Хиджабпен жекпе-жекке шыққан иран қызы 19 секундтың ішінде жеңіліс тапты (видео)

Ол елде хиджаб киюден бас тартқан 100-ден астам қыз түрмеге отырғызылған

Хиджабпен жекпе-жекке шыққан иран қызы 19 секундтың ішінде жеңіліс тапты (видео)

Самерех Киани есімді 23 жастағы иран қызы 23 қыркүйек күні ережесіз жекпе-жектегі алғашқы кездесуін өткізді. Сегіз бұрышқа хиджабпен шыққан қыз 19 секундтың ішінде жеңіліс тапқан.

Румынияда өткен жекпе-жекте Кианидің қарсыласы жергілікті спортшы Ана Мариа Пал болған. Иран қызы үшін бұл жекпе-жек алғашқы болса, Ана Мариа Пал осыған дейін 1 рет жеңіп, 3 рет жеңілген екен. Екі қыз осыған дейін де бір-бірімен кездескен. Бірақ кикбокс ережесі бойынша. Сол жолы Киани қарсыласын жеңіп кеткен.

Жекпе-жек бастала салысымен румын қызы бірден белсенді түрде шабуылға шығып, иран қызын мойнынан қылғындыра ұстаған. Ақыры осы әдіспен кездесуді тоқтатқан. Іске рефери араласқаннан кейін барып Киани жерге ес-түссіз сұлап түскен.

Ол бірнеше секундтан кейін өз-өзіне келген. Самерех Инстаграм желісінде өте белсенді. Ол өз парақшасына үнемі жаттығу, кездесу, балалармен жүздесу фотоларын жүктеп отырады. Бірақ үнемі не орамалмен, не спорттық хиджабпен жүреді.

Иранда спортпен айналысатын қыздардың хиджаб тағып жүруі қатаң міндеттелген. Мәселен, осы талапты орындаудан бас тартқан 24 жастағы боксшы Садаф Хадем қазір карьерасын Францияда жалғастыруда. Былтырдың өзінде хиджаб киюден бас тартқан 100-ден астам қыз түрмеге отырғызылған.