Қазақ баласы футболдан Қытай құрамасына қабылданды

Газет мақаласы Айқын газеті №124

Қытайда туып-өскен қазақ баласы Елжан Шынарұлы футболдан 20 жасқа дейінгі Қытай құрамасына шақырту алған.

Қазақ баласы футболдан Қытай құрамасына қабылданды

Бұл туралы әлеуметтік желіде Мұрат Алмасбек есімді қолданушы жаз­ды. Оның айтуынша, Елжан қорғаушы позициясында өнер көрсетеді. Қазақ ұлты арасынан осындай деңгейге көтерілген ал­ғаш­­қы кәсіби футболшы. Бұдан кейін Елжан туралы негізгі ақпа­рат­ты қытайлық ресурстан алдық.

Қытай футбол федерациясы 2019 жылы 8 тамыз күні 20 жасқа дейінгі Қытай жастар құрамасына шақырту алған ойыншылардың тізімін жариялады. Тізімде «Шэньч­жэнь» футбол клубының қорғаушысы Елжан Шынарұлы да бар. Құрамаға шақырту алған футболшылар 17 тамызға дейін Қытай футбол федерациясының ресми тіркеуінен өтуі тиіс. 20 жас­қа дейінгі Қытай жастар құрамасы 17 тамыз бен 10 қыркүйек аралы­ғын­да оқу-жаттығу жиындарын өткізбек. Оқу-жаттығу жиыны ая­­сында Сербия құрамасымен жол­­дастық кездесу өткізу жоспар­ланған.

Елжан Шынарұлы 1999 жылы 6 маусым күні Шыңжан өңіріне қарас­ты Бурылтоғай ауданы, Бота­мойын қыстағында дүниеге кел­ген. 2016 жылдан бастап фут­болмен кәсіби түрде айналы­сады.

Елжан осы уақытқа дейін 2016 жылы «Гуаңду» клубына шақырты­лып, сол жылдан бастап 18 жасқа дейін­гі жастар құрамасының жей­десін киген. 2016 жылы «Шэньчжэ­нь» клубына ауысып, содан бері аталған клубтың жастар құрама­сын­­да өнер көрсетіп, 3 гол салып, 4 нәтижелі пас берген. 2019 жыл­дың басында Елжан «Шэньчжэнь» клу­бының қосалқы құрамасына шақы­ртылады. Ал шілде айында клуб­тың негізгі командасына ауы­сып, аз уақыт аралығында 6 ойынға қатысып, өзін жақсы қырынан көрсетіп үлгеріпті.

Қазір «Шэньчжэнь» клубы Қытай басты чемпионатында 15 ұпаймен 15-орында келе жатыр. Бұған дейін Ержет Ерзат есімді қазақ жігіті 20 жасқа дейінгі Қытай құрамасы сапында қақпашы болып өнер көрсеткен еді. Біраз уақыт бұрын португалиялық Gondomar клубы сапында да өзін сынап көрді. Қазір «Чунсин Лифа­нь» командасының қақ­па­сын күзе­теді. Оның командасы Қытай чем­пионатының сегізінші ор­нын­­да келе жатыр. Ал көш ба­сын­да 58 ұпаймен «Гуанчжоу Эвер­гранд» клубы тұр.

Қазір Қытай чемпионаты футбол нарығындағы өте белсен­ді біріншілік болып саналады. Еуропада өзін мойындатқан небір тарлан футболшылар қазір Қытай жасыл алаңдарында доп теуіп жүр. Біздің Елжан да, Ержет те сондай мықтыларға қарсы әр тур сайын алаңға шығып, өз ше­бер­ліктерін шыңдауда. Егер алдағы уақытта Қытайдың ере­сек­тер құрамасына қабылда­нып жатса, бұл үлкен жетістік болмақ. Бәлкім футбол­шы­ларға біздің клубтар да назар аударып қалар. Бәлкім, олар Еуропа есігін ашуға талпынар.