Қарсыласын қармағынан босатпайтын...

Газет мақаласы "Айқын" газеті №121

Иә, көзден кетсе де көңілден кетпейтін, нұрлы жүзі анда-санда дәл қасымда тұрғандай елес беріп, көкіректе сартап сағыныш боп сыздаған Асқар Шайхиев достың арамыздан кеткеніне де он тоғыз жылдан асыпты. Ай, шіркін, Асқар, жұдырықтай жүрегіңе бүкіл әлем сыйғандай дарқан едің ғой. Сені сырт қараған адам жолбарыстай жұлқысатын балуаннан гөрі зиялы қызметкерге көбірек ұқсататын, күлім қаққан кезіңде маңайың жадырап сала беретін жайсаң едің-ау.

Қарсыласын  қармағынан босатпайтын...

Екеуміз әңгіме тиегін ағы­тып тастап, арқа-жарқа отырар едік. Сенің сөз төр­кініңнің өзі толғау-толғау дүниеден хабар бергендей еді. Ойың ормандай орамды болатын. Ал күресің, бір қа­рағанда қатарлас­тарың­мен шамалас, қарайлас тә­різді, бірақ сен кілемге шық­­қанда айқасыңа қызы­ға, еліте қараушылар басқа­лар­дан көп сияқты көріне­тін. Сенің белдесуіңді мұ­қият қадағалаған білгір ма­ман артық-шалыс қимы­лы жоқ, қарсыласын қарма­ғы­нан босатпайтын, екі тіз­гін, бір шылбырды уысы­нан шығармайтын, әр әдісі қылпылдаған ұстарадай өткір, ойы жарықтай жүй­рік балуанды айтқызбай та­ныр еді.

Күресіңді 1989 жылы көз­бен көрдім. Алматыда сам­бо­дан Кеңес Одағының чем­пионаты өтіп, күрес­құмар жанкүйерлер бір жа­сап қалып едік. Сенің сон­дағы арпалысың қандас ті­леулестеріңді ғана емес, одақтың әр қиы­рынан келген мамандардың өзін тәнті қы­лып еді. Қарсыласқа қырандай түйіле қа­рап, шүйіле кіріседі екенсің. Жағадан қап­сыра келе дедектете, дегелең қақты­ра­сың. Анау да бір елдің «менмін» деген саң­лағы емес пе? Тізгінді мен ұстаймын, менің үстем болғым келеді дейді жанұшыра жа­ғаласып. Бірақ сенің жұлқи тартқан бір тұза­ғыңның ар жағында сан қулық, сан айла жат­қанын шүу дегенде аңғару қиын. Екеуің шарт­па-шұрт, сартпа-сұрт қайшыласа тар­тысқан апай-топайдың үстінде сен қас-қа­ғымда екі-үш қармақты бір-ақ тастайсың. Қарсылас қайсынан қорғанарын білмей, есі шығады. Ұпайдың иісі шыққан тұсты іліп түсесің. Өзіңнен ұтылғаннан кейін дү­ние­жүзінің бірнеше чемпионатын қатарынан қыран жапқандай қылған әзірбайжан балуаны Жейхұн Мамедов Алматыда сенің осындай шым-шытырық есебіңнің шешуін тап­пай, амалсыз бармағын шайнады. Са­ха­ның қазақтан аумайтын жұқалтаң балуа­ны, сол тұста жер шарындағы ең айтулы ше­бердің бірі Николай Цыпандин финалда се­ні жығу үшін күрестен тоқыған бар ілімін, кілемде үйренген бар әдісін салып бақты. Бі­рақ сенің Батыр Қуанышев ағаң санаңа құйып тастаған ілімің мен Қанат Бай­шо­лақов, Алмас Мұсабеков, Айтжан Шаң­ғараев­тармен тартысып жүріп шыңдаған қор­ғанысың мен шабуылың одан басым шықты.

Иә, Асқар дос, сен сексен тоғыздың жа­зын­да Кеңес Одағының чемпионы болған сәт­те талай тілеулесіңнің кірпігінде ыстық жас мөлдіреді.

Шай­хиев қазақ күресінің нағыз май­тал­маны еді. Әсіресе, іштен орап лақтырғанда жан шыдатпайтын. Асқардың  бұл әдісіне іліккен түйе балуандардың өзі тырапай асып жатушы еді. Сосын шалқая бере кеу­деден асыра тастауға керемет шебер болды. Ал қарсыласын иықтан асыра лақтыруды көзін жұмып жасай беретін. Тоқсан бірінші жылы КСРО Одағы халықтарының спар­та­киадасында Шайхиев жүлдеге қол созым жер­де молдаван балуанын ұтып тұр еді, тө­ре­шілер көпе-көрнеу жолын кесіп жі­бер­ді...

Ары қарай Америка сапары кезекте тұр­ған. Ақадал теріңмен жолдамасын ұтқан дү­­­ниежүзілік чемпионат. Бірақ құрлық ба­сып, мұхит асу үшін тағы бір сынаққа тап бол­дың. Кеңес құрамасы бапкерлерінің ішін қызғаныш тырнап, сені құрама жиы­нында күнде өлшейтін кепке тіреді. Қалған то­ғыз балуан алаңсыз, салмақ өлшеу деген пә­леден аулақ, – жүйелі, жоспарлы машық­қа көшсе, сен ызғары бетіне тепкен, шоң кеуде жаттықтырушылардың мүйіздеуімен күніне екі-үш рет салмақ тексертіп, іштен тынып жүрдің. Осындай жүйке жонған күндердің бірінде Қазақстан құрамасының бас бапкері Михаил Шепетюк Кеңес самбо құрамасының бас жаттықтырушысына: «Одақ құрамасында үш қазақстандықтың болғаны ауырлау шығар. Асқар Шайхиев пен Сергей Волобуев күресіп қайтсын. Мен үйде қалайын» дейді. Мәскеуліктерге керегі осы екен. Осыдан кейін Асқардың орнына Николай Цыпандин барса деген сыбыр-кү­бір әңгіме, жөнсіз салмақ өлшеу сап тиыл­ды.

Сөйтіп, бүкіл Орал өңірі самбошыларынан бі­рінші болып әлем кубогын ұтып, одан кейін тұңғыш Одақ чемпионы атағын бағындырған Асқар дос 1989 жылдың қара­ша айында Жайық бойы балуандарынан ең алғашқы әлем чемпионы атанды. Бұл жеңісте оның ұстазы Батыр Қуанышевтың ең­бегі зор. Батыр ағасы Асқар шәкіртін жан-жақты шыңдау үшін небір мық­ты­лардың қасына қосты. Кеңес Одағының ең­бек сіңірген жаттықтырушысы, он жыл­дан аса «Урожай» ерікті спорт қоғамы одақ­тық құрамасының бас бапкері болған Ма­рат Жахит ағамыз: «Батыр бапкерлік дең­гейі жоғары, тік мінезді, шындықты сүйетін аза­мат еді, – дейді осыдан 30-35 жыл бұрын­ғы тарихты қайта жаңғыртып. – Ас­қар­дың шеберлігін ұштай түсу үшін Жам­былға жаттығу жиынына екеуі жиі келетін. Ол кезде Жамбылдың самбо мектебі дүр­кі­реп тұрды. Жеңіл салмақта әлем чемпионы Қанат Байшолақов, Еуропа және Одақ чем­пионы Алмас Мұсабеков, Кеңес Ода­ғы­ның жүлдегері Айбатыр Махмұтов және жас­тар арасында одақ біріншілігінің жүл­десін олжалаған Берік Жирентаев, Олег Ли, тағы басқа күшті балуандармен тартысқа түсу Шайхиевтің кемеліне жетуіне көп ық­пал етті. Асқар кей әдісі көңілінен шықпай жат­са, соны жете меңгергенше тыным тап­пайтын. Ол ортасына сыйлы, көпшіл, тәр­биелі жігіт еді...»

Оралда Батыр мен Асқардың қадірін бі­летін Райбек Меңдіғалиев деген азамат бар. Әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыровтың ұстазы. Сол Райбек Асқар ағ­асы туралы мынадай естелік айтты: «Шай­хиев қазақ күресінің нағыз май­тал­маны еді. Әсіресе, іштен орап лақтырғанда жан шыдатпайтын. Асқардың бұл әдісіне іліккен түйе балуандардың өзі тырапай асып жатушы еді. Сосын шалқая бере кеу­деден асыра тастауға керемет шебер болды. Ал қарсыласын иықтан асыра лақтыруды көзін жұмып жасай беретін. Тоқсан бірінші жылы КСРО Одағы халықтарының спар­та­киадасында Шайхиев жүлдеге қол созым жер­де молдаван балуанын ұтып тұр еді, тө­ре­шілер көпе-көрнеу жолын кесіп жі­бер­ді...».

Міне, Асқар дос, өзің туралы естеліктердің бір парасы осы. Өткенді ақ қағазға түсіріп отырып, өзіңе деген сағынышым кеуде тұ­сым­ды шым-шым еткізді. Мәңгілік мекенің жән­наттан болсын, Асқар бауыр!

 

Қыдырбек РЫСБЕК