Айбектің аты озды

Газет мақаласы Айқын газеті №88

Елорда төрінде кезекті рет дүрілдеп «Қазақстан барысы» республикалық турнирі өтті. Осы жолы Қазақстанның әр түкпірінен 33 балуан білек сыбанып, боз кілемде бағын сынамаққа келген. Алаштың арқасы қозып, айбыны асқақтаған бәйгеде Айбек балуанның айы оңынан туды.

Айбектің аты озды

Қазақстан Республика­сының Тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен сайысқа 14 облыстан сайдың тасындай іріктелген мықтылар қатысты. Қазіргі таңда отандық спорт шарала­рының ішіндегі рейтингі биік тұрған бұл доданы ұйымдас­тыруға – Nur Otan пар­тиясы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, Мә­дениет және спорт министрлігі, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, ҚР қазақ күресі федерациясы және «Қазақстан барысы» қа­зақ күресін дамыту қоры атса­лысқан. Қарсыластың жауы­рынын жер иіскетем деп жел­пінген балуандардың ішін­дегі ең ауыр салмақтысы Ерасыл Қажыбаев болды. Былтырғы турнирдің вице-чемпионы 151 келі салмақпен боз кілемге шықты. Ал жарыстың ең жеңіл салмағы – 90 келі салмақ дәре­жесінде бел­дескен батысқа­зақстандық Хамзин Ерназар болды. Алты сағат уақытқа созылған жарыс аса тар­тысты өрбіді. Балуандар бірінен-бірі басым түсіп, кімнің чемпион боларын көрермен қауым болжап та үлгермей жатты. Қазақ күресінің көрермені қашанда мол. Спорт сарайына жиналған жан­күйерлер дүр­мекке қиқу қосып, спорт­шы­ларға шабыт беріп, қа­нат­тан­дырып, алға жетелеп отырды.

Бұл жолғы турнирде айтар­лықтай сенсация бола қойған жоқ. Жас һәм жігерлі деген балуан­дардың көбі орта жол­дан шығып қалды. Финалға жеткен Ера­сылдың да, Ай­бектің де тәжірибесі, көргені мен білгені және білек күші көп спортшыдан артық екені де даусыз. Финалда алғаш болып Ерасыл ұпай еншілеген. Алайда аса тәжірибелі, 2013 жылы да осы турнирдің бас жүлдесін жеңіп алған Айбек есепті теңестіріп қана қоймай, алға шығып үл­герді. Оның жасаған әдісіне төрешілер таза жеңіс бере қойған жоқ. Сол себепті, соңғы минутқа дейін айқасуға тура келген. Ақыры бел­десуге берілген уақыт та­мам болар тұста тағы бір тиімді әдіс жасап, қарсыласын айқын жеңіп кетті. Үшінші орын үшін болған тартыста алма­тылық Руслан Әбдіразақов Нұр-Сұлтан қала­сының аты­нан қатысқан Айбат Сей­теннен басым түсті. Сайыс басталар алдында қатысушы­ларға сәттілік тілеп, батасын берген әйгілі балуан, Олим­пиада чем­пионы Жақсылық Үшкемпіров жеңімпаз Айбек Нұғымаровқа 25 000 000 тең­генің сертификатын және ал­тын белбеу, алтыннан құйыл­ған ауыспалы тайтұяқты табыс етті. Ал екінші орын ен­шілеген Ерасыл Қажыбаевқа 5 500 000 теңге мен күміс белбеу берілді. Бұл Ерасылдың спорттық ман­са­бындағы «Қазақстан барысынан» алған екінші кү­міс белбеуі. Тұғырдың үшінші саты­сына көтерілген Руслан Әбді­разақов 1 800 000 теңге және қола белбеумен марапат­талды. Өзге балуандар мен жеңім­паздардың бапкерлері де құр қол қалған жоқ. Спорт­шылардың әр белдесудегі жеңісі үшін 100 000 теңге та­ғайын­далған болса, чемпион мен жүл­дегерлердің жаттық­тыру­шы­ларына 3 500 000, 1 800 000 және 900 000 теңге сыйақы үлестірілді. Жарыстан соң журналистермен жүздескен Айбек Нұғымаров өз пікірін білдірген.

– Барлық белдесулер қиын­­ға соқты. Ешқайсысын бөліп-жарып айта алмаймын. Оразаның аяқ­талғанына үш күн ғана болды, ал турнир әдеттегідей шілде емес, мау­сым айында өтті. Сондықтан жа­рыс­қа дайындық процесін бір­шама өзгертуге тура келді. Өз бойымдағы әлсіздікті сезін­дім, бірақ соған қара­мас­тан берілмей, бар мүмкін­дігімді көрсеттім, – дейді чемпион.


Бұл жолғы турнирде айтар­лықтай сенсация бола қойған жоқ. Жас һәм жігерлі деген балуан­дардың көбі орта жол­дан шығып қалды. Финалға жеткен Ера­сылдың да, Ай­бектің де тәжірибесі, көргені мен білгені және білек күші көп спортшыдан артық екені де даусыз.


Айбектің айтуынша, ол ал­ған сыйақысының 10 пайы­зын қарт­тар үйіне аудармақ. Ол кез келген сайыстан алған жүлдесінің осыншама пайы­зын үнемі қарт жандарға ау­дарып отырады екен. Сондай-ақ Семей қаласынан күрес за­лын ашу туралы да ойы бар еке­нін айтты. Спортшы карьера­сын аяқтағысы кел­мей­­тінін де жеткізді.

– Тап қазір спорттық ман­са­бымды аяқтай салғым кел­мейді. Келесі жылы да «Қа­зақстан бары­сы­на» қатыса­мын. Жеңімпаз болған­дықтан іріктеуге қатыспау құқым да бар. Мемлекеттік қыз­метте іс­те­гендіктен күреске өзім­ді то­лық­тай арнау өте қиын. Сон­дық­тан келесі жыл менің ка­рьерам­­дағы соңғы жыл болмақ, – деді балуан.

Турнирдің басты ұйым­дас­тырушысы Арман Шораевтың айтуынша, жылдан-жылға «Қа­зақстан барысының» қатысушы­ларына деген талап та күшейе түспек.

– Келесі жылдан бастап әр өңірден тек бір спортшы ғана қатыса ала­ды. Алғаш рет ұйымдас­тырған кезімізде әр аймақтан төрт балуаннан шақырып, жары­сымыз түннің бір уағына дейін жалғасқан. Ал трансляция 12 сағатқа дейін созылып еді. Кейін әр өңірден келетін спорт­шы санын екеуге азай­тып едік, бәсеке арта түсті. Соңғы жылдары Қы­зылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарынан балуандар көп шығып жатыр. Аса ауыр салмақ­тағылар біраз бар. Керісінше, солтүстік жақта белсенділік аз. Бұл тур­нирге әлі де болса дұрыс мән бермей отырған өңірлер де бар. Қазіргі таңда Қазақстан­дағы ең табысты спорттық жоба еке­німіз айдан анық. Сондықтан қатаң шаралар да қабылдай­мыз. Ендігі ретте тек «Қа­зақстан барысының» ірік­теуіне ғана емес, Еуропа чем­пионатынан, басқа да жарыс­тардан жүлде алғандар біздің турнирге қатысу мүм­кіндігіне ие болады. Келесі жылы биылғыдан да сапа артады деп ойлаймын. Биыл­дан бастап арнайы рейтинг жасаймыз. Бұл жарыстың сапалы әрі ыңғайлы өтуіне мүмкіндік бе­реді. Алдағы уа­қытта бел­сен­ді­лігі төмен Ақмола, Қос­танай облыстары турнирге қатысу мүм­кіндігінен айыры­лады, – деді бас ұйым­дастырушы.

Еске салсақ, бұл маңызды турнирді әр жылдары Ұлан Рысқұл (2011), Бейбіт Ысты­баев (2012, 2015, 2016), Айбек Нұғымаров (2013, 2019), Мұхит Тұрсынов (2014), Еламан Ерғалиев (2017) және Ержан Шынкеев (2018) секілді ба­луан­дар жеңіп алған бола­тын.