Барсаның да бар кем тұсы

Газет мақаласы "Айқын" газеті №130

«Барселона» құрамының құны – 1 млрд евро. Кіл жұлдыздан құралған клуб. Мінсіз дерсіз.

Барсаның да бар кем тұсы

Бірақ бәрі біз ойлағандай емес. Клубта «сырт алаң синдромы» бар. «Трансфер жасау аллергиясын» қосып қойыңыз. Диагнозы – Мессиге зәрулік. Психологиялық жай-күйі де мәз емес. Тезірек ем-шара қолданбаса, 4 жылдан кейінгі күйін елестету қиын. 


Трансферлік мәдениет

«Барсаны» қазір трофей емес, трансфер қатты «алаңдатады». Қолы­мыз жеткен жұлдыз құрамда ойнай ала ма деген үрей. Трансфер сөз болғанда клуб басшылығы өзгенің ойыншығына қызыққан бала тәрізді. Болашақта оған қажет бола ма, жоқ па түпкілікті ойлан­бай­ды. Тек қолы жетсе болды. «Барсаның» соңғы 5 жылдағы транс­ферлік қажыр-қайратына осылай баға беруге болады.

«Барселонадан» саудагер шық­пай­ды. Өйткені стратегиясыз жа­сал­­ған сауданың соңы – шығын. Шығынды қойыңызшы, таразы басында ойыншы тағдыры тұр. Сатып алып, 1-2 матчтан соң «Бар­са­ның деңгейі емес екен» дейді. Деңгейді «жақсы білетіндер» дең­гей­лесті неге іздемейді? Клубқа кел­ген екінің бірі Тұран сияқты адасып, Малком тәрізді шарасыз күй кешсін бе?

2014 жылы командаға Тер Ште­ген, Клаудио Браво, Жереми Матье, Дуглас, Томас Вермален, Иван Ракитич, Луис Суарес келді. Ішіндегі үшеуі командада әлі ой­нап жүр. «Арсеналдан» Верма­лен­ді 19 млн евроға сатып алып, «Вис­сель Кобеге» тегін жіберді. «Барса» Жереми Матьеге 20 млн евро тө­ле­­ген. «Камп-Ноуда» тұ­са­уы кесіл­ген күннен жанкүйер­лер қорғау­шы­­дан бірдеңе шығатынына кү­мән­мен қарады. Ақыры «Спор­тинг­­ке» тегін жіберді. Бравоны «Барса» 12 млн евроға сатып алып, 20 млн евроға «МанСитиге» өткіз­ді. 2014 жылғы трансферден түскен қайтарым – 8 млн евро.

2015 жылы клуб «Атлетикодан» Тұранды, «Севильядан» Алеиш Видальді алды. Тұран үшін «Атле­ти­коға» 34 млн евро төледі. Арда тиі­сінше «Барсада» сәтті өнер көрсетті. ЧЛ-да, Король кубогында хет-трик авторы атанды. Ла Лига матчтарында гол соғып жүрді. Алай­да Ардаға негізі құрамнан орын бұйырмады. Ойыншыны «Башакшехирға» жалға берді. Ал Тұранның Түркиядағы халі мәз емес. Линекердің «Барселонадан» кейін төмендеу күтіп тұрады» де­ге­ні Арданың мансабына айтыл­ған­­дай. Ойыншы «Атлетикодан» ауысқанына өкінетін болар, кім білсін?!

Алейш Видаль келгенде біразы сәтті трансферге балады. Шыны­мен де, Видаль өзінің атарға оғы бар ойыншы екенін дәлелдеді. Алайда бапкер оған құрамнан орын таппады. 12 млн евроға алған жартылай қорғаушыны әдетінше 9,5 млн евроға қайта сатты.

2016 жылы «Валенсиядан» Андре Гомешті сатып алды. Арты­нан құтыла алмай әлек болды. Жан­­күйерлердің «арманын» «Эвер­­тон» орындады. 35 млн ев­ро­ға алғанын 25 млн евроға сатты. «ПСЖ-ға» Люка Динь үшін 20,5 млн евро төледі. Жолы болма­ды. «Барсаның» деңгейіне келмеді. Тағы да деңгейді бағамдайтын­дар­дан кеткен қателік. Сол жылы қатарға қосылғандар «сіңгені» Умти­ти болды.

2017 жылы «Барса» қатарын Жерар Деулофеу, Нелсон Семеду, Паулиньо, Осман Дембеле толық­тыр­ды. Соңғысын «Жанкүйерді алдаусырату үшін сатып алған» десті. Себебі, сол жылы клуб Ней­мар­ды «ПСЖ-ға» 222 млн евро­ға сатып, бір байып қалған еді. Қыруар ақшаны «орнымен» жұм­сау мақсатында 105 млн евроға Дембе­ле­ні, 30 млн евроға Семедуді,
40 млн евроға Паулиньоны, Деуло­феу­ді 12 млн евроға жалға алды.

«Барсаның» артықшылығы да, осал тұсы да – Месси. Тәуелділік жақсылыққа жеткізбейтіні тағы бар. Құрамында Дембеле, Суарес, Коутиньосы бар ко­­ман­да Мессиді іздеп жүреді. Бартомеу «Мессисіз дәуір­ге дайындаламыз» дегеніне жыл болды. Нәтиже бер­ген жоқ. Алаңда Месси барда «Барса» бойында қан жүреді.

Бір жыл өткен соң Деулофеуді 13 млн-ға «Уотфордқа» жіберді. Пау­линьоны 50 млн евроға Қытай асыр­ды. Семеду барынша тыры­сып жүр. Ал Дембеленің «аяқтан тұрып кететініне» сенетіндер бар.

«Барсаның» көрсеқызар екенін дәлелдейтін трансфердің бірі – Йерри Мина. «Палмейрастан» 11,8 млн алды. Екінші қабатта ой­нау­ға бейімі бары бірден білінді. Клуб Минаның «кілтін» таба ал­ма­ды. Колум­бияны алға сүйре­ген жі­гіт­­тің «Барсада» бағы жанба­ды. Кім кінәлі?

Коутиньоны «Ливерден» 140 млн евроға алды. Ойыншы кел­ген­де қуанғандар қатары көп. Өзі де «Барсаға» келгенін бақытқа бала­ды. Ойнады, көрді, болмады. Бақы­тын таба алмады. Ақыры 8,5 млн евроға «Баварияға» жалға бе­ріл­ді. Енді қараңыз, «Реал» Се­бальос­ты «Арсеналға» 16 млн-ға жалға берді. Кононирлерде сатып алу құқығы жоқ, «Баварияда» бар. Себальос пен Коутиньоның деңге­йін салыстырып көріңізші. Осы­дан-ақ трансфер жасау «Бар­са­ның» қолы емес екенін түсінесіз.

Мұнан бөлек клубқа кімдер кел­меді? Кевин-Принс Боатенг жүр­ді, Джейсон Мурильо доп теп­ті. Соңғы екеуінің клубқа келу мақ­­са­тын тү­сін­­бей жүргендер бар. Се­бе­­бін бас­шы­лық та түсіндіре алмауы мүмкін.

Соңғы 11 жылда «Барселона» 44 трансфер жасаған. Соның 27-сі клубтан кетсе, екеуі арендада жүр. Келгендердің көсіле алмай, клуб құтыла алмай жүретініне не себеп? Спорт директор әлсіз бе, басшы­лық­тың стратегиясы қауқарсыз ба?

 

футбол.jpg

Бапкер және Месси

Бартомеу саясатына көңілі толмай жүргендер көп. Себептің бірі –Вальверденің «Барса» тізгінін ұстауы. Эрнесто қорғанысқа көңіл бөлуді ұнататындардың қатарынан. Жанкүйерлерге жақпағаны да – осы. Энрикенің кезінде күш ша­буыл­да болатын. Эрнесто қорғана жүріп шабуылдағанды жөн көреді. «Вальверде «Бильбао­ның» деңге­йін­дегі бапкер. Бойында Чем­пион­дар лигасы рухы жоқ». Жан­күйер сөзіне соңғы 2 маусым дәлел бола алатын секілді. Төрт рет қа­та­­ры­нан ширек финалдан «Камп-Ноуға» қайту ауыр тиеді. Кінәні тек бапкерден емес, командадан көрген дұрыс-ау. Мессиге зәрулік, сырт алаңдағы салғырттық, пси­хо­логия. Барсаның бар кінәсі атал­ғандарда болуы мүмкін.

«Барсаның» артықшылығы да, осал тұсы да – Месси. Тәуел­ділік жақ­сылыққа жеткіз­бейтіні тағы бар. Құрамында Дембеле, Суарес, Коутиньосы бар команда Мессиді іздеп жүреді. Бартомеу «Мессисіз дәуірге дайындаламыз» дегеніне жыл болды. Нәтиже берген жоқ. Алаң­да Месси барда «Барса» бо­йын­­да қан жүреді. Жоқ болса, «Бильбаомен» өткен ойынның ке­бін киеді. Дәуірге дайын­дыққа клуб­қа Гризманн мен Де Йонг келгені әсер етпеді-ау дерсіз.

Ривалдо «Мессиі бар клубта еркін көсілу қиын» депті. Дембе­ле­нің жарақатсыз ойнауы, Суарес­тің әр матч сайын өзін көрсетуі, Гриз­манның алдағы әрекеті Мес­си­ге байланысты болғаны ма?

 

Психология

Клуб ойыншысы Роберто бір сұхбатында «Чемпиондар Лигасы – психология мен дағдының қосындысы» деген еді. Демек, «Барселона» психологиясы әлсіз. Байқасаңыз, «Барса» сырт алаңда құрлықта қалған балық сияқты. Ауа жетпейді. Кеңістік тарылады. Жұлдыздар жиналған құрамда шебер­лікке мін тағуға болмас. Себеп – психологиялық күйде. Сөзі­міздің дәлелі – клубтың Чем­пион­дар лигасындағы жағ­дайы.

Соңғы 2 маусымда чл-де сырт алаңда клубты «жинай алмадық». Доп айырмасы айтарлықтай болса да, келесі кезеңге өте алмады. Жанкүйерді сан сұрақ мазалайды. Осындайда «ПСЖ-ға» жасаған камбэктің «күнәсін» өтеп жүр ме дерсіз. Болмаса, Тұранның еңсесін «басқаны» әсер етті ме? Осы мау­сым­да еурокубокте жол болмаса Малкомның «көз жасы» жібермеді дер ме екен?


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ