Тосын жаңалығы көп Токио олимпиадасы

Газет мақаласы "Айқын" газеті №116

Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті XXXII жазғы олимпиада ойындарына ресми шақырту алды. Әлем асыға күтетін спорт додасы Жапонияның Токио қала­сында 2020 жылдың 24 шілдесінде басталып, 9 тамызға дейін жалғасады. Алдын ала жарияланған болжалды есеп бойынша, Токио Олимпиадасы 206 ұлттық олим­пиада комитеті атынан қатысатын 11 090 спортшының басын қосады. Көп спортшының көздеген биігі, жанкүйердің асыға күтетін қызығы саналатын олимпиада ойындары 2020 жылы біраз ерекшелігімен есте қалмақ.

Тосын жаңалығы көп Токио олимпиадасы

Токио 2020 жылғы жазғы олимпиада ойындарын өткізу құқығын 2013 жылы 7 қыр­кү­йекте Буэнос-Айресте өткен Халықаралық олимпиада коми­тетінің 125-сессиясында жеңіп алды. Әлемдік спорттағы айтулы шараны өткізуге соңғы дауыс беру кезеңінде Токиомен бірге Стамбұл және Мадрид қалалары таласты. 1964 жылы жазғы олимпиада ойындарын өткізген Токио бұл мәртебеге әлі бірде-бір рет ие болмаған Түркия мен Испанияның алдын орап кетті.

Жапония Токио Олимпиа­дасында БҰҰ ұсынған тұрақты даму тұжырымдамасын негізге алып отыр. Ел үкіметі «Адамдар мен ғаламшар үшін жақсы жаққа өзгер» деген ұран арқылы әлем­дегі ең ірі шараға жиналғандарды жаһандық экология мәселесін шешуге шақырады. Токио Олим­пиадасының ресми парақ­ша­сында «1964 жылы Токиода өткен олимпиада ойындары Жапонияны түбегейлі өзгертті. Жапон халқы сыртқы әлемді жақынырақ танып, ел эконо­микасы қарқынды өсу жолына түсті. 2020 жылғы олимпиада ойындары арқылы қазір қуатты экономикасы бар Жапония бүкіл әлемде жақсы өзгерістер бас­та­лып, кейінгі ұрпаққа үлгі бо­лар­лық мұра қалдыруға күш салады» деп жазылған. 1964 жылы олим­пиада ойындарында Жапония әлемге Shinkansen деп аталатын жоғары жылдамдықтағы темір­жол желісін таныстырды. Елу бес жылдан бері сәтті жұмыс істеп келе жатқан желінің пойыздары 270-320 км/сағ жылдамдықпен қозғалып, жылына 150 мил­лион­­нан көп жолаушы тасы­малдайды. Жапонияның 2020 жылға да­йын­даған жаңалықтары да же­терлік. Төменде солардың бір­қатарын мысалға келтіріп отырмыз.


Олимпиада тарихында бі­рінші рет жеңімпаздарға беріле­тін медальдар істен шыққан мо­бильді телефондар мен элек­тронды құрылғылардан алынған бағалы металдардан дайын­да­ла­ды. Жалпыхалықтық сипат ал­ған жобаға жапондар екі жыл­да қолданыстан шыққан 6,2 мил­лион телефонын өткізген. Жи­налған «электронды қоқыстан» 32 келі алтын, 3,5 тонна күміс, 2,2 тонна қола алынған. Енді Олимпиадада бағы жанған­дар­дың қолына тиетін 5 мыңға жуық медальға қайта өңделген ма­териалдар қолданылады.

Олимпиаданың нышаны ретінде Miraitowa және Someity деп аталатын роботтар таңдалды. Олар спорттық шара кезінде қонақтармен сәлемдесіп, қол бұлғап, амандасып, әртүрлі эмоциялар білдіруге қабілетті. 

P&G компаниясы мен Токио жазғы олимпиадасының ұйым­дастырушылары бірігіп, жеңім­паздар тұғырын мұхиттан жи­налған және халық өткізген плас­тиктерден дайындау туралы ұйғарымға келген. Coca Cola компаниясы да Олимпиада алауын алып жүретін адамдардың формасын пластик бөтел­ке­лерден өңделген материалдан тігу бастамасына серіктес болды. Токио–2020 Олимпиадасы қыз­меткерлері мен еріктілер фор­масын дайындауға да эколо­гия­лық таза өнімдер, өңделген по­лиэстер мен өсімдік талшықтары пайдаланылады. Олимпиада алауының тұғырын жасауға 2011 жылдың 11 наурызында Жа­по­нияның солтүстік-шы­ғы­сын­да болған жер сілкінісі кезінде халықты уақытша орналастырған үйден шыққан алюминий қал­дықтары берілген. Ұйымдас­ты­рушылардың сөзінше, жер сіл­кінісінен кейін халық тұрмысы мен өмірін қалпына келтіруге жараған материалдар Олимпиа­даға «үміт пен қайтадан аяққа тұру» мағынасын сыйлайды. Токио Олимпиадасының алауы сакура бейнесінде жасалған. Сакураның әр жапырағынан бөлек тұтанған оттар біртұтас алауға айналады. Олимпиада алауы Грекияда жағылып, 26 нау­рыздан бастап Жапонияда алау эстафетасы жүреді.


Олимпиаданың нышаны ретінде Miraitowa және Someity деп аталатын роботтар таңдалды. Олар спорттық шара кезінде қонақтармен сәлемдесіп, қол бұлғап, амандасып, әртүрлі эмоциялар білдіруге қабілетті. Роботтардың кескін-келбетін таңдауға 2017 жылдың желтоқ­саны мен 2018 жылдың ақпаны аралығында Жапониядағы бас­тауыш сынып оқушылары дауыс берген. Балалар таңдаған робот­тардың есімі «болашақ», «мәң­гілік» (Miraitowa) және «сакура­ның бір түрі» (Someity) деген ма­ғына береді.

Айтпақшы, Жапонияда өте­тін Олимпиада ойындарына қа­жет жарық балама энергия көз­дерінен өндіріледі. Тағы бір жа­ңалық, Токио олимпиадасы бағдарламасына спорттың жаңа бес бағыты қосылды. Олар: бейс­бол/софтбол, карате, серфинг, құзға шығу және скейтборд. Сондай-ақ бұрыннан бар спорт түрлері жаңа 15 дисциплинамен толықты.

Қазақстан құрамасының есебінде қазір 10 лицензия бар. Әзірге 100, 200 метрге брасс әді­сімен жүзуден Дмитрий Балан­дин, жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакова мен Георгий Шейко, шосседегі веложарыстан Евге­ний Гидич, жебе атудан ерлер құ­рамасы (Денис Ганькин, Иль­фат Абдуллин, Санжар Мусаев) және ашық суда жүзуден Ви­талий Худяков Олимпиадаға жолдама алды.


Кәусар АХМЕТ