Балуан халық дейміз-ау...

Газет мақаласы "Айқын" газеті №145

Нұр-Сұлтан қаласында күрес түр­лері­нен Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жа­рыс аяқта­луына 2 күн қалды. Кейбір сал­мақ дәрежесінде топтан озып шық­­қандар белгілі. Бәсекеде алтын ала­ды де­гендер тұғырдан тайып, бабы кел­мейді-ау деген­дер таңғалдырып жат­ты.

Балуан халық дейміз-ау...

Елорда төрінде күрес түрлері­нен өтіп жатқан Әлем чемпионатында спортшылар Токиоға барар жолдаманы сарапқа салды. Бірі жеңіп, бірі жеңіліп, ендігісі медаль алғанын көрген бас айнал­ды­рады. Жарыс жолындағы қа­зақ балуан­дарының тағдыры қызық. Кей тұста тәттіге ұмтыла бергенде, қолды қаққандай күй кештік...

Грек-рим күресінен 55 келіге дейінгі салмақта Қор­лан Жақанша күміс медаль алды. Балуаннан мұндай дә­реже күтпеген едік. Ірі тур­нирде алғаш рет бақ сына­ған отандасымыз үмітті ақтады. Алтын үшін айқаста Нуг­зари Цурцумияға жол берді. Жарты­лай финалда 2018 жыл­ғы әлем чемпионы Эльданиз Азизлиді ұтты. Бұл Қор­ланның жігері мен шамасын көрсеткен тәрізді. Бұған дейін алжирлік Абделькарим Фергат пен аме­ри­калық Мак­са Новри­ден айласын асырды. Күрес­тен кейінгі сұх­батында салқын­қан­дылық жетіспегенін айтты.


63 келіге дейінгі сал­мақ дәрежесінде Алмат Кебіспаев­тың Әлем чемпио­натының қоласына қолы жетті. Қолаға жетер жолда Үндістан, Қытай, Түркия балуандарын жарыс жолынан ығыстырды. Команда капитанына мол сенім артылды. «Алмат алтын алуы тиіс» дедік. Сөзіміз балуанға салмақ болған сияқ­ты. Жартылай финалдық кез­десуде жапон балуанынан жеңілді. Қола үшін айқаста қырғызстандық балуанды мерзімінен бұрын жеңді.

Тағы бір жүлдеден үмітті-ау деген балуанымыз Мейіржан Шермағанбет білгенінен жаңылды. Алғашқы айналымда АҚШ балуанынан ұтылып қалды. Одан бөлек, 67, 87 және 97 келіде бақ сынаған бал­уандар өзара мықтыны анық­тады. Бұл салмақта шы­­ға­тын қазақ балуаны бол­ма­ды. Үшінші жарыс күні Мей­рамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхаметов Олим­пиа­да жол­дамасын ұтып алды. 60 келі­де өнер көрсеткен Мей­рамбек те, 77 келідегі Ас­хат та қола медаль алды. Діл­мұ­ха­метов 1/8 Ресейдің 2 дүркін әлем чемпионын жеңіп, таңданыс тудырды. Ширек финалда серб балуанынан басым түсті.


Әйелдер арасында кү­рестен 50 келіге дейінгі сал­мақта Валентина Исламова қолаға иелік етті. Сондай-ақ 55 келіде Марина Седнева, 72 келіде Жәмила Бақбергенова қолаға қол созып көрді. Бақ шаппады ма, бабы келмеді ме белгісіз, бір қоланы қанағат тұттық.

Еркін күрестен еркін көсіле алмай келеміз. Әлем чемпио­натынан алтын алмағанымызға 20 жыл болыпты. Дәулет Ниязбеков финалға өткенде демді ішке тартып, алтын ті­ле­дік. Болмады. Күмісті мі­се тұтамыз. Жартылай фи­нал­­да Дәулет үндістандық Баджранг Пуниямен кездесіп, 3:2 есебімен жеңді. 65 келіге дейін­гі салмақ дәрежесінде.

70 келі салмақта өнер көр­сет­кен балуанымыз Н.Қайпа­нов жартылай финалда қайрат көрсетті. Ирандық балуан Йо­нес Эмамичогайды 7:6 есебімен ұтты. Бұған дейінгі айна­лымдарда австралиялық Джошуа Райлиді, ұлыбрита­ния­лық балуанды, британия­лық Николае Коджокарудан басым түсті.


Одан бөлек, 57 келі сал­мақта Нұрислам Санаев қола медаль алды. Ол жартылай финалда сербиялық Стеван Мичичті 4:3 есебімен ұтты. 74 келідегі Данияр Қайсанов жұ­баныш белдесуіне жеңілді. Со­нымен бірге, 70, 74, 92 жә­не 125 келідегі балуандар ара­­­сында жеңімпаз анықталды. Олардың арасында Қазақстан намысын 70 келіде – Нұрғожа Қайпанов, 74 келіде – Данияр Қайсанов, 92 келі салмақта – Нұрғали Нұрғайыпұлы және 25 келіде Олег Болтин қор­ға­ды. Олег Болтин жарыс жо­лын тың бастағанымен, ши­­рек финалдан ары аса ал­ма­ды. 92 келіде ел намы­сын қорғаған Нұрғали Нұр­ғайып­ұлы белдесулері сәтті басталғанымен, соңы сұйылып кетті. Өкінішке қарай, ширек финалда америкалық балуанға есе жіберді.

«Жалт етеді бір үміт тайып беріп». Үміт – Нұрқожада. Қайпанов 21 жастағы Давид Баевты жеңсе, алтын қолда. Соң­ғы рет 1999 жылы Афи­на­да өткен ӘЧ-де грек-рим күресінен Мхитар Манукян алтын алды. Оның өзі Арме­ния­­дан келген легионер еді. 20 жылдан кейін 20 жастағы балуан алтын алса, жарасымды емес пе?


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ