Зерделі Зеренді

Газет мақаласы "Айқын" газеті №102

Кең-байтақ өлкеміздің қойнауын табиғат байлығы бөктіріп жатыр. Олардың қатарында нулы орманымен, хош иісті шөбімен белгілі Зеренді де бар. Қарағайдың балтырын өбіп, батар күннің жалқынымен жарысатын айдын көлдің сұлулығын тек көзбен көру керек.
– Толқыныңның келбеті,
Тау түсіндей көк мұнар.
Кең болса да жер беті,
Өзіңдей көл жоқ шығар, – деп ақындардың кеудесіне дәл өзіндей өлеңді құя салған белгілі өлкеге «Айқын» газетінің ұжымы да аяқ басты...

Зерделі Зеренді

Нұр-Cұлтаннан шыққан тобымыз Зерендіге дейін жеңіл көлікпен 4 сағатта жеттік. Зеренді Көкшетау қыратының солтүстігін алып жатыр екен. Бұл өлке ну тоғай-орманымен, шатқалы мен таулы күмбездерімен әйгілі екені мәлім. Бізді де жасыл аймақ тынық ормандарымен, хош иісті шөптері­мен және қайын-қарағай сұлулы­ғы­мен қарсы алды.

Байқағанымыз, мұндағы таби­ғат Бурабайға өте ұқсас. Өңірге өздерінен жоғарыда арнайы төбе­лер мен тау жүйелерінен тұратын жа­зықтар тән болып келеді. Зерен­ді – теңіз деңгейінен 370 метр биіктікте орналасқан, құрылымы тектоникалық болып келетін көл.

Құрамында озоны бар шипалы ауа, саф ауаның барлығы мына тұрған бал қарағайлардың еңбегін­дей көрінді. Орман ішінде туристер сүрлеу жолдар бойымен ілби басып келеді. Машина және жаяу жол­дардан басқа мұнда ат және велосипед жүретін жолдар салы­нып­ты. Жолбасшымыздың айтуынша, мұнда қыстыгүні шаңғы тебуге болады. Құстар мен балықтарға бай көлдер мен орман­дар, шүйгін жайылымды жазық дала көне дәуірден бастап-ақ адам­дардың назарын өзіне аударған. Жаз болса өзінің ыстық лебін әкеліп, жеміс-жидек пен саңы­рауқұлақтарын кең дастар­қандай жаяды. Ал көл сулары балықтардың түр-түріне молаяды.


Зерендідегі туристік нысан­дардың барлығы Зерен көлін жаға­лай орналасыпты. Былтыр мұн­да тамашалауға 300 мыңға жуық турист келсе, биыл бұр көр­сет­кіш 400 мың адамға көбейген. Келуші­лердің жыл сайын артып отыруы таңғаларлық жағдай емес. Өйткені бұл жердің ауасының өзі ерекше. Тылсым табиғаты адамды өзіне еріксіз баурап алады.

Көкше жеріндегі аңызға айнал­ған, Сәкен әнге қосқан атақты сек­сен көлдің біразы да осы төңі­рек­те. Батысы таулы орман, шығы­сы кең жазық дала Зеренді, жаға­лауын түп-түгел қарағай қоршаған Қарағайлы, кең жазықта шалқып жатқан Айдабол, Шымылдықты тауының етегіндегі Шымылдықты, суы да, балшығы да жаңға шипа Жамантұз сортаң көл бар бұл жерде. Ал батысында суы тұщы Қараүңгір, балығы шоршыған Құмдыкөл сияқты да көлдер бар. Жасыл орман, алқапты кернеген жасыл шалғын, гүл бәйшешектің хош иісі араласқан таза ауаны айтсаңызшы. Оны тұшына жұту­дың өзі жанға – шипа, дертке – дауа. Келгендер мен келем деушілер бойға қуат беретін осы таза табиғатта серуендесе, құр аттай жұлқынары сөзсіз.

Айта кетерлігі, Зерендінің орманын, тау тасын аралаймын дегенге маршрут жасалған, жүретін, жүгіретін жасанды және табиғи сүрлеулер көп. Келушілерге ыңғайлы қонақүйлер қызмет көрсетеді. Әрбір номер климатты реттеу жүйесімен, спутникті TV, телефон және шағын бармен жабдықталған. Мәселен, «Зерен», «Тұлпар» демалыс орталықтары­ның мәжіліс, семинар, іскери шаралар мен бизнес-кездесулерді өткізуде тәжірибесі мол. Белсенді демалысты қалайтын адамдар үшін кәсіби теннис корты, бильярд, жабық бассейн, тренажер залы, үстел үсті теннис, волейбол және баскетбол алаңдары, салт атпен серуендеу, велосипед тебу, су скутерлері, катерлер қарастырыл­ған. Қыс кезінде шаңғымен, шана­мен сырғанап, қарда жүргіштермен және салт атпен серуендей аласыз. Кез келген уақытта орман алқап­та­рында дайындалған маршрут­тарға саяхат жасауға және аңға шығуға немесе балық аулауға болады. Әсіресе, көлде мекендей­тін шортан, рипус, тұқы, мөңке балық, алабұға, торта балықтары өлкенің барлық балықшының көзін қыздырады.

Мұндағы мейманханалар Еуро­па және ұлттық асхана тағам­дарын ұсынады. Орман жидектері мен саңыраукұлақтар да қашанда дастарқаныңыздан табылады. Біз де бұл демалыс орындарын аралай жүріп, бұған көз жеткіздік. Шоу-бағдарламалардың, би кештерінің куәсі болдық. Қайың ағаштарынан жасалған бассейні мен денсаулық кабинеттерінің орны, тіпті ерекше. Денсаулығыңызды қалыпқа келтіру­дің таптырмас мүмкіндігі.

Біз табан тіреген тағы бір демалыс орны – Aurora garden. Алдыңғы екеуінде келушілер емдік шаралар қабылдауға көбірек көңіл бөлсе, мұнда нағыз отбасылық серуенге үлкен мүмкіндік бар. Ең алдымен, қайыққа отырып, Зерен­ді­нің о шеті мен бұ шетіне саяхат жасай аласыз. Бұдан бөлек, бала­ларға арналған түрлі саябақтар бар. Нақтырақ айтқанда, отбасы­лық демалыс орны деуге көбірек келеді.

Демалыс орындарын бүйірлеп кететін жалғыз аяқ жолмен Зерендінің биігіне қарай бет алсақ, алдымыздан шебер табиғаттың құдіретімен құйылып түскендей қамал шығады. Бұл ғажап орында бар қазаққа ортақ барлық құндылықтар сақталған. Біздің көзімізге иен даланың байлығы қасиетті аңдардың терілері мен 300 жылдан бері келе жатқан самаурын түсті. Болашақта бұл орынды музейге айналдыру мүмкіндігі бар екеніне көзіміз жетті.

Осындай әсерлі көріністер сыр мен сымбатты үйлестіріп, сұлулық атты қымбаттың қадірін арттырды. Көкірегіміз керемет көңіл күйге шүпілдеп толды. Көңіліміз ғажап сезімге бөленді. Зерендіден зерде­міз­ге зерлі дүние тоқып қайттық.