Алжир маржаны

Газет мақаласы "Айқын" газеті №122

Рияд Марез «Лестер» ертегісін «жазғандардың» бірі. Футбол-күнделігінде  жақсы деген баға бар. Былтыр «Манчестер Ситиге» ауысты. Гвардиоладан бестік алам деп келген. Алғашқы маусым  клуб үшін сәтті болғанымен,  жекелей тұрғыда қанағаттанарлық. Биылғы маусымда Бернарду Силва алған бағадан үмітті.

Алжир маржаны

Әке арманы

Рияд Марез Францияның Сарселс қаласында дүниеге кел­ген. Арғы тегі алжирлік болған соң, елі­не жиі барып тұратын. Зинедин Зидан да – Сарселстен шыққан футболшы. Риядқа Зидан футбол мотивациясы еді.

Әкесі Ахмед ұлының футболға деген махаббатын оятқан. Марез­дің футболшы болуын қалаған да өзі. Өйткені кезінде Францияның кішігірім клубтарында доп тепкен. Қым-қуыт тіршілікке қарамастан, бала­сының әр ойынын тамаша­лау­ға келетін. Марез 15-ке толғанда әкесі жүрек талмасынан қаза таба­ды. Жақынының қазасы ауыр тие­ді. «Әкемнің қазасынан соң, сал­мақты бола бастадым. Бұл ке­зең­ді Kic­kstart деп атадым. Бәрін қайта бас­тауға тиіс болдым» дейді ойын­шы.

Рияд Марез жасөспірім ша­ғын­да физикалық тұрғыдан әлсіз болған. Бапкері алаңда ілбіп жү­ріп, кәсіби футболда ойнай ал­май­сың дейтін. Марез сұхбатында «Маған өте арықсың, техникаң тәуір бол­ғаны­мен, физикаң әлсіз деді. Жылдамдық жетіспейтін. Бірақ әрқашан барынша жаттығуға тырысатынмын» деп бала кезін еске алған. Бірде Марезге менед­же­рі кеңес береді. Кішкентай әрі арық болсаң, алаң сені билейтінін айтады. Қарсыластың қомында кететінін ескертеді. Күш жетпеген соң ақылды іске қосуды ұсынады. Қарсыластан қашықта сақтана ойнау қажетін үйретеді.

Әкесі қайтқан 4 жылдан кейін Марез Quimper клубымен келісім­шарт­қа отырады. 19 жасар ол Поль Погбаның ағасы Матиас Погбамен доп тебеді. Ескі қала болашақ футбол жұлдызына тарлық ететін. Quimper-дегі ойыны үшін ПСЖ мен Марсель «құда түскен». Алайда фут­болшы «жоқ, рақмет» деп жа­уап қайырады. Quimper-де   27 ойын өткізіп, 1 гол соғады. Жала­қы­сы мардымсыз болатын. Жақсы ұсыныс түссе қабылдауға дайын еді. Сөйтіп, «Гаврдың» әуесқойлар құрамына ауысады.

«Гавр» сапында 4 маусым ой­най­ды. 4 маусымда 4 бапкерден дә­ріс алады. Бұл Марезге кәсіби түр­де өсуге көмектеседі. 57 ойында 24 гол соғады. Негізгі құрамға ауы­су­ға жеткілікті нәтиже.

Лига 2-де Риядтың ойын темпі өзгереді. 2012/13 жылғы маусымда 5 гол соғады. 2013/14 жылы да осы көрсеткішті қайталайды. Дегенмен даму жолын іздейді. Мақ­саты – ойын жүйесін шыңдау. Марезге атақ­ты клубтағы қосалқы құрам қажет болмады. Діттеге­ніне жету үшін түрлі басқыштан өтті. Со­ңын­­да, 2014 жылы күллі Еу­ропа Марез есіміне қанық болды.

 

Лестерге саяхат

Бірде ме­нед­жері Ва­хид оған «Лестер Си­ти» клубы қатарға қос­қы­сы келетінін жеткізеді. Бас­тап­қыда ол «Лестерді» регби клубы екен деп ойлайды. «Лестер» ол кезде нағыз ағылшын футбо­лы­нан қашық еді. Чемпион­шип­те өнер көрсететін. Клубтың барын санау­лы адамдар білетін. Рияд келіседі. 2014 жылы қаңтарда «Лестер Сити­мен» келісімшартқа қол қояды. Клуб жайында «Лестерге» келге­німде команда аурасының жақсы екенін байқадым. Келісім үшін өкінбеймін. «Лестер» – доп тепкен үздік клубтарымның бірі» дейді.

Клубқа келген алғашқы мау­сым сәтті өтеді. «Лестер» ағыл­шын премьер-лигасына жолдама алады. Бұл даңғыл жолдың басталуы еді. Өйткені алдында тосынсый күтіп тұрған. Премьер-лигадағы алғаш­қы маусымда 4 гол соғады. Мойы­майды. Себебі, келер маусым Марез жылы боларына іштей дайындық жасай­ды. АПЛ алпауыттарына дес бермеген Раньери шәкірт­тері лига чемпионы болады. 2015-2016 жылғы маусым Марезге сәт­тілік сыйлайды. Ол ағылшын фут­болындағы үздік ойыншы аталымын жеңіп алған алғашқы алжирлік әрі африкалық ойыншы атанады.

Марез 3.JPG

Маусым соңында «Лестерге» «Арсеналдан» Марезге қатысты ұсы­ныс түседі. Алайда ол «Лестер­мен» келісімшартын ұзартады. «Лестерде» барлығы 179 ойын өткізеді. 48 гол соғып, 38 нәтижелі пас береді.

Манчестер биігі

2018 жылы 60 млн фунтқа «Лестерден» «Манчестер Ситиге» ауысады. 2018/19 жылғы маусымда 27 матч өткізеді. 7 гол соғып, 4 ассист жасайды. Клубқа келген бетте «Манчестер Ситимен» Чем­пион­дар лигасына қол жеткізгісі келетінін айтады. Алайда ЧЛ-де ширек финалдан Манчестерге қайтады. Бас­па­сөз мәс­ли­хат­тары­ның бірін­де «Ман­Сити» Чем­пион­­дар лига­сын биыл ал­ма­са да, келер жылы күре­се­тін болады» дей­ді.

«Манчестер Сити» бір жылда 4 трофей еншілейді. Бұл – тарихи көр­сеткіш. АПЛ, Англия кубогы, Лига кубогы мен Англия суперкубогын же­ңіп алады. Соң­ғысын 4 тамыз күні «Ливер­пульмен» ойында олжалайды. Марез бастаған Гвардиола шәкірт­те­рінің ендігі аялдамасы – Чем­пион­дар лигасы. «Сити» кол­лекциясына жетпей тұр­ған да – осы трофей. Марездің де «Ман­Сити­ге» келгендегі мақсаты – айқұ­лақ­ты кубок.

2018/19 жыл­ғы маусымда «Сити» сапын­да жиі бой көр­сет­кен жоқ. Осы­­ған қарап ойын­шы басқа клубқа ауыса­ды екен деген қауесет шық­ты. Мұны Ма­рез бен Гвардио­ла жоққа шығарды. Әрине, Марез үшін Манчестер биі­­гін бағындыру оңай емес. Алайда табанды ойын­шы барынша тырысатыны анық.

 

Алжир

Ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойыны 2014 жылы өтеді. Мамырдағы ойын жүйесі бап­керге ұнап, мундиальға бара­тын құрамға кіреді. Бра­зилияда тек бір ойынға қатысады. 23 жастағы ойыншы үшін Әлем чемпионаты айрықша тәжірибе болады.

АПЛ-де жеткен же­тістігі мен Алжир құра­­ма­сындағы орны үшін Марезді «Алжир маржа­ны» деп атайды. Шынымен де, биылғы Африка кубогінде Марез атына заты сай өнер көр­се­те­ді. Жартылай финалда 95-ми­нут­та айып соққысынан гол соғып, Алжирді финалға алып шығады. Алжир финалда «Сене­галды» 1-0 есебімен ұтып, Африка кубогын иеленеді. Осылайша, Марез мау­сым­ды үздік аяқтаған футбол­шы­лар қатарына кіреді.

 Марез1.JPG

Сенім

Марез Quimper-де жүрген кезі­нен қайырымдылықпен айна­лы­сады. Жалақысының белгілі бір бөлігін арнайы қорға аударады. Немесе балалардың еміне жұмсай­ды. Бірде ол 14 жаста­ғы Мәриям Равелдің бала арма­нын орындай­ды. Ол да әкесінен ерте айырылған жеткін­шек болатын. Мәрияммен кездесіп, қолтаңбасы бар жейдесін сыйлайды.

Марез достарымен бірге пицца дайындағанды ұнатады. Егер футболшы болмағанда, Рияд міндетті түрде пиццерия ашатын еді. Мінезіндегі шектен тыс сен­гіш­тігін ұнатпайды. Жалғыз қал­ғанды, музыка тыңдағанды, ұйықтағанды жақсы көреді.

Марез – талантты футболшы. «Ситиде» қосалқы құрамда отыр деп сөгетіндерге мән бермеуге тырысады. Себебі, ол Гвардиоладан тәлім алу үшін Манчестерге келді. Испан маманынан үйренері көп. Пеп те дарынды ойыншыға жол көрсетері анық.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ