Токио 2020: Ұлттық құраманың киім үлгісіне ашық конкурс жарияланды

2020 жылы Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын ұлттық құрама спортшыларының киім үлгісіне ашық конкурс жарияланды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі.

Токио 2020: Ұлттық құраманың киім үлгісіне ашық конкурс жарияланды

«Біз олимпиадашыларды әдемі формамен қамтамасыз етіп қана қоймай, талантты шеберлерді, суретшілер мен дизайнерлерді қолдап, заманауи спорттық киімдер шығаруда жаңа тенденцияларды қолдануына мүмкіндік беріп, еліміздегі олимпиадалық қозғалысқа назар аудартқымыз келеді»,– делінген ҰОК хабарламасында.

Конкурсқа өтінімдер 2019 жылдың 14 қазанынан 14 қарашасына дейін қабылданады. Келіп түскен барлық жұмыстар Қазақстан ҰОК ресми сайты мен әлеуметті желідегі парақшаларында жарияланады. Жеңімпазды жанкүйерлер пікірін ескере отырып, арнайы комиссия құрамы анықтайды. Оған Қазақстан ҰОК мен Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, спорт қайраткерлері мен ел намысын қорғап жүрген спортшылар кіреді. Қазақстан ұлттық құрамасының парадтық және спорттық киім үлгісі бойынша ең жақсы дизайн идеясының авторлары ақшалай сыйлықтарға ие болады.

Конкурс нәтижесі 2019 жылдың 23 қарашасында Olympic.kz сайтына шығады.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 24 шілде мен 9 тамыз күндері Жапония астанасы Токио қаласында XXXII жазғы Олимпиада ойындары өтеді.