УЕФА Суперкубогы: «Челси» мықты ма, әлде «Ливерпуль» күшті ме?

Кездесуге франциялық төрешілер алқасы қазылық етеді

УЕФА Суперкубогы: «Челси» мықты ма, әлде «Ливерпуль» күшті ме?

Тамыздың 14-інен 15-іне қараған түні биылғы маусымның алғашқы трофейі сарапқа салынады. Ағылшынның қос клубы – «Челси» мен «Ливерпуль» УЕФА Суперкубогына таласпақ. Алдыңғысы биыл Еуропа лигасын бағындырса, соңғысы Чемпиондар лигасын жеңіп алды.

Кездесу Стамбұлдағы «Водафон Аренада» өтпек. Аталған стадионға 43 500 көрермен сыяды. Елорда уақыты бойынша матч түнгі 01:00-де басталады. Аталған кездесуді QazSport телеарнасы тікелей эфирде көрсетпек.

Ал кездесуге франциялық төрешілер алқасы қазылық етеді. Стефани Фраппар бас төреші болса, Мануэль Николози мен Мишель О Нил қапталдағы төреші міндетін атқарады. Ал қосымша төреші қызметі түрік қазысы Джюнейт Чакырға жүктелген.

«Ливерпуль» маусым аралық үзіліс кезінде соншалықты өзгеріс жасаған жоқ. Қосалқы қақпашы Симон Миньоле бельгиялық «Брюгге» командасына ауысып, оның орынын 32 жастағы Адриан басты. Ол бұған дейін «Вест Хэм» сапында ойнаған. Англия Суперкубогына талас матчында Клопп шәкірттері «Манчестер Ситимен» тең дәрежеде ойнап (1:1), тек пенальти сериясында (4:5) жол берді.

«Челси» болса маусым аяқтала салысымен бас бапкер Маурицио Сарримен қош айтысты. Олар былтырғы чемпионатты үшінші орынмен аяқтаған болатын. Бас бапкерлік қызметке клубтың аңыз ойыншысы Фрэнк Лэмпард келді. Сондай-ақ 7 жыл бойы команданы өрге сүйреген үздік футболшы Эден Азар «Реалға» ауысты. Қорғаушы Давид Луиз де енді «Челси» намысын қорғамайды.

Ағылшын чемпионатының бірінші турында «Ливерпуль» АПЛ дебютанты «Норвичті» 4:1 есебімен оңай жеңсе, «Челси» сырт алаңда «Манчестер Юнайтедтен» 0:4 есебімен қирай ұтылды.