Баянауылға ерекше көңіл бөлінбек

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 181

Қазақстанда туризмді дамытудың барлық тетігі бар. Көрген адамды өзіне тар­тып, көріктілігімен там­сан­дыратын жер жет­кілікті. Соның бірі – Баянауыл. Міне, осыны ескерген Үкімет  Баян­ауылдың туризмін бес жыл­да дамыту мақсатына 17,5 млрд теңге бөлуді жос­парлап отыр.  

Баянауылға ерекше көңіл бөлінбек

Баянауыл тамаша табиғатымен ғана емес, туристерді мәдени та­рихи мұраға бай өңір ретінде де қарсы алады. Ертедегі үңгір­лер мен қойнаулардың қабыр­ға­сындағы жұмбаққа толы суреттер, қор­ғандар мен балбал тастар ежел­гі адамдардың қолымен жасалған. Ескерткіштердің ең белгілісі балбал тастар болып саналады, әдетте бұлар шығыс жақтан немесе 7-8 метрлік көлемдегі шаршылы қоршауды көрсетеді. Айта кету керек, Баянауыл елді мекені 1985 жылы Ұлттық табиғи саябақ ста­ту­сына ие болды. Саябақ таби­ға­ты өте ерекше жаралған таби­ғатымен әйгілі. Баянауыл таулары батыстан шығысқа қарай 40-50 шақырым, солтүстіктен оңтүстікке қарай 20-25 шақырым. Ең биік нүктесі – Ақбет тауы, ол 1 026 метр биік­тікте. Таулы-орманды оазис 450 шаршы шақырымды алып жатыр, оның негізгі ерекшелігі – Кемпіртас, Көгершін,  Найзатас, Аттың басы, Тас жастықтар сияқ­ты жаратылысы өзгеше  жартас­та­рында.  Баянауыл елі шеті ап­пақ болып көпіріп жататын Сабын­дыкөлдің жағасында орын теп­кен. Көлдің ауданы 7,4 шаршы шақырымды алып жатыр. Әйгілі Жасыбай көлі тау сілемдерінің орта­сында мен мұндалап тұр. Ауда­ны – 4 шаршы шақырым. Жасы­бай, Сабындыкөл және Торай­ғыр көлдері жыл сайын мың­­даған туристі қарсы алады, сол себепті көл жағалауларында де­­малыс үйлері мен пансионат көп­теп орналасқан.


Міне, осы Баянауылда туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын Қазақстан Үкіме­ті бекітті. Бағдарлама 2019-2025­ жыл­­дарды қамтымақ деп жаза­ды  inbusiness.kz. Павлодар об­лыс­тық туризмді дамыту және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашевтың айтуынша, бағдарлама 10 бағыттан тұрады. Атап айтқанда, экология, көрік­тен­діру, әуежай, жол, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы инфра­құрылымдарын дамыту, ұсы­­­нылатын өнімдерді кеңейту, ин­вес­тор тарту, кадрлық стратегия, оқиғалар күнтізбесі, маркетинг және жарнамалау секілді бағыттар бар. Аталған 10 бағыт бойынша 30-дан астам жоба жүзеге асырылмақ. Оған 17,5 млрд теңге бөлінеді деп жоспарлануда. «Туризмді дамыту үшін алдымен қажетті ин­фрақұрылыммен қамтамасыз ету керек. Бірінші кезекте, жол мәсе­лесін реттеу қажет. Сондай-ақ білікті кадрлар даярлау мә­се­­ле­сі де өзекті. Бағдарлама ая­­сын­да Торайғыр ауылына апа­ра­тын 16,6 шақырымдық жол жөн­делетін болды. Жоба 646 394 теңгеге бағаланып отыр. 2020 жылы Жасыбай көліне дейінгі 15 шақырымдық жол жөнделеді. Әзір­ше жобалық-сметалық құ­жат­­тар әзірленіп жатыр. Жасы­­бай­дан Қоңыр Әулие үңгіріне дейінгі аралықты жөндеу жоба­сы әзірленуде. Қиыршық тас тө­сел­ген жол 2020 жылы пай­да­лануға беріледі. Оған 121 млн теңге бағытталмақ», – дейді Ма­рат Айдашев. Сонымен қатар То­рай­­ғырдағы «Александровка» под­станциясынан Жасыбай де­малыс айлағына дейін электр желісі тартылатын болды. Жос­пар бойынша жобаға 834,1 млн теңге бөлінбек. Оның 774,4 млн теңгесі республикалық бюд­жет­­тен алынады. Бағдарлама шең­­­бе­рінде Баянауылға және Жасы­бай де­малыс айлағындағы үйлерге су­мен жабдықтау және су бұру желілері тартылмақ. Ал­ғаш­қы жоба бойынша «Павло­дар­­энер­го­проект» ЖШС-мен келі­сім­шарт жасалған. Бұл жобаға 6 млрд теңге бөлінеді деп күтілуде. «Мердігер қа­жетті материалдар мен құжат­тар­ды жинап, сараптама­дан өткізуі қажет. Содан кейін жоба Баянауыл ауданы әкімдігінің балансына өтеді. 2021 жылға дейін аудан орта­лығында су бұру желісі пай­да болады» деп нақтылады Марат Айдашев. Сонымен қатар 2020 жылы туристік нысандарға апа­ратын жолдарды жөндеу жоспар­лан­ған. Мәселен, Жасыбай – Қо­ңыр Әулие – Біржанкөл – Мәш­­һүр Жүсіп кесенесі бағы­­тын­­дағы жолды жөндеуге жер­гі­лікті бюджеттен 427 млн теңге бөлінеді. Келер жылы Баянауылда биодәретханалар, орындықтар мен қоқысты бөлек жинауға арналған контейнерлер орнатылады. Сон­дай-ақ киелі орындардың бағытын көрсететін арнайы белгілер қойы­лады. Бұдан бөлек 2020 жылы жаңа демалыс үйлері, кешендер мен корпустар салынбақ. Сондай-ақ арқан саябағын, өрмелі қабырға және аэростатты іске қосу жос­пар­да бар. Баянауыл туристік ай­мағы Қазақстанның ТОП-10 инвес­ти­циялық жобаларының қатарына енген болатын. Биыл жазда мұнда 130 мыңнан астам адам демалған.


Әділ БЕК