Қазақстандық волейболшы – «Вьетнам телевидениесінің аруы»

Газет мақаласы Айқын газеті №124

Қазақстандық «Алтай-2» командасында өнер көрсететін волейболшы қыз Динара Сыздықова вьетнамдық VTV Cup телеарнасының дәстүрлі мегатурниріне қатысты. Командасы өз тобында соңғы орын алса да, Динара марапатсыз қалған жоқ. Ұйымдастырушылар оған турнирдің ең сұлу қатысушысы деген атақты табыстаған.

Қазақстандық волейболшы – «Вьетнам телевидениесінің аруы»

Бұл турнирде ең әдемі қатысушыны анықтау бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Турнир барысында журналистер, бапкерлер және команда өкілдері әр спортшыны жеке бақылап, өз үздіктерін таңдайды. Биыл бұл атаққа Динара Сыздықова лайық деп танылған. Көпшілігі оны «Тақтар тартысы» сериалындағы кейіпкер Эмилия Кларкқа (Дейенерис Таргариен) ұқсатқан.

Марапаттау салтанатында Динара 300 доллар көлеміндегі сыйақы да алған. Ол – осымен үшінші VTV Cup аруы атағын еншілеген қазақстандық волейболшы. Бұған дейін бұл мәртебелі атаққа Әлия Батқұлдина мен Зарина Сейітқазиновалар ие болған еді.