«Ювентус» ресми түрде жаңа бас бапкердің есімін жария етті

Сарри лондондық командада 2018 жылдың жазынан бері жұмыс істеді

«Ювентус» ресми түрде жаңа бас бапкердің есімін жария етті

Туриндік «Ювентус» клубын алдағы жаңа маусымда кімнің баптайтыны белгілі болды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлады.

Туриндік клуб басшылығы биыл «Челсиге» Еуроп лигасын алып берген италиялық маман Маурицио Сарримен келісімге келген. Келісімшарт 2022 жылдың 30 маусымына дейін жасалыпты.

Сарри лондондық командада 2018 жылдың жазынан бері жұмыс істеді. Оның басшылығымен «ақсүйектер» АПЛ-да үшінші орын алып, Еуропа лигасында топ жарды. Сарри «Челсиге» дейін «Наполи» және «Эмполи» командаларын баптаған болатын. Ал «Ювентусті» бұған дейін Массимилано Аллегри жаттықтырған. Ол төрт жыл бойы команданы баптап, алайда Чемпиондар лигасында жеңіске жете алмады.