Допингтен таза елміз бе?

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 174

Басқа-басқа допинг дауы бізге жақсы таныс. Осыдан үш жыл бұрын WADA (дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) жарыстан жарыс қоймай алтын біткенді тауысып жүрген чемпиондарымызды баудай түсірген. Бастапқыда күмәнмен қарап, спортшыларымызды ақтап алмаққа талпындық. Кейін келе олардың ешбірінің «ішпедім, тексерсеңдер тексеріңдер» дегенін естімеген соң халықаралық агенттік бірдеңені біледі-ау дестік.

Допингтен таза елміз бе?

Оған дейін де талай спорт­шы­мыз рұқсат етілмеген препаратты қол­данғаны үшін ұсталған. Одан кейін де біраз мықтымыздың бет-пердесі шешілді. Өкінішке қарай, допинг дауы – отандық спорттың дамуында өрескел қателіктің бар екенін аңғартатын бірден-бір фак­тор. Өкініштісі сол, әлі күнге бұл дауды біржола шеше алмай ке­леміз. Ал ең қызығы, чемпион­да­ры­мыздың бүкіл алтын, күмісін ше­шіп алған WADA жақында ғана Қазақ­станның допингке қарсы жұмысын жоғары бағалапты. Қарашаның басында Польшада спорттағы допинг мәселесіне қа­тысты бүкіл әлемдік V кон­фе­рен­­­ция өткен. Сол жерде Мәде­ниет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов WADA-ның бас дирек­торы Оливье Нигглимен, Азия бө­лімінің басшысы Казухиро Хайа­шимен шұрқырай көрісіпті. Біз­­дің тарап допинг жайында қа­был­данғалы жатқан заңның жа­йы­мен таныстырған.

Заң жобасын мәжіліс екі оқы­лым­ның қорытындысы бо­йын­ша қыркүйек айында мақұл­даған бо­латын. Заңда көрсетіл­гендей, бар­лық спорт бойынша бапкерлер мен дәрігерлерге артылатын жа­уап­­­кершілік күшейе түспек. Со­ны­­мен қатар ұлттық допингке қар­сы ұйымның да мәртебесі қа­рал­мақ. Спортшыға допинг бер­ген тұлғаларға айыппұл са­лын­­бақ: ол шамамен 500 мың тең­геден жоғары болады. Сондай-ақ допинг қолданған спортшының спорттық нәтижесі жойылып, ква­лификациялық ұпайлары алы­нып тасталады, ақшалай сыйа­қы қайтарылып, өмір бойы­на белгі­лен­ген ай сайынғы материалдық көмек те тоқтатылады. Бұдан бө­­лек, заңда допинг дауына ұрын­ған спортшының атақтарынан айырылып, чемпиондарға беріл­ген баспанадан да құр қалатыны жазылған. Әлбетте, мұндай дауға ұрынған спортшы ұлттық құрама сапынан да шығарылады. Заңды Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа жі­бер­­ген. Қазақстанның мұндай батыл қадамдары халықаралық ұйымның көңіліне жаққан сы­ңай­лы. Бірлесіп отырып, әлі біраз асу­ды бағындырамыз депті. Бұл – «бірлесіп отырып әлі талай спорт­шыңды ұстаймыз...» дегені ме, әлде, «ендігі чемпион­да­рың­ның абыройларын сақтаңдар» дегені ме, оны уақыт көрсетер. WADA-ның Азия бөлімінің бас­шы­сы Казухиро Хайашидің ай­туын­­ша, енді олимпиада ойын­да­рына дейін алынған сынамалар 10 жыл сақталмақ. Бұл допинг-сы­на­малар мен қайтарма анализ­дер­ді сақтайтын жаһандық ал­па­уыт бағдарлама аясында жүзеге аспақ.

Екі жыл спорттан аласта­тыл­ған Илья Ильин қазір қайтадан жарыстарға қатыса бастады. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Тек алтынмен апталған, өмірі күміс алқа тағып көрмеген спортшының 12, 13-орында жүргені қын­жыл­тады. Әрине, әртүрлі пайым жасай беруге болады: бәлкім, екі жылғы үзіліс, жеке өміріндегі ке­лең­­сіздіктер спортшының бабы­на да кері әсер еткен болар... Илья­ның әңгімесін осы жылдың ба­сын­да Полтаранин жыры басып кетті. 200 жұп шаңғысын арқалап шетелде дайындалған, мемлекет қаржысымен толықтай қамта­ма­сыз етілген азаматтың допингпен ұсталуы бүкіл елді дүрліктірді. Әзірге оған қатысты нақты шешім шыққан жоқ. Спортшының өзі «қолданған жоқпын, жай қолдан­сам ба деген ниетім болды» деп жауап қатқан. Осы­дан-ақ бір шикіліктің болғанын аңғарамыз. Дау қызып тұрған кезде белгілі комментатор Сергей Рай­лян­­ның желідегі парақшасына бы­лай деп жазғаны бар:

«Шаңғы спорты бойынша до­пинг дауына білдірілген реакция. Айырмашылығын байқаңыз:

Эстония. Шаңғышылардың бірі қан­дай жағдайда допинг қабылда­ға­нын жария етіп айтты. Мати Ала­вер бұл істе сыбайлас бол­ға­нын мойындады. Іс ел пре­зи­­ден­ті­не дейін жеткен. Ол енді бап­­кер­ді мемлекеттік мара­патт­ан айыр­мақ.

Австрия. Бас бапкер отстав­ка­ға кетті. Шаңғы спорт федера­ция­сының президенті допингке тап болған спортшыларды ақы­мақ­тар деп атап, бәрін қуып шы­ға­тынын, құраманы қаржы­лан­дыруды тоқтататынын мәлімдеді.

Қазақстан. Федерация еш­қан­­дай пікір білдірмейді. Ресми сай­­т­ында бірауыз ақпарат жоқ. Пол­­тараниннің қайда екені белгі­сіз».

Допингке қарсы кодексте еш­­қа­шан бұзуға болмайтын 10 бөлім нақты жазылған. Допинг ішу – соның бірі ғана. Рұқсат етіл­меген препараттың спортшы организ­міне қалай түскені ма­ңызды емес: мүмкін мақсатты түр­­де пайда­лан­ды, мүмкін біреу қас­тық қылды. Қа­лай болғанда да спортшы ере­жені бұзған болып саналады. Сондай-ақ пре­паратты қолдануға әрекет­тенудің өзі – ережені бұзу. 2018 жылы елі­мізде 53 спортшы до­пинг қол­данғаны үшін ұстал­ған. Қазір жалпы саны 102 атлет жарыс­тар­дан, спортқа қатысты шара­лар­дан, жаттығу мен құрама сапы­нан шеттетілген.