело тәжірибесімен бөлісіп, Бенземадан да үйренері бар шығар. Англиядан Азар барып, Ла Лигада жаңа дуэт құрар. Тек атақты клубта өзін жоғалтып алмаса болғаны. Ешкім Депайдың күйін кешкісі келмейді...


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ