Меймандар қазынаны толтырды

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 198

Жыл басынан шетелдік туристер елорда бюджетіне 1,9 миллиард теңге құйды. Бұл Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық шара­лардың берген нәтижесі десе де бо­лады.

Меймандар қазынаны толтырды

2019 жылы астанада түрлі форматтағы 600-ден астам шара ұйымдастырылған болатын, олардың 180-і – халықаралық деңгейдегі шара. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлікті дамыту және ин­вес­тициялар басқармасы хабарлады. Бас қалада ұйымдастырылған ең маңызды шаралардың қатарында отандық өндірушілердің ULTTYQ ÓNIM көрмесі, Астана экономикалық форумы, Азия жазушыларының І форумы, Қазақстан машина жасаушыларының VII форумы, Сот басқаруы жөніндегі Халықаралық қауымдастықтың 14-ші конференциясы, Жаһандық Инновациялық Саммиті, PATA TravelMart 2019 халықаралық туристік көрмесі, Еуразия мемлекеттері парламенттері спикерлерінің IV жиыны, XII KAZENERGY Еуразиялық форумы, DigitalBridge 2019 және SeedstarsSummit CEE 2019 форумдары бар. Сонымен қатар биылғы жылы Нұр-Сұлтан қаласында әлемнің үздік спортшылары хоккей, грек-рим күресі, еркін және әйелдер күресі, грэпплинг, киокушинкай каратэ және пауэрлифтинг бойынша әлем чемпионаттарында бақ сынады, триатлон және Ironman 70.3 әлем кубоктарында және «Астана Марафон 2019» шарасында жарысқа түсті. Шілде айында елордада әуе индустриясы саласының 350 өкілінің қатысуымен RoutesSilkRoad атты әуежайлар мен әуе жолдарының форумы өтті. Қазан айында 80 елдің 1,6 мың делегатының қатысуымен қала туризмі бойынша 8 ЮНВТО Жаһандық саммит өтті. Осы шараларға Нұр-Сұлтан қаласына 15 мың шетелдік турист тартылды. Ал келесі жылы бас шаһарда SmartCity EXPO World Congress, 12-ші БСҰ-ның Министрлік конференциясы, InvestPro, MachExpoKazakhstan 2020 бизнес-конференциясы, AgriTek Nur-Sultan 2020, Nur-Sultan Mining&Metallurgy Congress (NММ) 2020, TravelExpo Nur-Sultan сынды ірі шараларды өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, FiradeBarcelona көрмелік ұйымымен SmartCityExpoWorldCongress көрмесін ұйымдастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді. Міне, бұл шараларға да мейман көптеп келетіні анық.


ӘДІЛ БЕК