«Аякстың» 19 жастағы капитаны қай клубқа баратынын шешті

Туринге келуге көндіргендердің бірі Криштиану Роналду болуы да мүмкін

«Аякстың» 19 жастағы капитаны қай клубқа баратынын шешті

Голландиялық «Аякс» клубы мен Нидерланды құрамасының қорғаушысы Маттейс де Лигт туриндік «Ювентус» жейдесін киюге шешім қабылдаған.

Бұл туралы Sky Sports Italia басылымы хабарлайды.

Тараптар қазіргі таңда футболшы үшін төленетін өтемақы құны туралы келісімге келген. Бұл трансферден «Аякс» 75 миллион еуро пайда таппақ. Ал футболшының өзі жақын күндері «Ювентус» сапындағы медициналық тексерістен өту үшін Туринге келмек.

Футболшыны әйгілі «Барселона» және «Манчестер Юнайтед» клубтары да өз қатарынан көргісі келген болатын. Жас капитанды Туринге келуге көндіргендердің бірі Криштиану Роналду болуы да мүмкін. Олар 10 маусым күні Ұлттар лигасының финалдық матчынан кейін (Португалия – Нидерланды) аз-кем сөйлесіп қалған болатын. Де Лигтің айтуынша, сол кезде Роналду оған туриндік клубты таңдауға кеңес берген.

Де Лигт 2018/19 жылғы маусымда «Аякс» капитаны міндетін абыроймен атқарып шықты. Бірнеше маңызды голдарды да соқты. Командасымен бірге Чемпиондар лигасының жартылай финалына шықты.