Месси карьерасындағы ең көлемді сұхбатты берді: Ол Неймар, Пике, Хави, тіпті Вальверде туралы да айтты

Неймар келер жылы не Мадридке, не Барселонаға ауысып келуі әбден мүмкін

Месси карьерасындағы ең көлемді сұхбатты берді: Ол Неймар, Пике, Хави, тіпті Вальверде туралы да айтты

«Барселона» шабуылшысы Лионель Месси жақында испаниялық RAC1 радиосына келіп, журналист қойған өзекті сауалдардың барлығына жауап берген. Соның ішінен ең маңыздыларын ықшамдап ұсыналық. 

«Барселонадан» кету жайлы 

Көптеген жағдайлардан шаршап кеткен кездерім болды. Әсіресе, 2013 жылы салық мәселесімен проблема туындаған кезде. Ол кез маған да, отбасыма да қиын тиді. Шын мәнінде не болып жатқанын адамдар білген жоқ. Сол кезде клубтан кету туралы ойландым. «Барселонадан» кеткім келгендіктен емес, сол сәттегі проблемаға байланысты. 

Гризманн туралы 

«Барсаның» философиясын түсіне алмаған кез келген футболшыға бұл жерде ойнап кету қиын. Бұл футболшының деңгейіне де байланысты емес. Ол мүлде басқаша ойнап үйренген. Бірақ біз оның бейімделіп кетеріне күмәнданбаймыз. Өйткені ол ақылды ойыншы. Гризманның келуіне менің қарсы болғаным туралы ақпарат – жалған. Алғашқы жылы-ақ оның әлемдегі мықты ойыншылардың бірі екенін айтқанмын. Екеуміздің арамызда ешқашан түсінбестік туындаған емес. 

Неймар туралы 

Ол да әлемдегі үздіктердің бірі. Онымен бірге көптеген трофейлерді ұтып алу мүмкіндігі өте мол. Спорттық тұрғыдан оның бізге оралғанын қалаймын. Оны қайта оралту үшін клубтың қаншалықты барын салғанын білмеймін. Себебі, келіссөздерге мен қатысқан жоқпын. Клубтан кеткеннен кейін ол өзінің дұрыс қадам жасамағанын түсінді. Осы жазда ол Мадридке ауысуы мүмкін. Ол өзін сатып алу үшін Флорентиноның бірдеңе істейтініне сенеді. Сондықтан келер жылы ол не Мадридке, не Барселонаға ауысып келуі әбден мүмкін. 

«Ньюэллс Олд Бойс» туралы 

Мен ол жерде ойнауды үнемі армандадым. Себебі, аргентиналық футболдың бір бөлшегі болу – бұл өте қызықты. Ол футбол басқалардан мүлде ерекшеленіп тұрады. Бірақ әркез өзіңнің не қалайтының туралы ғана емес, отбасыңды да ойлау керек. 

VAR туралы 

Маған VAR ұнайды. Мен оны қолдаймын. Бірақ әлде де күмәнді дүниелер бар. Оның дұрыстап пайдаланбай жатыр. 

Карьерасын аяқтау туралы 

Әр сәт сайын осы жерде карьерамды аяқтайтынымды ұғына түсінемін. Карьерамды аяқтаған соң да осы жерде өмір сүргім келеді. Балаларымның өз достарынан ажырап кеткенін қаламаймын. 

Сериалдар туралы 

Мен көшеге көп шыға бермеймін. Көбіне уақытымды үйде өткіземін. Негізінен балалардың қасында болғым келеді. Антонелланың қалауына орай сериалдар көреміз. Балалар ұйықтаған кезде теледидарды қосып, кей-кейде аргентиналық «El marginal» сериалын көреміз. 

Физикалық формасы туралы 

Мен әлі де 100 пайызға дайын емеспін. «Севильяға» қарсы тек екінші таймды толық өткіздім. Бұл ойынның басында мен шаршадым. Алайда біраздан соң денем үйреністі. Біртіндеп физикалық жағдайымды реттеп келе жатырмын. 

«Алтын доп» туралы 

«Алтын допты» ұтамын ба, жоқ па білмеймін. Бұл номинацияны ала алмай қалу менің көңіл-күйімді түсірмейді. Иә, балаларым үшін бұл сыйлықты алу жаман болмас еді. Бірақ жекелеген титулдар соншалықты қалайтын нәрсе емес. Ал Чемпиондар лигасынан ұшып кету әлдеқайда көңіл-күйді түсіреді.

Вальверде туралы 

«Ливерпульден» жеңіліп қалу біздің қатеміз. Ендігі жолы мұндай қателік қайталанбауы керек. Әсіресе, Римдегі жағдайдан соң (2018 жылдың сәуір айында ¼ финалды «Ромадан» жеңіліп қалған еді). Бұл Вальверденің қателігі емес. Бапкерді сақтап қалу – менің таңдауым емес. Клуб солай шешті және ұжым оны жақсы қабылдады. Вальверде – біз жақсы көретін бапкер. Бұрынғы бапкерге де сондай құрметпен қарадық. Біз бәріне солай қарау керекпіз. 

Пике туралы 

Пике – сондай турашыл және ақылды жігіт. Кейін оның қандай әсер берерін ойлап жатпастан ойына келгенін айтып салады. Ол шынайы және әркез солай болып қалғысы келеді. Сосын ол өте көңілді. 

Бартомеумен соңғы рет сөйлескені туралы 

«Ливерпульден» жеңіліп қалғаннан кейін «Барселона» президентімен сөйлестім. Сол соңғы сөйлесуім. Екеуміздің арамызда ешқандай келіспеушілік жоқ. Қажет болса, сөйлесеміз. 

Клубқа ықпалы туралы 

Кім бапкер болып келеді, қандай ойыншылар кетеді, ал қай ойыншыларды алу керек, сол мәселелерді мен шешеді деп айтады. Шын мәнінде олай емес. Көптеген жағдай мұны дәлелдеп берді. Неймар мен Гризманнға қатысты жағдай кезінде футболшылардың пікірін сұрады. Бірақ бұл жай ғана кеңес беру. Шешім қабылдау біздің еркімізде емес. 

Хави мен Иньестаның кетуі туралы 

Оларсыз қиын болатыны түсінікті еді. Ешкім олардың орнын баса алмайды. Олардың кезінде біз допқа 90 пайыз иелік еттік және бес секунд ішінде допты қайтып алып тұрдық. Бізде жақсы жартылай қорғаушылар бар, бірақ Хави мен Иньеста ерекше ойыншылар. Олар команданың философиясын өзгертіп, жетістікке жетеледі. Хави қазір бапкерлік етіп жүр. Ол келешекте Гвардиолаға ұқсауы мүмкін. 

Карьерасындағы ең керемет сәт туралы

Дәл керемет сәтті бөле-жара айту қиын. Өйткені өмір барысында түрлі жағдайлар мен кезеңдер болады. Гвардиоланың кезеңі, сірә, ең бақытты, ең маңызды сәттер шығар. Гвардиола – менің карьерамдағы ең үздік бапкер. Одан кейін Луис Энрикені айта аламын.