«Барселонаға» керек болмай қалған қымбат ойыншы жаңа клуб тапты

Бразилиялық футболшы енді мюнхендік клуб сапында бір маусымда 12 млн еуро таппақ

«Барселонаға» керек болмай қалған қымбат ойыншы жаңа клуб тапты

Былтыр 145 млн еуроға «Барселонаға» ауысып келіп, алайда каталониялық команданың үмітін ақтай алмаған футболшы Филиппе Коутиньо жаңа клубымен келісімге келді.

Мюнхендік «Бавария» өзінің твиттердегі парақшасында бразилиялық жартылай қорғаушыны өз қатарларына қосқанын жариялады. Неміс командасы футболшыны жалға алған. 27 жастағы ойыншы жаңа клубы қатарында 10 нөмірмен өнер көрсетпек. Аталған нөмір соңғы 10 жыл бойы шабуылшы Арьен Роббенге тиесілі болып келген еді. Голландиялық футболшы былтырғы маусымнан соң клубтан кеткен.

Ал Коутиньо «Барселонаға» ағылшындық «Ливерпуль» клубынан ауысып келген болатын. Ойыншы каталониялық команда жейдесімен 76 матчқа қатысып, 21 гол соғып, 11 нәтижелі пас берген. Оның «Барселонамен» келісімшарты 2023 жылдың маусым айына дейін жасалған.

Бразилиялық футболшы енді мюнхендік клуб сапында бір маусымда 12 млн еуро таппақ. Келісімшарт бойынша «Бавария» бір маусым біткен соң ойыншыны түбегейлі сатып алу құқығына ие.