Тұралаған туризмді қайтеміз?

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 166

Бүгінде туризм дүниежүзілік ішкі өнімнің 10,9 пайызын, инвестицияның 7 пайызын құрап, өте маңызды рөлге ие болып отыр. Ал бізде жылына 6,5 млн адам iшкi туризм қызметiн пайдаланса, шетелге шығатындар саны 9 мил­­лионнан асады. Туризмнің ішкі жалпы өнім­дегі үлесi – 1,6 пайыз. Оның ішінде iшкi туризм­нің үлесi 1 пайыздан да аз. Себебі сол, Қазақстанның мүмкiндiктерiн пайдалана алмай отырмыз.

Тұралаған туризмді қайтеміз?

Туризм – біздің көздің жауын алатын биік-биік ғимаратымыз, әсем қаламыз емес. Туризм – қазақтың кім екенін көзбен көрсететін көрікті мекеніміз. Бір ғана Алатаудың баурайында мұндай жерлеріміз өте көп. Мәселе сол жерлердің жанданып, нағыз туристік орталыққа айнала алмай тұрғандығында.

Ел экономикасының бірден-бір тармағы саналатын – туризм саласы да мемлекет тарапынан қолдауды қажет етеді. Биыл еліміздегі туризм индустриясын дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы басталды. Сала мамандары жаңа бағдарламаны табысты іске асыру үшін бұрынғы құжаттарда жіберілген қателіктерді ескеріп, қаржыландыруды қолға алды. Сондай-ақ ішкі туризмде саяхат құнын арзандатып, өңірлердегі туристік орындардың дамуын да назарға алуда. Бірақ тұралап қалған туризмнің бағын осы бір бағдарлама ғана аша ала ма? Мәселе – сонда. Жалпы, бізде дәл осы туризмге қатысты талай бағдарлама басталып, осындай жетістікке жетеміз деген жобалар болмады емес, болды. Ендігі осы жолғы бағдарламаның да соңы солай сұйылып кетпесе дейсің.

Елімізде «бір оқпен екі қоянды атуға» әбден болады. Дегенмен туризм саласының бәсекеге қабілетін арттырып, оның үлесін 2023 жылға қарай 8 пайызға дейін жеткізуді мақсат ететін бағдарламаның басталғаны көңілге сеп. Біз бүгінде нарықтағы үлесті жоғалтып, сол арқылы кірісті жоғалтып жатқанымызды ескерсек, Елбасы пәрменімен қолға алынған бұл бағдарламадан күтеріміз де көп.

Мемлекеттік бағдарламаның басты ядросы – туристендіру картасы. Картаға 60 туристік нысан кіреді, олардың басым бөлігі Қазақстанның аймақтарында, сондай-ақ сауалнама нәтижелері бойынша елдегі туристердің үлкен ағынын қамтамасыз ететін ТОП-10 орындары бар. Олар бүгінде 3,2 млн келушілерді қабылдаса, жалпы, 13 млн келушілерді қабылдауға мүмкіндігі бар. Ол алдағы 5 жылда 5 млрд инвестицияны қажет етеді. Оның 30 пайызы ғана бюджеттен бөлінеді. Қалған инвестициялар жергілікті бизнестен болмақ. Әрине, жобаларды іске асыруда қажетті инфрақұрылым қажет. Мысалы, бір ғана Алакөлге апаратын жолдың сапасыздығы мен бұл аймақтағы инфрақұрылымның тапшылығына қарамастан, 2017 жылы 1 миллионға жуық адам барған. Өкінішке қарай, осындай қызмет көрсету стандарттарына сәйкес келмей отырған он­дық­тың қатарында СҚО Шалқар-Имантау көлдері, Баян­ауыл, Балқаш, Шортанды-Бурабай курорттық аймақтары бар.

Енді отандық туризмге келейік. Туристерді не қызықтырады? Осы жерде мықтап ойлануымыз керек. Қонақтарды сол елдің тарихы, тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, дәстүрі қызықтырады. Олар өздерінде жоқты өзгеден көргісі келеді. Біз осыған дайынбыз ба? Қолда бар құндылықты насихаттай алып отырмыз ба? Жоқ!


Азияны айтып, аңсамай-ақ, іргеміздегі Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолияны алайықшы. Оларға біздегідей емес, әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып жатады. Елімізге келетін туристер санын осы елдермен салыстырғанда төмен. Көрсетілетін қызмет халықаралық стандарттар жүйесіне сай емес. Мамандар күні бүгінге дейін осы этнотуризмді, жайлау туризмін дамытуды айтып келеді. Бірақ оны қолға алған нақты бастама әлі күнге дейін қара көрсеткен жоқ. Осындайда ұлттық ойындарымыздан, киіз үй, саятшылық және басқа да көшпенді дәуірдегі ұлттық ерекшелігімізден өзіміз қашып отырғандай күй кешетініміз бар. Әйтпе­се, «көшпенділер өркениетін» иемденіп, дәл осы сала­дағы үлкен жетістіктеріне айналдырып отырған моңғолдарға жете алмай отырмыз емес пе? Дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, бізге ұлттық парктерді дамыту керек. Тарихымыздан, мәдениетімізден хабар беретін көшпенділер дәуірінің паркін жасау қажет. Біз сонда ғана туризмнің дамуына үлес қоса аламыз. Біз өзгеге тек қана ұлттық ерекшелігімізбен ғана тартымды бола аламыз.

«Туризмді дамытуға қаржы аз бөлініп жатқан жоқ. Түрлі бағдарламалар жарияланып, жұмыс істеліп жатыр. Бірақ нәтиже жоқ. Неге? Өйткені оған ықылас жоқ. Оған жауаптылардың бәрі тек есеп берумен отыр. Өйткені қымбат мұнайдың арқасында біз әлі ашыққан жоқпыз. Сондықтан мұның жалғыз жолы туризм министрлігін жеке ашу ғана» дейді дейді әлеуметтанушы Ерлан Қуантқанұлы.

Елімізде 9 000-нан астам археологиялық және тарихи ескерткіш, 118 ерекше қорғалатын табиғи аймақ, оның ішінде 11 мемлекеттік ұлттық табиғи парк бар. Әсіресе, Алматы облысындағы «Алтынемел» және «Іле-Алатау ұлттық паркі», Павлодар облысындағы «Баянауыл», сондай-ақ Ақмола облысындағы «Көкшетау» және «Бурабай», «Тамғалы тас» жартас суреттері, Шарын шатқалы, «Айқайқұм» және сақтардың «Бесшатыр» қорымы да туристерді тартуға ыңғайлы. Тау шаңғысымен айналысуға барлық жағдай бар. Тіпті, бұл жағынан биік таулы мемлекеттермен бәсекелесе аламыз. Алматының жоғары жағында орналасқан «Шымбұлақ» және «Медеу» тау кешені, Ақмола облысындағы «Щучинск-Бурабай» демалыс аймағы бұған дәлел.

Жерасты байлығы көп әлем елдерінің көбісі туризм­ді дамыту арқылы да табысқа кенеліп отыр. Ал біз Дүниежүзілік туристік ұйымының мүшелігіне енгенімізге ширек ғасырдан асса да, бұл салада кенже­леп қалдық.

Егер бізде туризм өз деңгейінде дамыса, өзге елден келушілерді айтпағанның өзінде, өзіміздің отандастарымыз Дубайға емес, Бурабайға, Түркияға емес, Түргенге тартар еді…