Кокорин мен Мамаев түрмеден шықпақ: Футболшылардың карьерасын қайда жалғастыратыны белгілі болды

Шешенстан президенті Рамзан Қадыров оларды "Ахмат" клубына шақырған

Кокорин мен Мамаев түрмеден шықпақ: Футболшылардың карьерасын қайда жалғастыратыны белгілі болды

Ресейлік футболшылар Александр Кокорин мен Павел Мамаев 17 қыркүйек күні бостандыққа шықпақ. Алексеевский аудандық соты ойыншылардың адвокатының мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін мақұлдаған.

«Зенит» футболшысы Кокорин мен «Краснодар» футболшысы Мамаевты Шешенстан президенті Рамзан Қадыров өздерінің «Ахмат» клубына шақырған.

«Негізінде ол өз позициясын анық айтқан, ешкімнен қорықпаған адам. Ондай адамдар өте аз. Бірақ болашағыма қатысты шешімді «Зенит» басшылығымен ақылдасқаннан кейін қабылдаймын» дейді Кокорин.

Ресей құрамасының экс-футболшысы қазір еркін агент. Оның «Зенитпен» келісімшарты маусым айында аяқталған. Ал Мамаевтың «Краснодармен» келісімшарты 2019 жылдың желтоқсан айында бітуі тиіс. Бірақ клуб жазда футболшымен арадағы келісімді бұзу туралы Ресей футбол федерациясына өтініш жолдаған.

Еске салсақ, 2018 жылдың қазан айында Мәскеу орталығында төбелес шығарғаны үшін қос футболшы түрмеге жабылған еді.

БАҚ мәліметінше, 28 жастағы Кокорин «Сочимен» жарты жылдық келісімге қол қоймақ. Спорттық бабына келген соң қыста «Зенитке» ауысуы мүмкін. Қос клуб осы жағдайға мәміле жасап жатқан көрінеді. Бұған дейін «Зенит» футболшыны өздеріне қайтаруға қарсы емес екенін мәлімдеген.

Ал Мамаевқа «Крылья Советов» клубы қызығушылық танытқан.